Редакция таңдауы

Партиялық бақылаудың пәрменділігі қаланың дамуына ықпал етеді

AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалында Партиялық бақылау комиссиясы мен партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы өтті. Отырысқа партия филиалының басшылығы, басқарма өкілдері және депутаттар қатысты.

Жиынды партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев жүргізіп, оған партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Берген Ержаппар, сондай-ақ Шымкент қаласы бойынша бірқатар басқармалардың басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты.
Отырыста AMANAT партиясының Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасы мен Жол картасының іске асырылу барысы талқыланды. Сонымен қатар Шымкент қаласы әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының 2024 жылы атқарған жұмыстары қаралды. Атап айтқанда өткен жылы іске аспаған міндеттер мен қол жеткізілмеген мақсатты индикаторлар талданып, 2025 жылға арналған жоспарлар пысықталды.
Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Құдірет Жүсіпов атқарылған жұмыстар туралы баяндап, сайлауалды бағдарламадағы орындалмай қалу қауіпі бар деген бірнеше тармақ туралы мәлімет берді. Олардың орындалмау себептерін түсіндіріп, мәселелерді шешудің жолдары туралы да айтты.
Жиын барысында басқарма өкілдеріне түрлі сұрақтар қойылып, қатысушылар өздерінің көкейіндегі сауалдарына толық жауап алды. Бұл отырысты Шымкент қаласының экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында партияның жұмысын әрі қарай тиімді етуге бағытталған маңызды қадам деп бағалауға болады.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар