Редакция таңдауы

Заңды білу – заман талабы

Шымкент қаласындағы Орталық Азия Инновациялық университетінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру, құқықбұзушылықтың алдын алу және өзекті құқықтық мәселелерді талқылау. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары және жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Шараға қатысқандардың қатарында Шымкент қаласы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Шыңғыс Жайлаубек, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карбеков, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университетінің Жастар орталығының директоры Ақан Бесбаев, AMANAT партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бекзат Төлебай, сондай-ақ Орталық Азия Инновациялық университетінің Бизнес және Құқық факультетінің деканы Мұхаммеджан Тусеев болды.
Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының мамандары жастар арасында құқықбұзушылықтың жиі кездесетін түрлерін, оның ішінде киберқылмыстар мен есірткіге байланысты құқықбұзушылықтарды ерекше атап өтті. Олар құқықбұзушылықтар орын алған жағдайда, заң аясында қандай жауапкершіліктер қарастырылғаны туралы түсіндірді.
Дөңгелек үстелге қатысқан студенттер құқықтық мәселелер бойынша пікірлерін ашық білдіріп, мамандарға сұрақтар қойды. Қатысушылар арасындағы диалог мазмұнды және тиімді болды, жастар өздерін қызықтырған сұрақтарға нақты жауап алды.
Ұйымдастырушылар осындай іс-шаралардың жастарға құқықтық білім алуға және өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтіп, кездесулерді алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар