Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру жолында адам құқықтары мәселесіне баса мән беріп отыр. Мәселен, елімізде соңғы жылдары Конституциялық Сот құрылып, Бас прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл конституциялық мәртебеге ие болды. Дегенмен, елімізде заң үстемдігі салтанат құруы үшін халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет.
Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда көптеген азаматтардың құқықтық, қаржылық сауаттылығы әлі де болса төмен күйінде қалып отыр. Соның салдарынан олар сотта немесе басқа да мемлекеттік органдарда өз мүдделерін қорғай алмай жатады. Әсіресе, өңірлерде тұрғындардың бәрі бірдей кәсіби құқықтық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Осыған орай «AMANAT» партиясы «Құқықтық көмек» атты партиялық жобасын қолға алғаны белгілі.
«Құқықтық көмек» партиялық жобасы шеңберінде заңгерлер жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үшін елді мекендерге арнайы барады. Яғни, сотта, қылмысты қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етуге, арыз-талап толтыруға, өзін қорғауға көмек көрсетіледі. Тұрғындарға қаржы және құқықтық мәселелер бойынша түрлі кеңес беріледі. Сондай-ақ, сәулет, еңбек, тұрғын үй қатынастары саласы және халықты толғандыратын өзге де мәселелер бойынша заңнаманы түсіндіреді. Расында, әділдік пен заңның үстемдік құруы осындай нақты істерден басталады.
Өткен аптаның соңында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өтті. 2025 жылдағы алғашқы қоғамдық қабылдауға жалпы 15 адам жазылған. Бәрі де әлеуметтік мәселелермен келген.
Кезекті іс-шарада заңгерлер, адвокаттар, медиаторлар мен Әділет департаментінің мамандары тұрғындарға құқықтық көмек көрсетті. Заңгерлер Палатасының заң консультанты Анара Мырзағалиева, Әділет департаментінің қызметкерлері азаматтардың мәселелерін мұқият тыңдап, заң аясында шешу бойынша тегін құқықтық кеңес берді.
Тұрғындар банктен алған несиелерін жабу немесе жеңілдету, алаяқтарға алдану, жалақысын кешіктіру, жылу беру мәселелері бойынша құқықтық көмек сұрайды. Құрсай шағынауданының тұрғыны Күлан Татаева микронесие ұйымынан алған қарызын төлеуді жеңілдетуді өтінді. 6-7 ай төлем жасағаннан кейін бірқатар қиындықтарға тап болған. Заңгерлер зейнеткерге заң аясында кеңестер беріп, қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қоғамдық қабылдаулар азаматтардың өз мәселелерін жеткізіп, нақты шешімдер алуына ықпал етеді. Алдағы уақытта да партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында қоғамдық қабылдау жалғасын табады.
Тағабай ҚАСЫМОВ