Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бүкіл әлем бойынша кездесетін, миллиондаған адамдарға залалын тигізетін күрделі проблема. Бұл жағдайдың құрбаны болғандар мен олардың айналасындағы адамдардың денсаулығына ауыр зияны тиіп, жан-дүниесінде өшпес із қалдыратыны ащы шындық.
Бүгінде Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жұмыс жүйелі әрі тұрақты түрде жүргізіліп келе жатыр. Атап айтқанда, осы саладағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кейбір түрлері бұрынғыдай әкімшілік іс ретінде қарастырылмай, ол үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелетін болды.
Мұндай проблеманың алдын алу үшін тек заң аясындағы жұмыстар жеткіліксіз екені белгілі. Сол себепті елімізде құқықтық сананы қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттай отырып, халықтың менталитеті мен тұрмыстық мәдениетін жетілдіру бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, отбасында, мектептерде және қоғамда эмоционалды сауаттылыққа үйрету адамдарға өз сезімдерін білдіруге және қақтығыстарды зорлық-зомбылықсыз, өзара келісіммен, мәмілемен шешуге көмектеседі. Бұл дағдылар зорлық-зомбылықтың алдын алуға ғана емес, жалпы қоғамдағы қарым-қатынастың сапасын жақсартуға да ықпал етеді.
Осы орайда Шымкент қаласында қаңтар айының 20-29 күндері аралығында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Мұндағы басты мақсат – отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастарда жасалатын ауыр және аса ауыр қылмыстарға жол бермеу, құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жағдайды тұрақтандыру.
Бұл іс-шара жақында Еңбекші аудандық полиция басқармасының ұйымдастыруымен жалғасын тапты. Полиция қызметкерлері сот тарапынан тәртібіне ерекше талаптар белгіленген азаматтардың тұрғылықты мекен-жайларына барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы бізге Шымкент ҚПД Еңбекші АПБ ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Сара Талғатқызы айтты.
— Жоспарға сәйкес криминогендік жағдайды сауықтыру, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында, Шымкент ҚПД Еңбекші АПБ ЖПҚБ-нің қызметкерлерімен біршама жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, спирттік ішімдіктерге әуес, отбасы-тұрмысы саласында құқық бұзушылықтар жасайтындар және тұрмысы нашар отбасылар мен тізімдік есепте тұрған азаматтарды, әкімшілік учаскелердегі тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді,-дейді ол.
Сондай-ақ, Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы №3 арнаулы әлеуметтік дағдарыс орталығымен тығыз жұмыс жасайды. Мәселен, “Ана үйі” қоғамдық қорынан қызмет алушылар полиция бақылауында. Ал, “Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ден қою алгоритмі”, “Заң және тәртіп” тақырыптарында Шымкент қаласы №36, №43, №97 жалпы орта білім беру мекемелерінде білім алушылар мен мұғалімдер арасында құқық бұзушылықты болдырмау және оның алдын алу мақсатында профилактикалық дәрістер жүргізілген.
Айта кетейік, 2024 жылдың маусым-желтоқсан айларында Шымкент қаласында тұрмыстық жанжал мен зорлық-зомбылыққа қатысты 6 мыңға жуық іс тіркелген. Сондай-ақ, 756 тұлғаның мінез-құлқына полицияның ұсынысымен сот арқылы ерекше талаптар белгіленді. Оларға алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынды. Олар 3 айдан 1 жылға дейін есепке алынып, полицияның бақылауында болады. Профилактикалық жұмыстар жүргізу барысында қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 461-бабы бойынша 377 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, тұлғаның мінез-құлқына полицияның ұсынысымен сот арқылы қойған ерекше талапты бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтҚ-нің 669-бап 2-бөлігі бойынша 364 тұлғаға әкімшілік шара көрілді.
Г. ТЕМІРХАНҚЫЗЫ