Статистика деректері бойынша бүгінгі таңда Шымкент қаласында 130 мыңнан астам жеке кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Оның ішінде бір адамнан тұратын жеке кәсіпкерлік субъектілері де, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер де, шаруа қожалықтары мен фермерлер де бар. Осыншама іскер қауымның жоғын түгендеп, мұңын мұңдайтын коммерциялық емес ұйым – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы.
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2013 жылдың 9 қыркүйегінде ҚР Үкіметі және «Атамекен» Одағы» Қазақстанның ұлттық экономика палатасының бірлескен шешімімен құрылған. Сол жылы еліміздің барлық аймағынан өңірлік кәсіпкерлер палаталары ашылды. Шымкент қаласы 2018 жылы республикалық маңызы бар қала атанғалы бері Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы да жұмыс істеп келеді.
– Кәсіпкерлер палатасының басты мақсаты – елімізде кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау, бизнес пен билік арасында тиімді серіктестік орнату, сонымен қатар, бизнестің заңды мүдделерін және құқықтарын қорғау. Кәсіпкерлер палатасы өз қызметімен кәсіпкерліктің, соның ішінде ішкі және сыртқы сауданың барлық салаларын қамти отырып, шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді. Ұлттық палатаның қызметі инвесторлар үшін бизнесті жүргізу шарттарын дамыту, тұрақтылық, инвестициялық климатты жақсартуға да бағытталған, – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.
Осы бағытта өңірлік кәсіпкерлер палатасы негізгі ірі үш – құқықтық, экономикалық және әлеуметтік бөлімнен тұрады.
– 2024 жылы Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлерден 85 арыз-шағым түсті. Соның ішінде 35 сұрақ кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп, жалпы сомасы 119 млн теңге болатын мүліктік құқығы қорғалды. Осы тұста айта кету керек, Палата жанынан Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі құрылған. Кеңес мүшелерінің құрамында қалалық прокуратурадан бастап барлық бақылау-құзырлы органдарының, қалалық әкімдік басқармаларының, аумақтық департаменттердің бірінші басшылары бар. Өткен жылы кеңестің 8 отырысы өтіп, жалпы 13 мәселе қаралды. Кәсіпкерлердің ең жиі түсетін сұрақ – жер және сәулет саласына қатысты. Жоғарыда айтқан 85 арыз-шағымның 43 пайызы осы мәселеге қатысты. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу, жол және логистика, салық салаларына қатысты сұрақтар да түсіп жатады. Бизнес-қауымдастықтың құқығын қорғау мақсатында Кәсіпкерлер палатасы соттармен, прокуратура және экономикалық тергеп-тексеру департаментімен меморандум түзген, – деп жалғастырды Сабира Құршидқызы.
Іскер азаматтармен арадағы өзара байланысты жақсарту мақсатында Кәсіпкерлер палатасында 9 салалық кеңес құрылған: Білім, Денсаулық сақтау, Өңдеу өнеркәсібі, Сауда және қызмет көрсету, Туризм, Құрылыс және ТҮКШ, Жеңіл өнеркәсіп, Агроөндіріс кешені мен тағам өнеркәсібі салалық кеңестері және Іскер әйелдердің салааралық кеңесі. Оларға жалпы саны 266 кәсіпкер және олардың өкілдері мүше. Араларынан төраға және оның орынбасарлары сайланған. Әр кеңестің саласына байланысты отырыстары өтіп, онда өзекті мәселелер мен сұрақтар көтеріледі. Кәсіпкерлер палатасы салалық кеңестердің жұмыстарына үлестірушілік жасап, кеңес отырыстарына жауапты мемлекеттік органдардың жетекшілерін шақырады.
– Кәсіпкерлер көтерген мәселенің көбісі салалық кеңестерде шешімін тауып жатады. Ал жүйелі проблемалар мен сұрақтар бойынша ұсыныс-талаптар жиналып, орталық аппарат арқылы тиісті орталық мемлекеттік органдарға жеткізіледі. 2024 жылы салалық кеңестердің 90-ға жуық отырысы өткізіліп, 60-тан астам мәселе көтерілді. Оның 26-сы – республикалық деңгейдегі сұрақтар. Жалпы 50-ге жуық мәселе оң шешімін тапты. Кәсіпкерлер палатасы ықпалын тигізген маңызды мәселелердің қатарында бөлшек салық мөлшерлемесін екі есеге – 4 пайыздан 2 пайызға төмендету, Шымкенттегі мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге субсидия бөлу, «Жайлы мектеп» жобасы аясында оффтейк келісімшарттардың түзілуі, дәрілік заттарды таңбалау, медициналық ұйымдарға жергілікті тұрғындарды тіркеу талаптарының өзгертілуі секілді кейстер бар. Соның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының Шымкент қаласында жүзеге асырылуының басы-қасында басқа жауапты органдармен бірге Кәсіпкерлер палатасы да жүрді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан жобаның басты мақсатының бірі – отандық тауарөндірушілерді қолдау. Осыған байланысты, қала әкімдігінің тікелей қолдауымен, жайлы мектептердің құрылысына шымкенттік тауар өндірушілер жұмылдырылды. Оның ішінде жергілікті жиһаз компаниялары білім ордаларын жабдықтауға белсене қатысты. Осы мақсатта Палатада Шымкент қаласы әкімдігінің, «Самұрық-Қазына» АҚ, құрылыс компаниялары және басқа да тиісті мамандардың қатысуымен бір жыл бойы жиындар, В2В кездесулер өткізіп, мектеп құрылысының бас мердігерлері мен жиһаз жасаушылар арасында келісімшарттар жасалуына мұрындық болдық. «Көрме» орталығында осы мақсатта арнайы көрме ұйымдастырылып, оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты, – дейді Сабира Адамбекова.
«Атамекен» ҰКП тарапынан соңғы уақытта жүзеге асырылған ірі жобалардың бірі – Инвестициялық карта туралы да айтып өтуге болады. Интерактивті инвестициялық карта Қазақстан бойынша ең алғаш болып Шымкентте 2024 жылдың жазында іске қосылды. Оның таныстырылуында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов және Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Жомарт Нұрғали өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Үшжақты келісім кәсіпкерлерге қолдау көрсету аясында инвестициалық картаны ендіруді және белсенді қолдануды көздейді.
Интерактивті инвестициялық картаға құны 443 млрд теңгеден асатын 59 жоба енгізілген. Жобаларды сүйемелдеу мақсатында «Invest Shymkent» және «Қазақинвест» АҚ-мен бірге «Бір терезе» қағидатымен тығыз жұмыс атқарылуда.
Интерактивті картаның көмегімен әр инвестициялық жобаның қалай жүзеге асырылып жатқанын кезең-кезеңімен бақылауға болады. Қажет болған жағдайда түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдері картамен танысып, түйткілді тұстар мен оларды шешу жолдарын анықтайды.
– Кәсіпкерлер палатасы 2024 жылы Шымкенттегі 3 700 кәсіпорынға сауалнама жүргізіп, 17 мыңға жуық бос жұмыс орны бар екенін анықтадық. Мамандарды көбейту мақсатында білім орындарына 11 мың грант қарастырылса, соның тең жартысы бизнестің өтінімдері арқылы болып отыр. Жұмыс күшін қалыптастыру үшін 24 колледже дуальды оқу жүйесі қолға алынып, 411 кәсіпкерлік субъектісі студенттерді іс-тәжірибеге қабылдауға дайын болды. Жалпы саны 7700 келісімшарт жасалды. Ал қысқа мерзімді оқу курстарын өткізу талаптарына сай деп танылған кәсіпорындарда әр шәкіртке мемлекет тарапынан 38 мың теңгеге дейін шәкіртақы тағайындалады. Осылайша Шымкент аумағындағы орта және кәсіптік білім ошақтарымен тығыз байланыс орнаған. Сонымен қатар, өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп атады. Осыған байланысты қалалық әкімдік және мемлекеттік органдармен бірге жұмыс жоспары құрылып, түрлі іс-шаралар жоспарлануда. Білім басқармасымен, кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасымен бірге кәсіпорындар, орта және арнаулы білім беру орындары жұмылдырылады, – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры.
«Атамекен» ҰКП тарапынан алғаш болып Шымкентте жүзеге асырылған жобаның бірі – кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің көпфункционалды орталығы. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясымен бірге Кәсіпкерлер палатасы жанынан 2023 жылы ашылған орталықта бизнес өкілдері мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарға кәсіп жүргізудің барлық кезеңінде кешендік қолдау көрсетіледі. Мұндағы мамандар бизнес-идеясы бар азаматтарға жобаны қаржыландыру мен жүзеге асыруға дейін кеңес беріп, сүйемелдейді.
Көпфункционалды қызмет көрсету орталығында мемлекеттік, банк, сервистік және қаржы институттарының қызметі, жалпы, заңды тұлғаларға арналған 800-ден астам қызмет «бір терезе» қағидатымен көрсетіледі.
– Кәсіпкерлер палатасы жүзеге асыратын тағы бір ірі жоба – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Жергілікті шикізаттан өнім өндіріп, белгілі бір өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту қызметіне бағытталған жоба бәсекеге қабілетті өнім өндіру тұжырымдамасына негізделген. Мұндағы мақсатымыз – бір елдімекен немесе бір кәсіпкердің бәсекеге қабілетті, белгілі бір өнім өндіріп, нарыққа шығаруы. 2024 жылғы жобаға 40-қа жуық кәсіпкер қатысып, Арбатта арнайы көрме өткіздік. Сол жерде комиссия іріктеуінен 10 үміткер финалға жолдама алып, бір айдан кейін Палатада бренд-комитеттің отырысында 3 кәсіпкер іріктеліп алынды. Айта кетейік, жеңімпаздардың үшеуіне де біздің мамандар қолдау көрсетіп, сүйемелдеді. Соның нәтижесінде үшеуі де Шымкент қаласы әкімдігінің әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған 5 млн теңге көлеміндегі грантын ұтып алды, – деп қорытындылады Сабира Адамбекова.
Іскер азаматтарға қолдау көрсетумен қатар, Палата ұжымы қоғамдық бастамалардан да тыс қалмайды. Президент тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, сенбіліктер ұйымдастырды. Сонымен қатар 2024 жылдың көктемінде еліміздің батыс өңірлерінде су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созды. Атап айтқанда Кәсіпкерлер палатасының үйлестіруімен Өңірлік кеңестің мүшелерінен және кәсіпкерлерден 150 млн. теңгеге жуық қаржы және алғашқы қажет заттар жиналып, тиісті орындарға жіберілген.
Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі