Қысқы спорт түрлерінде де Оңтүстіктің өзіндік жеңісті дәстүрі бар. Жерлестеріміз Қысқы Азия ойындары, дүниежүзілік Универсиада, Олимпиада ойындарында тұрақты түрде бақ сынап келеді. Фристайл-акробатика өкілі Жібек Арапбаева 2011 жылы Азия ойындарында күміс жүлде жеңіп алса, Жанбота Алдабергенова 2014 жылы Сочи ойындарында финалға шығып, алтыншы орын алған. Одан бері де Олимпиада ойындарына спортшыларды үкілеп қостық.
Газетіміздің өткен санында Шымкент қаласынан бес фристайл-акробатика өкілі Қысқы Азия ойындарына қатысатынын жазған едік. Талай сыннан өткен, тәжірибелі спортшыларға зор үміт артамыз. Харбин қаласында (Қытай) өтетін Азия ойындарында фристайл-акробатикадан жарыстар тарихта төртінші рет өткізіледі. Фристайл-акробатика алғаш рет Азия ойындарының жарыс бағдарламасына 1996 жылы енгізілді. Осыдан кейін бұл спорт түрінде медальдар тағы екі рет – 2007 және 2011 жылдары сарапқа салынды. Мінекей, араға 14 жыл салып, бұл спорт түрінің өкілдері Азия ойындарында тағы да бәсеке көрігін қыздырмақ.
Рас, елімізде өткен жетінші Қысқы Азия ойындары көптеген жастың үмітін оятты. Көптеген жасөспірімдерге серпін берді. Сол кезде қарсыз өлкенің жастары да фристайл-акробатика өнеріне бет бұра бастады. Сең қозғалды. Жібек Арапбаева алғаш рет Қысқы Азия ойындарында тыңнан түрен салып, күміс жүлдемен оралды. 2010 жылы Ванкувер және 2014 жылы Сочи ойындарында бақ сынады. Қазақ қыздарының арасынан фристайл акробатикадан тұңғыш рет екі Олимпиадаға қатысушы ретінде тарихқа есімін жазды.
«Қысқы Олимпиада ойындарында қазақ қызы алтыншы орын алды» деп осыдан 11 жыл бұрын сүйіншілей жазған едік. Жанбота Алдабергенова да Жібектің жолын жалғастырып, осы спорт түрінде де ерлік жасауға болатынын ұғындырды. 2014 жылы фристайл акробатика спортынан Олимпиада ойындарына үш спортшы қатысса, үшеуі де қарсыз өлкенің түлектері еді. Жанбота Алдабергенова алтыншы орыннан көрінді.
Жыл бойы төбеңде күн шақшиып тұратын өлкеде қысқы спортты дамыту оңай емес. 2011 жылғы Қысқы Азия ойындары қарсаңында қалалық №8 қысқы спорт мектебі ашылып, жұмысын бастады. Тиісті жоспарлар түзілді. Жылдан-жылға материалдық-техникалық база да жақсара түсуде. Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде қала спортшылары әр Олимпиада ойындарында бақ сынап жүр. 2018 жылғы Олимпиадаға Аяна Жолдас, 2022 жылғы Бейжің ойындарына Шерзод Хаширбаев қатысты. Дегенмен, екеуі де іріктеу кезеңдерінен өте алмады.
Ендігі жауапты сын – Қытайда өтетін IX Қысқы Азия ойындары. Бұл бәсекеде шаһардан бес спортшы бағын сынайды. Шерзод Хаширбаев, Дінмұхаммед Райымқұлов, Асан Асылхан, Аяна Жолдас және Ардана Маханова жеңісті дәстүрді жалғастырмақ ниетте. Шерзод Хаширбаев Әлем, Еуропа Кубогының жүлдегері. Қазіргі уақытта ол 2026 жылғы ойындардың жолдамасына үміткер. Өткен жылы жерлесіміз Еуропа кубогының кезеңдерінде жақсы нәтиже көрсетіп, бірінші және үшінші орындарға ие болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аяна Жолдас еліміздегі әйелдер арасында көшбасшы спортшылардың бірі саналады. Ол Еуропа кубогы кезеңдерінде жүлдегер атанып жүр. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дінмұхаммед Райымқұлов биыл қаңтар айында өткен жастар арасында әлем чемпионатында (Алматы) алтын жүлдеге ие болды. Әлемнің 13 елінен келген 110 спортшы қатысқан додада Дінмұхаммед тарихи ерлік жасап, тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Жерлестеріміз Азия ойындары алдындағы оқу-жаттығу жиындарын 2024 жылы желтоқсан айында Алматы қаласында (Шымбұлақ) өткізді. Сонымен қатар, 19-20 қаңтар аралығында АҚШ-тың Нью-Йорк штатында орналасқан әлемге әйгілі қысқы спорт түрлері орталығы – Лейк-Плэсид аймағында өткен Әлем кубогына қатысып келді. Сәтін салса, аталған сайыпқырандардың жүлде алуға мүмкіндігі бар. Сары құрлық ойындарында соңғы рет 2011 жылы күміс, қола жүлде қоржынға түскен. Ендігі кезекте ел спортшылары жеңісті жолды жалғастырып, жүлделі орындардан көрінеді деп сенеміз.
БАСТАЛДЫ!