Редакция таңдауы

Кез келген салада мемлекет мүддесі бірінші орында тұруы тиіс

Мемлекет басшысы Жолдауда терең өңдеу тәсілдерін меңгеру қажет екенін ерекше атап өткен еді. Инвестор тартып, аймақтарды өркендету үшін қандай әрекет жасалуы керегін «Bal Tekstil» кілем фабрикасының бас директоры
Талғат Ысқақовтан сұрадық.

– 2011 жылы индустрияландыру картасы аясында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ашылып, мемлекет тарапынан тоқыма, текстиль кластерін дамытуға көңіл бөліне бастады. Осы уақытта жер алып, «Бал-текстиль» ЖШС-ін құруға бел шеше кірістім. Дегенмен, бұл істі жалғыз атқарудың қиын екендігі айтпаса да түсінікті еді. Сондықтан кілем өндірісінде отыз жылға жуық тәжірибесі бар «КARTAL-сarpets» фабрикасымен серіктес ретінде келісімшарт жасадым. Осылайша 2013 жылдың қазан айында алғашқы өнімімізді шығардық.
Жоғарыда атап өткенімдей, біздің серіктес компаниямыз – әлемнің алпыстан астам еліне өз өнімдерін экспорттап келе жатқан ірі кәсіпорын. Біз де ішкі нарықты жетік білетіндіктен, екіжақты біріккен еңбек өз нәтижесін бере бастады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі мыңға жуық кілем дизайны бар компаниямыз 4 млн 865,6 мың шаршы метр кілем және кілем өнімдерін шығарды. Оның ішінде былтыр шығарылған жалпы 2 млн 415 мың шаршы метр өнімінің 30 пайызы экспортталды», — дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, отандық өндірісті дамытып, инвестор тарту үшін бірінші кезекте ішкі нарықты қорғау қажет.

– Мысалы, көршілес Өзбекстанда ішкі нарық қорғалғандықтан, өндірісі жақсы дамып жатыр. Ол жақта шетелден келетін дайын өнімдерге кедендік баж салығы жоғары. Ал, бізде импорттық тауарларға баж салығы төмен. Осы себепті бізге шетелден дайын өнім әкеліп сатқан тиімді. Отандық өндірісті дамытып, өз бұйымдарымызды шығару қиын. Шетелдік өндірушілермен бәсекелесу оңай емес. Сондықтан өзімізден шығатын өнімдердің шетелдік баламасы болса, жолына акциз не қосымша салық секілді кедергі қою керек. Оны белгілі бір мерзімге, 5-10 жылға қойса болады. Яғни, бастысы аяққа тұрып кетуге көмектесу қажет, — дейді Талғат Ысқақов. – Жалпы алғанда, бізде мемлекет тарапынан отандық өндірушілерге қолдау жақсы. Жеңілдетілген несиелер, жер телімдері — бәрі бар. Жетпей тұрғаны — ішкі нарықты қорғау ғана. Осы әрекет болмағандықтан, инвесторлар қызықпайды. Келесі бір айтатын жайт: шикізат күйінде шетелге сатуға тыйым салған жөн. Мәселен, оңтүстікте мақта егіледі. Соны шикілей сатуға тыйым салу керек. Сонда ғана мақтадан — жіп, жіптен мата жасалады. Сол кезде мемлекеттен тікелей қолдау керек болады. Қолда бар затты тереңдетіп өңдеуге мүмкіндік қажет.

Бүгінде еліміздегі мыңдаған адамдарға жұмыс беріп, нәпақасын айыруға қызмет етіп отырған серіктестік осы жақсы күндерін Отанымыздың қолдау көрсетуімен байланыстырады.

Атап айтсақ, «Бал Текстиль» фабрикасының Қазақстан бойынша 400-ден астам серіктесі бар. Олар да ірі кәсіпкерлер. Мегаполиске жасаған іс-сапарында серіктес компания өкілдері фабрика жұмысымен, жаңа кілем топтамаларымен танысты. Олармен болған басқосуда 10 жыл ішінде жеткен жетістіктер, жаңалықтар мен өзге де өзекті мәселелер талқыланды.

«Бал Текстильдің» алғашқы өнімі 2013 жылдың қазан айынан бастап шыға бастаған. Бірінші кезде өндіріс ошағында 4 кілем тоқу станогы болған. Өндіріс көлемі артып, шығарылған өнім саудасы пайда әкелудің нәтижесінде, кәсіпорын қуаттылығын едәуір ұлғайтты. Соның есебінен станоктар саны 16-ға көбейді. Сонымен қатар 2015 жылы қосымша полипропилен жіп өндіру цехы іске қосылса, 2023 жылы жіп өндірісі екі есеге артты. Бүгінде өндіріс қуаты 6 млн шаршы метр кілем, 7 500 тонна полипропилен жібін өндіретін дәрежеге жетті. Қосымша 2020 жылдан бастап «Бал декор» атты жаңа заманауи принт-кілемдер өндірісі іске қосылды.

— Біздің мұндай биік дәрежеге жетуімізге Отанымыздың қосқан үлесі зор. Мемлекет тарапынан қолдау болмаса кәсіпкерліктің өрісі тар, адымы қысқа болар еді. Біздің фабрика жүздеген серіктестіктермен бірлесіп, мыңдаған адамдарға жұмыс тауып беріп отыр. «Егемен болмай ел болмас» деген қанатты сөз бар. Біз бұл биікке тәуелсіз Қазақстанымыздың қанаттандыруымен, дем беруімен жеттік, — дейді қалалық мәслихаттың депутаты Талғат Ысқақов.

Талғат ЫСҚАҚОВ,
AMANAT партиясы Шымкент қалалық
филиалы саяси кеңесінің мүшесі, қалалық
мәслихаттың депутаты:

Соңғы жаңалықтар