Редакция таңдауы

Ардагерлер елдік мәселелерге үн қосты

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Мәжіліске қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ардагерлер, қалалық білім басқармасы өкілдері, өңірдегі ЖОО ғалымдары мен «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі»төрағалары қатысты. 

Жиында үш негізгі мәселе талқыланды. Атап айтсақ, Президент Қасым-Жомарт
Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында айтылған мәселелер талқыланды. Ардагерлер кеңесінің 2024 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы жасалып, 2025 жылға арналған жұмыс жоспары таныстырылды.

Алғашқы мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы баяндама жасады. Сұхбатта Мемлекет басшысы ішкі және сыртқы саясаттағы басты оқиғаларға баға беріп, елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді айқындаған болатын.

— Президентіміздің ана тіліне деген құрметі мен ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған бастамалары біз үшін үлкен үлгі. Бұл сұхбатта елдің дамуы мен болашағына қатысты маңызды мәселелер көтерілді. Есірткіге қарсы, лудоманияға қарсы, зорлық-зомбылыққа қарсы күреске баса назар аударылды. Мен осы жерде президентіміздің барлық көтеріп жүрген мәселелерінің ортақ бір атрибутына тоқтағым келеді. Барлық насихатында «адал еңбек, адал табыс, адал азамат, әділетті Қазақстан, заң мен тәртіптің үстемдігі» деген мәселені айтып келеді. Осы мәселеге үнемі көңіл бөліп келеді, яғни, осы бір мәселе ол кісінің барлық сөйлеген сөзіне, ұстанған ұстанымына өзек болып келе жатыр десек артық айтқандық болмайды, – деді Сәрсен Абайұлы өз баяндамасында.

Сондай-ақ, жиналғандар сұхбатта айтылған ұлттық идеологиямызды нығайта түсетін бастамаларға ерекше тоқталды.

Екінші мәселе бойынша ардагерлер кеңесінің 2024 жылы атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Атап айтқанда, жас ұрпақ тәрбиесіне бағытталған іс-шаралар, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға арналған жобалар жүзеге асырылғаны баяндалды. Сонымен қатар, ардагерлер кеңесінің жұмысы ұйымдастырылып, жұмыс жоспары таныстырылды.

Үшінші мәселе ретінде 2025 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Алдағы жылы ардагерлер кеңесі ұлттық құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақты тәрбиелеу және отбасылық институтты нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды көздеп отыр. Сонымен қатар, «Дәнекер» іскерлік, жанашырлық жобасының жүзеге асырылуы бағытындағы іс-шаралар жоспарланды.

«Жас ұрпақ тәрбиесіне маңызды бетбұрыс жасап, ұлттық тәрбие бағытын қамтуда жаңа серпін байқалады. Бұл бағытта атқарылған жұмыстарымыз өз нәтижесін беруде», – деп атап өтті ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев.

Мәжіліс соңында қатысушылар көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы жұмыстардың тиімділігін арттыру жолдарын талқылады.

Бұл жиын ардагерлердің қоғамдағы белсенді рөлін көрсетіп, олардың ел дамуына қосқан үлесін айқындай түсті.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар