Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Қайрат Акеновтың модераторлығымен өткен жиынға Кеңес мүшелері, қалалық прокуратура, бақылау-қадағалау органдарының басшылары мен Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшілері қатысты.
Кеңестің күн тәртібінде салық органдарының бизнес субъектілерінің мүлкін қайта бағалау жөніндегі талаптарының негізділігі мәселесі қаралды. Палата директорының орынбасары Майя Исаеваның мәліметінше, «Атамекен» ҰКП жұмысының негізгі мақсаттарының бірі – кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдармен өзара тиімді байланысын ұйымдастыру.
«Шымкент қаласының мемлекеттік кірістер департаментінің басшылығымен осындай тығыз ынтымақтастық пен жедел өзара іс-қимылдың нәтижесінде кәсіпкерлердің көптеген проблемасы көбіне тез арада шешімін табады, соның ішінде бүгінгі көтеріліп отырған мәселе де қазіргі таңда оң шешілген. Осыған орай, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар үшін МКД басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар, болашақта осындай жағдайларға жол бермеу және Кеңестің ұсыныстарын әзірлеу мақсатында осы мәселені талқылау орынды деп санаймыз. Кәсіпкерлер палатасына жүгінген кәсіпкерлердің айтуынша, аудандық мемлекеттік кірістер басқармаларының қызметкерлері жіберген хабарламаларға барлық растайтын құжаттарды ұсына отырып, келіспеу туралы хабарламаны уақтылы жолдаған. Дегенмен, хабарламаның уақтылы орындалуына қарамастан, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері кәсіпкердің банктегі шоттарын бұғаттайды. Егер жеке кәсіпкерлік (ЖК) бухгалтерлік есеп жүргізуді жүзеге асырмаса және оның объектіні сатып алу құнын растайтын құжаттары болса, онда бұл жағдайда салық органдары кәсіпкерден осы мүлікке қандай да бір қайта бағалау жүргізуді талап етуге құқылы емес. Егер ЖК бухгалтерлік есепті жүргізбесе және оның мүлікті сатып алу құнын растайтын құжаттары болмаса, онда ол бағалауды мүлікті сатып алу күні бойынша жүргізіп, мүлік салығын бағалау құнынан есептеуі керек. Кәсіпкердің тиісті бағасы бар. Қолданыстағы салық заңнамасында салық салу объектісін қайта бағалау және кезеңділігі көзделмеген. Салық төлеушінің мүлікті өз бастамасымен қайта бағалау құқығы ғана сақталады», – деді Майя Исаева.
Шымкент қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының бастығы Жомарт Арынтаев Палата қызметкерлері келтірген мәліметтермен келісіп, ондай жағдайлар аудандық басқармаларда орын алғанын айтты. Қазіргі таңда Департамент тарапынан қызметкерлер арасында алдағы уақытта мұндай келеңсіздікті болдырмай, заң талаптарын қатаң сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Майя Исаева Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 2024 жылғы 12 айдағы жұмысы туралы баяндама жасады. 2024 жылы Кеңестің 8 отырысы өткізіліп, онда 13 мәселе қаралды. Кеңес қорытындысы бойынша 28 ұсыныс енгізілді, оның 27-сі қолдау тапты.
Жалпы, жер қатынастары саласындағы проблемалар өзекті тақырыптардың бірі саналады және Кеңестің әр отырыста дерлік көтеріледі. Осыған байланысты Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алу рәсімдеріне талдау жүргізді. 2021-2024 жылдары экономикалық сот жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) бастамашылық еткен жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алу туралы 37 азаматтық істі қараған. Соның ішінде 2024 жылы уәкілетті басқарма ұсынған жалпы сомасы 782 510 697 теңгеге 9 талап қою бойынша азаматтық істерді қарау және жүргізілген сот сараптамасы нәтижелері бойынша кәсіпкерлерге жалпы сомасы 1 миллиардтан астам қаржы төленді.
Кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша қала прокуратурасымен бірге мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алу әсімдеріне талдау жүргізу туралы қарарлар қабылданды. Сондай-ақ, Палата жауапты басқарманың алынатын жер учаскелерінің меншік иелері-кәсіпкерлерге келісу рәсімдерін жүргізу арқылы келіспеушіліктерді талқылау мүмкіндігінің бар екені туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуі туралы хат жолданды.
Кеңес отырыстарының бірінде жер учаскесіне мемлекет мұқтажына алу процесі өткізілместен нысан салынған кәсіпкердің өтініші қаралды. Кеңес атқарған жұмыстың нәтижесінде Шымкент қаласы әкімдігінің кәсіпкердің жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығаруды бастау туралы қаулысы қабылданды, алынатын жер учаскесіне нарықтық құны 41 924 150 теңге белгілене отырып бағалау жүргізілді.
Сондай-ақ, Кеңес «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) қатысушыларына жер учаскелерін бөлу мәселесі қаралды. Мәселен, кәсіпкер мен «Оңтүстік» АЭА Басқарушы компаниясы» АҚ арасында АЭА қатысушысы ретінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасалғанымен, АЭА басшылығы кәсіпкермен ұзақ уақыт бойы жерді пайдалану (қосалқы жалдау) шартын жасамаған. Бұл жағдай инвесторға бекітілген кесте бойынша инвестициялық жобаны іске асыру үшін қажет техникалық шарттар мен басқа да құжаттарды алуға кедергі келтірді.
Кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша «Оңтүстік» АЭА қызметіне тексеру және талдау жүргізу үшін материалдарды Шымкент қаласының прокуратурасына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жіберу туралы қарарлар қабылданды. Қала прокуратурасы «Оңтүстік» АЭА тексеру нәтижелері бойынша АЭА аумағында кәсіпкер-инвесторларға жер учаскелерін беру мерзімдерін негізсіз созу фактілерін анықтады. Әкімдікке қадағалау актісі енгізілді, оны қарау нәтижелері бойынша екі компанияға құжаттары ресімделіп, жер учаскелері бөлінді, ал кәсіпкер-инвесторлардың құқықтарын бұзуға жол бергені үшін лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қорытындылай келе, жалпы Кеңес кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша дәйекті және жемісті қызмет атқарғанын атап өту керек. Бұл бағыттағы жұмыс негізгі мәселелер бойынша әкімшілік кедергілерді азайтуға оң әсер етті және адал кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етті. Осы орайда бизнесті қорғауға бағытталған, мемлекеттік және бақылау-қадағалау органдарымен бірлескен іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
Шымкент қалалық
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі