Редакция таңдауы

Еңбекшінің еңсесі тіктеліп келеді

Шымкент – Қазақстандағы үш мегаполистің бірі. Сондықтан, ол еліміздің экономикалық, аймақтық дамуында маңызды рөл атқарады. Бүгінде қалада тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бірқатар ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Әсіресе, Еңбекші ауданына қарасты шағынаудандар мен елдімекендерде айтарлықтай оң өзгерістер байқалады.
Айта кетейік, Еңбекші ауданының аумағы 22 800 гектарды құрайды. Онда 228 830 адам тұрады. Ауданда 18 тұрғын алабы мен 11 шағынаудан бар. Сонымен қатар, 728 көше мен өткел, 3 саябақ, 8 гүлзар, 283 көпқабатты және 37061 жеке тұрғын үй орналасқан. 

Трансформаторлар ауыстырылады

Миллион тұрғыны бар ірі қалада инфрақұрылым ең басты мәселе саналады. Мегаполисте әлі күнге дейін ауызсумен, табиғи газбен, кәріз жүйесімен толық қамтылмаған елдімекендер кездеседі. Қала әкімінің тапсырмасына орай, инфрақұрылым жүйелерін дамыту мақсатында 2022-2025 жылдарға арнап түзілген жоспарға сәйкес олар кезең-кезеңмен шешімін тауып келеді.

Мәселен, Еңбекші ауданындағы шағынаудандар мен тұрғын алабтардың халық көп шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Статистикалық деректерге сүйенсек, тұрғындардың 97 пайызы ауыз сумен, 99,8 пайызы электр жарығымен, 92,4 пайызы табиғи газбен, 41 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. Сонымен қатар, жолдардың 78,5 пайызы асфальтталған.

Тарқатыңқырап айтар болсақ, 2023 жылы аудан аумағына жаңадан қосылған «Исфиджаб» тұрғын алабын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында қазынадан қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Мелиоратор» ЖШС-і жүргізді. Соның нәтижесінде, халық көп шоғырланған аумақтарға толық ауыз су жеткізіліп, ауданда тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 97 пайызға жетті. Аудан әкімі Досбол Есілбектің мәлімдеуінше, биыл Жастар көшесі мен «Қазығұрт» станциясы аумағындағы және «Оңтүстік-Жаңа құрылыс» елдімекеніндегі тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мақсатында «Строительная группа «Архитектор» ЖШС-і жобалық сметалық құжат әзірлеп, құрылыс жұмыстары бастау алды.

Аудандағы шағынаудандар мен тұрғын алаптардың электр жүйесімен қамту көрсеткіші – 98,6 пайыз. 2023 жылы «Исфиджаб», «Достық» тұрғын алаптарындағы 1356 абоненттің жеке меншік жүйедегі электр желісін ауыстыру үшін «DIAS Проект» ЖШС-і жобалық сметалық құжар әзірлеп, сараптаманың оң қорытындысы алған болатын. Қазіргі таңда бұған бюджеттен тиісті бастапқы қаржы қаралып, мердігер мекеме ретінде «Қазеурострой» ЖШС-і анықталды. Құрылыс жұмыстары биыл жыл соңына дейін аяқталатын болады. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 9 трансформатор ауыстырылып, 16,7 шақырым желі жаңартылды деп жоспарланған. Одан бөлек, А.Оразбаева көшесіндегі ескірген электр желілерін жаңарту да көзделіп отыр.
Халықты «көгілдір отынмен» қамту да маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Еңбекші ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамту көрсеткіші 92,4 пайызды құрайды. 2023 жылы «Оңтүстік», «Қарабастау», «Жұлдыз», «Жалын», «Қаратөбе» тұрғын алабындағы 3739 абонентке «Бірлестік» және «SK BEST SPREC STORY KZ» ЖШС-тері жобалық сметалық құжат әзірлеп, 2024 жылы құрылыс жұмыстарын қолға алған болатын. Қазіргі таңда «Қаратөбе» тұрғын алабы мен «Оңтүстік» шағынауданында атқарылуы тиіс болған іс-шаралар толықтай аяқталды. Ал, «Қарабастау», «Жұлдыз», «Жалын» тұрғын алабындағы құрылыс жұмыстары жалғасын табуда.

Ауданда тұрғындардың кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші – 41 пайыз. Былтыр «Ұлағат» шағынауданына кәріз жүйесі жүргізілді. «Жұлдыз» тұрғын алабындағы көпқабатты 27 тұрғын үйді (175 пәтер) кәріз жүйесімен қамту жұмыстарын мердігер мекеме «Спецкоммунстрой» ЖШС-і, ал «Базарқақпа» тұрғын алабы Достық көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үйлерді кәріз жүйесімен қамту жұмыстарын «Шабыт-21» ЖШС-і атқарды. Қазіргі таңда аудан орталығындағы 11 көшеге кәріз жүйесін жүргізудің жобалық сметалық құжаттары әзірленуде.

Су тасу қауіпі бар 57 мекен-жай анықталды

Шымкент автокөліктер санының күрт өсуі бойынша елімізде көш бастап тұр. Бұл, әрине, өз кезегінде шаһарда жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысын реттеудің маңызы басым бағыттардың бірі екенін аңғартады. Бүгінде қалада жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен даму үстінде деуге болады. Айталық, Еңбекші ауданында ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көше мен өткел бар. Жолдардың 575,76 шақырымына асфальт, 145,38 шақырымына тас төселген. Ал, 11,76 шақырымы топырақтан тұрады.

2023 жылы ұзындығы 45,5 шақырымды құрайтын 73 көше орташа жөндеуден өтті. 2024 жылы ұзындығы 30,5 шақырымды құрайтын 78 көшені жөндеу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 24 көшеде атқарылуы тиіс жұмыстар толығымен аяқталды. Қалған көшелерді асфальттау үшін мердігер мекемелер анықталып, бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Сонымен қатар, 23 көшеге ұзындығы 10,3 шақырым аяқ жол салынды.

Өңірде жарықтандырылған көшелердің қатары артып келеді. Қазіргі таңда барлығы 361 көше жарықтандырылған. Былтыр 244 көше жарықтандырылса, биыл олардың қатары 367-ге арттырылмақ.

Аудан әкімі Досбол Күздікбайұлының баяндауынша, қазіргі таңда өңірде көктем мезгілінде жауын-шашынның салдарынан туындайтын су басу секілді мәселелерді алдын алу бойынша тиісті іс-шаралар атқарылуда. Сала мамандары жүргізген зерделеу жұмыстары барысында қауіп тудыратын 57 мекен-жай анықталды. Реті келгенде тілге тиек ете кетейік, 2022 жылы су алу қауіпі жоғары 21 мекен-жайға ұзындығы 7,3 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтар, 2023 жылы 20 мекен-жайға ұзындығы 8,1 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтарды орнатылған болатын. Ал, былтыр 16 көшеге 4,9 шақырымды құрайтын ирригациялық арықтар қойылды.

– Қазіргі таңда сала мамандары су тасудың алдын алу мақсатында қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірге су бұру мүмкіндіктерін қарастыруда, – дейді аудан әкімі.

Ауданда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылып жатқан жұмыстар өте көп. Айта кетейік, «Халық қатысатын бюджет»– халықтың қатысуымен әзірленетін жоба. Яғни, жергілікті тұрғындар аумақты көгалдандыру, қоғамдық орындарға орындық орнату және оларды жөндеу, балалар ойын алаңдарын жарықтандыру секілді мәселелерді билікке жеткізіп, өз ұсыныстарын ашық айтып, бюджеттің қажетті дүниелерге жұмсалуына атсалыса алады. 2023 жылы ауданда дәл осындай жолмен 29 балалар ойын алаңшасы орнатылған екен. 2024 жылы көпқабатты 47 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, бірнеше мекен-жайда балалар ойын алаңшасы орнатылыпты. Биыл аталмыш бастама аясында 47 жобаны іске асыру көзделіп отыр.

Аудан аумағында 61 ашық спорт алаңшасы бар. 2023 жылы 7 спорт алаңшасы, 2024 жылы 8 ашық спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Бұйыртса, биыл олардың қатары тағы 4 ашық спорт алаңшасымен толықпақ.

Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.

Соңғы жаңалықтар