Редакция таңдауы

Қаратаулық ардагерлер белсенді

Қаладағы Қаратау аудандық ардагерлер кеңесі мен Amanat партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастырумен ардагерлер арасында бильярдтан жарыс өтті.

Жарысқа он екі еңбек ардагері үш топқа бөлініп, өзара бақ сынасты. Жарыс шымылдығын ашқан сексен жастағы Ескендір Жолдыбаев пен Бек Өнербай арасындағы ойын тартысты өрбіді. Сексенге келсе де ширақ қимылы, шеберлік-мергендігімен Жолдыбаев көзге түсті. Үш топтан қара үзіп шыққан шебер ойыншылар жүлделі орындарға таласып, сайысты қыздыра түсті.

Мергендігімен оқ бойы озған Қыдырәлі Дүйсенбеков қарсыластарынан басым түсіп, жүлделі 1-орынды иеленді. Бірнеше музыкалық аспапта еркін ойнайтын еңбек ардагері Қыдырәлі қария бильярд ойынында да шеберлік танытты. Екінші орынды Т.Әлімқұлов иеленсе, үшінші орынды ғылым докторы, профессор Әбдімүтәліп Тұртаев пен Жандарбек Еркінбеков бөлісті.

Жарыс жеңілпаздары мен қатысушыларына Amanat партиясы Қаратау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев жүлделерін табыстап, еңбек ардагерлерінің басын қосып, игі іске ұйытқы болған аудандық ардагерлер кеңесі орынбасары Пердеш Есенбековке алғысын жеткізді.

Сонымен қатар, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен қолға алынған «Ән – көңілдің ажары» атты ардагер азаматтар арасындағы ән байқауы қаладағы аудандар арасында жалғасын табуда.

Қаратау ауданы аумағына қарасты елді мекен, шағын аудандардан іріктелген өнерлі ардагерлер байқау ережесіне сәйкес өнер көрсетті. Бірінші кезеңде халық әндері және дәстүрлі әндер, терме, толғау орындаса, екінші кезеңде Оңтүстік өңір сазгерлерінің әндерін шырқады.

Қазылар алқасы үш өнерпаздың өнерін жоғары бағалады. Олардың қатарында «Дудар- ай» әнімен Қуатбек Ембердиев 1-орын иеленсе, «Әпкелер» әнімен Еркінбек Шымырқұлов 2-орын иеленді. Ал, өзбек әні «Достарды» дутар аспабымен шырқаған Ө.Хасанов 3-орын алды.

Жеңімпаздар ән байқауының қалалық кезеңіне жолдама алды. қалалық ән байхауына жолдама алды. Қазылар алқасының төрағасы Аманкелді Бердалиев, Шымкент қалалық әзіл-сықақ театры директорының орынбасары Кеже Айтбай, Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Тоқмағанбетов ардагерлерге қаржылай сый-сияпат тапсырып, сәттілік тіледі.

«ШК»-ақпарат

Соңғы жаңалықтар