Редакция таңдауы

Шоқтығы биік «Шынарым»

«Адам ессіз боп туады, есалаң өмір кешеді. Есі кіргенде… кеш болады. Ойланбай басқан қадамы үшін кейде, адам өмір бойы азапқа душар болады. Өмір солай». Бұл – түркі әлемінің аяулы жазушысы, адамзаттың Айтматовы айтқан дана сөз.

95 жылдық мерейтойын абыроймен атқарған Жұмат Шанин театры 2025 жылдың жаңа белесіне сенімді табан тіреді. Театрдың бір ерекшелігі, жыл басындағы қойылымның сәттілігі – жыл он екі ай бойғы шығармашылық жетістікке ықпал етіп, биіктерге жетелейді. Оған қойылым режиссерінің кәсіби деңгейін қоссаңыз, қойылым сәтінде сіз байқамайтын, мән бермейтін жайттардың театр үшін қаншалықты маңызды екенін түсінесіз. Мұны тек шығармашылық ұжым ғана алпыс екі тамырынан өткізіп, сезінеді. Бірге толғанады. Бірге күреседі. Себебі, театр – жанды ағза. Қалт кетсең, көрермен кешпейді.

Қаңтар басталысымен Қазақстанның халық артисі, айтулы кинорежиссер, киносценарсит Талғат Теменов театрымызға арнайы шақырылып, түркі әлемінің Айтматовының «Қызыл орамалды шынарым» лирикалық драмасын сахналауға кірісті.

Театрымызда болып жатқан өзгерістерден құлағдар көрерменіміз 2024 жылы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының 4-курс студенттері дуалды жобамен Шанин театрына қабылданған болатын. Дипломдық жұмысы театр репертуарына енген қойылымдар негізінде қорғанатын болып шешіліп, театр басшылығы бұған дейін де Гоццидің «Тұрандот ханшайымына» студенттер құрамын ойнатты.Бұл жолы да студенттерден екінші құрамды ала отырып сахналау үшін театр ұжымы табанды шешім қабылдай білді.

Әлқисса, сонау интернет төрткүл дүниені жауламай тұрғанда кітапқұмар оқырманның жүрегінен орын алған Ш.Айтматовтың туындысын оқымаған жан аз болар. Айтматовтың қаламынан туған дүниелерге қаншама кино түсіріліп, алуан формада театрда сахналанғаны, көрермен жүрегіне сақталғаны өз алдына, режиссер Т.Теменовтің өзі бұл тақырыпты еліміздің екі театрында сахналағаны белгілі.

Әлбетте, екі бірдей театр репертуарында үздіксіз жүріп жатқан туындыны сахналауға алған кезде шығармашылық топтың «қайталау болар ма екен?..» деген ойы, уайымы болғаны шындық. Шығармашылық бәсекеде ең қиыны «қайталау». Атам қазақтың әр сөзінде терең пәлсапа бар. «Тұлпарға қалғаннан – озған оңай» демекші, Т.Теменов ағамыз өзінің мэтр екенін дәлелдеп, бұрын-соңды қойылмаған форматта сахналап шықты.

Сонау, ҰОС жылдардан кейінгі қоғамдағы оқиға болғанымен, Айтматовтың адам жанының палитрасын дөп басатын шеберлігі махаббаттың мәңгілік екеніне көзіңді жеткізеді.Сезімге бөлейді. Адам құндылығының парқына ой саралатады.

Қойылымның тағы бір ерекшелігі – қоюшы суретші Ербол Қантураевтың бұрын-соңды театрда сахналық шешім жасамай, мэтрден жүрексінбестен тырнақалды шешімін Шанин театрында жасағаны болды. Бәлкім, Т.Теменовтің кәсіби мықтылығы да сонда – таланттарды тудыра білуінде болар. Режиссер мен қоюшы суретшінің ойы автормен біртұтаса жымдасып, «Өмірдің өзі – театр» екенін қарапайым, әрі, ұтымды жеткізе білді.

Ілияс (арт.Байбол Сұлтан, студ.Байдос Рахман) пен Әсел (студ.Дильяра Муратова, Мукарама Ибатулина) арасындағы махаббат өмір бойы өшпейтіндей көрінгенімен, өз бақыты үшін тіршілікпен арпалысқан Қадишаның (арт.ҚР Мәдениет саласының үздігі Мөлдір Зияева, арт.ҚР Мәдениет саласының үздігі Жәмила Бекмұрзаева) тасадан тап бере қос ғашықтың үлбіреген махаббатын тартып алып, күлпаршасын шығарған сәтіне көрермен бірге тебіреніп, Байтемірдің адами биіктігін көрген кезде бірге қуанды. Көзіне жас ала отырып Әселге бақыт тіледі. Соңында қателігін түсінген Ілиясты да кешірді. Болашақта бақытын табуына тілектес болды. Міне, бұл – сахнаның ғажайып сиқыры. Сиқырдың құпия кілті – режисссердің қолында екенін ескерсек, Т.Теменовтің шеберлігіне шәк келтірмейсің. Тамсанасың. Келесі қойылымын асыға күтесің.
Театрдың көркемдік жетекшісі Сұлтан Срайыл, театрдың 2025 жылға жоспарлаған қойылымдарына елімізге белгілі режиссерлерді шақырып отыр. Жолашарын бастаған Т.Теменов, Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» лирикалық дарамасын жоғары деңгейде сахналап, сүбелі қойылымды қанжығамызға байлап кетті.

Қандай да бір жетістіктің арқасында қаржылық демеу мәселесі тұратыны белгілі. Театрымызға белгілі режиссерлерді шақыруға Шымкент қаласы әкімдігі мен мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қаржылай қамқорлық жасауының арқасында жүзеге асып жатқанынан оқырманымызды құлағдар ете кеткіміз келеді.

Ақпан айына елімізге белгілі жас режиссерді шақыртып отырмыз. Жаңа қойылыммен көрерменді қуантқалы отырмыз. Қндай қойылым екенін әзірге құпия ұстауды жөн көріп, «Театрымызда жолығайық» дегім келеді, қадырменді көрермен!

Сая ҚАСЫМБЕК,
Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық
қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің басшысы, драматург

Соңғы жаңалықтар