Міржақып Дулатұлының әдеби мұрасын және қоғамдық қызметін өскелең ұрпаққа таныстыру, шығармашылық әлемін, ұлт үшін жасаған еңбектерін насихаттау мақсатында Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін музейінде Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен танымдық іс-шара өтті.
Оған тарих ғылымдарының кандидаты, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМПУ доценті Анарбаев Қайрат Сапарханұлы, филология ғылымдарының кандидаты Қалшабек Ақжол Батырұлы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Мәжінбеков Сәкен Аралбайұлы қатысып сөз сөйледі. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттері қатысып, М.Дулатұлына арналған деректі фильм көрсетіліп, баяндама тыңдады.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкерлері М.Дулатұлының өлеңдерін жатқа оқып, өнер адамдары Құнанбай Бәйтенов пен Сәбит Ниетбеков дәстүрлі ән айтып жастардың ықыласына бөленді. Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін музейі ғимаратында «Ұлтты оятқан ұлы тұлға» атты көрме қойылып шараға келушілердің назарына ұсынылды. Студенттер мен мектеп оқушыларына музей қызметкерлері экскурсия жүргізіп, тарихи тағылымы мол мәліметтер берілді.
«Оян қазақ!» деп елін, халқын алға сүйреп жарыққа шығаруға бар ғұмырын арнаған Алаш қайраткерінің рухы әлі де жастарды Отаншылдыққа, елге қызмет етуге, патриоттық сезімнің артуына ықпал етіп жігерлендіріп келеді. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші артына қалдырған кітаптарын оқып, өлеңдерін мектеп оқушылары жаттап, өскелең ұрпақ ғылымға ден қойып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тауып жатыр.
Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған «Ұлтты оятқан ұлы тұлға» атты танымдық шара тек қана өткенге көз жүгіртіп қана қоймай, қазіргі қоғамдағы азаматтық қоғамның мәнін, ұлттық сананың қалыптасуындағы маңызды кезеңдерді талдап шықты. Филология ғылымдарының кандидаты Қалшабек Ақжол сөз сөйлеп шараны ұйымдастырған Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қызметкерлеріне алғыс білдірді. Ақынның ұлтына деген сүйіспеншілігі, халқына деген адалдығы мен қызметі жастарға өнеге болып, ел тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосады деп сенім білдірді. Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарихшы Анарбаев Қайрат Сапарханұлы баяндама жасап, Міржақып Дулатұлының Оңтүстікте Шымкент қаласында болған кезеңдеріне тоқталып өтті. Алаш қайраткерінің қазақ әдебиетіне, мәдениетіне, қоғамына қосқан үлесі кеңінен танылып, оның шығармашылық мұрасы жайлы тың деректер айтылды.
Жасұлан ИСАБАЕВ.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр
орталығының аға ғылыми қызметкері