А.Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапханада «Өлең – сөздің патшасы» республикалық шығармашылық бірлестігі топтастырған кезекті жинақтың таныстырылымы өтті. Бұл шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын-жазушылар, жастар қатысты.
Биыл он жылдығын атап өткен бірлестіктің жетекшісі – ақын, сазгер Омархан Алтынбекұлы. Оның бастамасымен жарық көрген жаңа жинаққа еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қаламгерлердің жырлары топтастырылды. Бұл басылым – ұлттық поэзиямыздың жаңа есімдерін танытуға және қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосуға бағытталған.
Жиынның шымылдығы Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілі, белгілі жазушы Момбек Әбдіәкімұлының алғы сөзімен ашылды. Шара барысында ақындардың жүрекжарды жырлары оқылып, олардың туындыларына жазылған әндер орындалды. Сондай-ақ, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы мектеп оқушылары да ақындардың шығармаларын жатқа оқып, кештің мәнін арттыра түсті.
Бірлестік жетекшісі Омархан Алтынбекұлы әдебиетке серпін берген шығармашыл жандардың еңбегін бағалап, “Жылдың үздік ақыны”, “Жылдың үздік композиторы” және “Жылдың үздік тәлімгері” номинациялары бойынша марапаттар табыстады. Сонымен қатар, шараны ұйымдастыруға атсалысқан кітапхана ұжымына ризашылығын білдіріп, жаңа жинақты сыйға тартты.
Бұл жинақ – өлеңсүйер қауымға арналған құнды дүние. Ол әдебиетке қадам басқан жас қаламгерлердің шабытын шыңдап, қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейте түсетіні анық.
Эльмира СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ