Заң консультанты – жоғары заң білімі, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен, заң консультанттары палатасының мүшесі және заң көмегін көрсететін жеке тұлға.
Адвокат мәртебесін алу талаптарымен салыстырғанда, заңгерлік қызметпен айналысатын адамдар үшін заң консультанты болу қолжетімді. Заң консультантының мәртебесін кез-келген ұйымның кез-келген штаттық заңгері ала алады, ал заң кеңесшісінің қызметімен айналысуға лицензия алу талабы жоқ. Талапқа сәйкес, адвокаттардың құқығымен салыстырғанда заң консультантының құқығы шектеулі. Дегенмен, бұндай ерекшеліктер – әртүрлі саладағы, әртүрлі құқықтық қатынастардағы мәселелерді шешуде, сонымен қатар, уәкілетті органның заң көмегі саласындағы қадағалау функциясына артық жүктеме жасамайтын «реттеу» функциясы.
Елімізде заңгер мамандығын алған азаматтардың шамадан тыс артық екені бәрімізге белгілі. Тіпті, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, елімізде заңгерлерге сұраныс төмен. Мәселен, 1200 бос жұмыс орнына 5 мыңға жуық түйіндеме түскен. Алайда, жас заңгер мамандардың көптігі, шын мәнінде, талантты заңгерлердің көп екендігін білдірмейді. Қазіргі уақытта талантты заңгерлердің тапшы екенін мойындау керек. Осыған дәлел ретінде жақында ғана әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі заңнамаға енгізілген өзгерістерді айтуға болады. Аталған жаңашылдық бойынша енді әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамға мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында заң консультанттары білікті заң көмегін көрсете алады және сотта қорғай алады. Бұл орайда Парламенттің Республикалық адвокаттар алқасының қарсылығына қарамастан келісуін атап өткен жөн. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, еліміздегі қылмыстық және әкімшілік істердің санын лицензияланған заңгерлердің санына шаққанда, әрбір адвокатқа түсетін іс санының белгіленген нормадан асуы және адвокаттарға түсетін еңбек ауыртпашылығы айқындалды. Осыған сәйкес, бұл жүкті заң консультанттарына бөліп беру ең тиімді және ұтымды шешім болды.
Иә, мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында заң консультанттарының атқарып отырған жұмысы аз емес. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының заң консультанттары палатасы халыққа тегін заң консультациясын беру мақсатында 2024 жылы Шымкент қаласының Әділет департаментімен және «Аманат» партиясының қалалық филиалымен бірлесіп жұмыс атқарды. Халыққа заң консультациясын беру бойынша ұйымдасқан іс-шаралар жалғасып отыр. Мысалы, биылдан бастап Шымкент қаласының әкімдігінің басшыларының, оның ішінде әкімнің, әкім орынбасарларының, аппарат басшысы мен оның орынбасарларының халықты қабылдауы кезінде Шымкент қаласы заң консультанттары палатасының консультанттары халыққа мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында халыққа тегін заң көмегін көрсетіп жатыр. Бұндай тәжірибені арттыру мақсатында осындай акцияны еңбек және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі уәкілетті органның территориялық органдарында, құқық қорғау органдарында жүргізуді ұсынамыз. Бұдан бөлек, қолданыстағы заңнама бойынша заң консультанттарының көмекшілері болуы мүмкін. Көмекшілер жоғары курс студенттерінен қойылдаы. Олар үшін бұл кезең екі жылдық еңбек өтілі ретінде есепке алуға, кәсіби біліктілік арттыруға және бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Алтынбек САПАРАЛЫ,
Шымкент қаласы заңгерлер
палатасының заң консультанты