Қой псораптозы – жыл мезгілінің өзгеруіне тікелей байланысты пайда болып, отар, ферма, тіпті шаруашылық қойына, әсіресе биязы жүнді қойға таралатын, экономикалық зияны орасан паразитті ауру.
Оның қоздырғышы – қой немесе ешкінің екі бүйіріне, сүбесі мен арқасына қоныстанып, өніп-өсетін Псороптес овис кенесі. Кененің жалпы кескіні тасбақа тәріздес, түсі сары күрең, еркектері кішілеу, ұзындығы 0,4-0,6 мм, ені – 0,3-0,4 мм. 1, 2, 3-жұп аяқтары үш бөлікке бөлінген(сяжка) сорғыш табанмен аяқталады. Денесінің төменгі сыртында зәр шығару және жыныс мүшелері орналасқан. Ұрғашы кенелер үлкендеу, ұзындығы 0,5-0,82 мм, ені – 0,3-0,5 мм. Үшінші жұп аяғы сорғыш табанның орнына ұзын қылшықпен аяқталады. Личинкалары үш жұп аяқты, ұзындығы 0,19-0,81 мм, ені – 0,16-0,21 мм. Протонимфасы 4 жұп аяқты, ұзындығы 0,33-0,42 мм, ені — 0,22-0,33 мм. Ал, телеонимфа сатысы 4 жұп аяқты, дене құрылысы, үлкендігі сақа кенелермен пара-пар.
Кенелер тек қой мен ешкінің терісінде ғана тіршілік ете алады. Тері қызуы 31-34°С болса кенелердің өсіп-өнуіне өте қолайлы жағдай туады. Олардың жұмыртқадан сақа кенеге дейінгі өсу мерзімі 16-20 тәулік, ал қолайсыздау жағдайда бұл мерзімнің 50 күнге дейін созылуы мүмкін. Еркек кенелер ұрғашыларынан 2-3 күн бұрын толысып жетіледі де, олармен телеонимфа сатысында шағылысқаннан кейін 3-4 күн өткенде сақа кенелерге айналып жұмыртқалай бастайды.
Жұмыртқалар мал терісіне сумен, тіпті сілті ерітіндісімен де жуылмайтын ерекше желімдік затпен жабыстырылады. Осылайша 3-4 ретте бір кене 60-қа дейін жұмыртқа салады. Жұмыртқа 3,5-6,5 тәулікте личинкаға, 4-6 тәулікте протонимфаға және 4-6 күннен соң телеонимфаға ауысып, 3-5 тәуліктен кейін сақаға айналады.
Сақа кенелер және оның сатылары қой денесінің күн сәулесі еркін түспейтін, ылғалды жерлерінде (тері қатпалары, көз үсті ойығы, шабы) ұзақ сақталады. Қоздырушы кенелер денеге дарымаса, олардың тіршілігі сыртқы ортаның жылуы мен ылғалдығына тікелей байланысты болады. Мәселен, жылылығы 5-9°С, ылғалдылығы 79-80% қорада телеонимфалар 17 күн тіршілік етсе, жағдайы дәл осындай күресіндерде 36 тәулік сақталады. Сыртқы ортаның ауасы 5°С болған жағдайда кенелер қорада, жайылымда 7 тәулік тіршілік етіп, жазда 3 жетіге дейін сақталады.
Қыста немесе жаз айларында қотырмен ауырған мал тұрған қораларда 2 айдан соң тіршілікке бейім кенелер қалмайды.
Қотыр ауруы мал ұстаудың санитарлық-гигиеналық ережелері сақталмаған шаруашылықтарда пайда болады. Ауру барлық қойды түгел қамтиды, дегенмен биязы, биязылау жүнді тоқтылар, тұсақтар тез шалдыққыш келеді. Ауру көбінесе күз, қыс айларында өршиді, оның өрістеуі мен етек алуының негізгі себептері ауа райының жылылығына, ылғалдылығына, қой жүнінің біркелкі өсуіне, мал терісінің физиологиялық жағдайына байланысты. Көктемгі қырқымнан соң аурудың өршуі бәсеңдеп, терінің қалың қатпарларында ғана некен-саяқ қарақотырланған орындар қалады. Бұл қотыр ауруы түгел жазылмаған, бірақ кенелердің уақытша өсіп-жетілуін тоқтату кезеңі. Қотырмен 2-3 айлық қозылар да ауырады. Қой қотырының басқа малға залалы болмайды, дегенмен қоздырушы кене көпке дейін иттің, аттың, өгіздің, түйенің немесе қорада кездесетін әр түрлі кемірушілердің денесінде сақталып, қайтадан қойға ауысуы мүмкін. Ал, жаздыкүні мал өрісін ұзақ уақыт ауыстырмай, шөп тұяқкесті болса, қайталанба суықтар, жауын-шашындар болып тұрса таулы немесе тау етектеріндегі шаруашылық малының жаппай ауыруы мүмкін.
Егер кене, оның личинкасы немесе нимфасы бір қойдың тек бір қырындысынан табылса онда отар түгел ауру деп есептелініп, емделеді. Ауырған мал араға 10-15 күн салып қой тоғыту ванналарында гамма-изомері бар гексахлоран эмульсиясында тоғытылады. Эмульсия жасауға: 50 проценттік гамма-изомері бар гексахлоран, 96-100 проценттік гамма-изомерлі линдан, 6 проценттік гамма-изомерлі гексанин немесе гексатал, 16 проценттік минерал майлы эмульсия, 6 проценттік гамма-изомерлі ТАП-85 және фенолсыз таскөмір креолині қолданылады. Қой жазда жылы, ашық күндері, ал қыста жылы қораларда тоғытылады. Жұмысқа қолданылатын эмульсияларды сол жерде, тоғытар алдында ғана дайындайды. Оны мол жасап келесі күнге қалдыруға болмайды. Өйткені ол жарамайды. Бұл эмульсияда гексахлоранның гамма-изомері 0,03% болуы шарт.
Препарат суға ерітіледі (жұмсақ). Ақырындап араластырыла отырып ванна толтырылады. Ваннадағы эмульсия ерітіндісі 18-20°С жылы болуы керек.
Шаруашылықтарда қойды жаппай тоғыту басталар алдында жасалынған эмульсияның улылығын тексерген жөн. Гексахлоран ерітіндісіне 3 айға дейінгі қозы, ауру және арық мал тоғытуға тыйым салынады. Мұндай малды жеке-жеке емдейді.
Қотыр ауруы байқалған қораларға бейсауат адамдардың келуіне тыйым салынады. Қотырмен ауырған немесе одан айыққан отар қойын жеке қырқады. Қой қораларын, қашар, алаңдар тазартылып, зарарсыздандырылады. Қотыр шыққан отардан қырқылған жүнді де жеке үйлерде сақтап, қабат кенеппен буып, белгі салынады.
Келесі жылдары қыс мезгілінде қотыр байқалмаса, бұл отар қотыр ауруынан түбегейлі жазылды деп саналады.
Б.ЛЕСОВ,
ОҚҒЗВС-ныңб меңгерушісі,
Г.ҚАЛЫБАЙ,
ОҚҒЗВС-ның кіші ғылыми қызметкері