Amanat партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында қаладағы су қоймаларының жағдайын зерделеу жұмыстары басталды. Бұл қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тасқын суларынан туындайтын ықтимал қауіптерді алдын ала анықтау мақсатында жүргізілуде.
Зерделеу жұмыстары Аmanat партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев, сондай-ақ комиссия мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің мүшелері және Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарының бірлескен күшімен жүзеге асырылып отыр.
Партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес, тасқынға қарсы шаралардың жол картасын жүзеге асыру аясында Бадам өзенінің арнасын түзету және жағалауларды нығайту жұмыстары 6 елді мекенде жүзеге асырылды.
Сала мамандары жоғары тәуекелді аймақтарда үнемі мониторинг жүргізіп, су деңгейін бақылап отырады. Бұл шаралар өзендердегі су деңгейін бақылауға және қауіпті жағдайлардың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, қала тұрғындарына тасқын жағдайында әрекет ету жөнінде нұсқаулықтар беріліп, қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Өткен жылдың қазан-қараша айларында департамент мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су басу қаупі бар учаскелерді тексеру бойынша комиссиялық тексеру жүргізді. Тексерулердің нәтижесінде 20 проблемалық учаске анықталып, тиісті жұмыстар атқарылған.
Қазіргі таңда, тасқын кезінде жедел-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін аудандық әкімдіктерде 10 мың қап және 24 мың тонна инертті материалдар дайындалған. Сонымен қатар, 12 дана су сорғысы сатып алынған. Одан бөлек, 302 су өткізбейтін костюм бар.
Төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін департаменттің қолында 160 адамнан тұратын жеке құрам, әртүрлі мақсаттағы 20 техника, 9 жүзу құралы және 57 мотопомпа бар. Қазіргі таңда мамандар су қоймаларының жағдайын қалыпты деп бағалап отыр.