Редакция таңдауы

Ұл туса, адам түгілі төбе қуанады немесе шымкентте үшем дүниеге келді

Шымкенттегі №2 ауруханаға қарасты перзентханада үшем дүниеге келді. «Ұл туса, адам түгілі төбе қуанады» (үстімде асық ойнап, асыр салатын болды деп) деп сенетін қазақ үшін мұнан асқан қандай сүйінші жаңалық болуы мүмкін!

Биылғы алғашқы үшемдер мен анасын жақындары перзентханадан салтанатты түрде шығарып алды. Бұл 22 жастағы Жәмила Ақылбектің алғашқы жүктілігі екен. Нәрестелердің салмағы 2770, 2410 және 2095 грамм болып туылған. Үшемдерге туыстары Әбілқайыр, Айлана және Әльтаир есімдерін қойған.

Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелердің қазіргі жағдайы тұрақты.

– Сәбилер дүниеге келгеннен кейін олар реанимация бөлімінде бірнеше күн жатып, қажетті ем алды. Кейін олар анасымен бірге палатаға ауыстырылды, өздерін жақсы сезінуде. Қимыл-қозғалыстары белсенді, – дейді босану залының акушер-гинеколог дәрігері Шолпан Тастанбекова.

Жас ана жүктіліктің 4-ші аптасында сәбилерінің үшем екенін білген көрінеді. Оның айтуынша, егіздер жолдасының туыстарында болған. Бірақ, бұл үшемдер жалпы әулетте алғаш рет дүниеге келген.

– УДЗ дәрігері бірінші қараудан кейін-ақ, үшем екенін айтты. Жүктілік ешқандай қиындықсыз өтті. Дегенмен, 30 аптадан кейін ауырлық сезілді. 34 аптасында дәрігерлер кесір тілігі арқылы босандыруды ұйғарды. Сөйтіп, жоспарлы түрде 17 қаңтар күні операция жасалды. Орталықтың бас дәрігеріне, барша мамандарға алғысымыз шексіз. Біз өте қуаныштымыз!, – дейді Ж.Ақылбек.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте 2500-ден аса сәби туылған. Оның 33-і егіздер екен. Жалпы, халықтың табиғи өсім жөнінен Шымкент республика бойынша алғашқы үштікте орналасқан. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, өткен жылы Шымкентте 1 мың адамға шаққанда 23,54 бала туған. Бұл былтыр үшінші мегаполисте 30 мыңға жуық сәби дүниеге келді деген сөз.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар