Қаламыздағы А.Пушкин атындағы кітапханада «Кескіндеме және би өнері – Шымкент тарихынан» атты көрме өтті. Бұл мәдени іс-шара қала тарихымен тығыз байланысты өнер қайраткерлерінің шығармашылығын дәріптеуге арналды.
Көрме аясында танымал суретші Григорий Пономаренко мен балет әртісі, педагог Ұлан Мирсеидовтың шығармашылығы таныстырылды. Шымкент қаласынан шыққан қос өнер иесінің өнері, өнегелі өмірі дәріптеліп, әсерлі естеліктер кеші өтті. Көрмеде қонақтар сұлулық пен табиғат бейнеленген өнер туындылары мен тарихи фотосуреттерді тамашалады. Шымкенттен шыққан танымал тұлғалардың өмірі туралы мол мағлұмат алды.
Айта кетсек, Ұлан Мирсеидов Шымкент қаласында дүниеге келсе, Григорий Пономаренко сонау өткен ғасырдың елуінші жылдары Ресейден Шымшаһарға көшіп келгендердің қатарында. Бірі қазақ балет өнерінің дамуына зор үлес қосқан белгілі өнерпаз, бірі кескіндеме өнерінің майталманы. Оның шығармалары арқылы Шымкенттің көркем бейнесі, табиғаты мен тарихи көріністері суреттелген.
Іс-шараның өтуіне Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен Франциядағы қазақстандық әйелдер қауымдастығы QazElles мұрындық болды.
Айта кетейік, Франциядағы қазақстандық әйелдер қауымдастығы – QazElles – екі ел арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған ұйым. Олар мәдени, достық және экономикалық іс-шаралар ұйымдастырып, Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты дамытуға үлес қосуда. Олардың ұйымдастыруымен 2024 жылғы мамырда Қазақстанның Франциядағы елшілігі және QazElles қауымдастығы бірлесіп, Парижде киіз үй тігіп, «Қазақ ауылы» іс-шарасын өткізді. Бұл іс-шарада қонақтар дәстүрлі киіз үйдің тарихымен, заманауи қолөнер бұйымдарымен және Абай Құнанбайұлының француз тіліндегі шығармаларымен танысты. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Көрмеге арнайы келген осы қауымдастықтың басшысы Лариса Инджуджян алдағы өтетін «Қазақ ауылында» Шымкент қаласын дүйім Франция халқына таныстырмақ.
– Мен өзім қазақпын, Алматыда туып, оқып, Доминик Инджуджянға тұрмысқа шықтым. Ол француз. Қазақстандағы Франция елшілігінің мәдениет бөлімін ашуларыңызды қалаймын, өйткені Франция тәуелсіз Қазақстан деп таныған алғашқы елдердің бірі. Ал, біз Қазақстан өміріндегі бірінші француз кинофестивалін Шымкент қаласында көрсеттік. Сосын мәдениетпен айналысатындықтан, көрікті жерлерді көргіміз келіп, бізді өнер мұражайына апарды. Сол мұражайда Григорий Пономаренконың жұмысымен таныстық. Жақында біз қайта шырайлы қалаға келгенде, тұмса табиғатты көріп, мынау Пономаренко, мынау Пономаренко деп қайталай бердім. Міне, осыдан, неге Шымкенттің атын шығарған белгілі адамдардың шығармашылығынан көрме жасамасқа деген ой туды, – дейді Лариса ханым.
QazElles қауымдастығының осындай бастамалары қазақ мәдениетін Францияда насихаттап, екі ел арасындағы достықты нығайтуға айтарлықтай үлес қосуда.
Бұл іс-шара қала мәдениетінің өркендеуіне, оның танымал тұлғаларын дәріптеуге үлкен үлес қосқанына сенімдіміз.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА