Икрамжан Рафиков Шымкент қаласындағы «Ескі қалашық» шағынауданында туып-өскен. Әкесі Мұхамеджан суретші, Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында бутафор болып жұмыс істеген екен. Әке жолын қуған ұл кішкентайынан үйге келетін қазақ қолөнершілерін көріп, зергерлік өнерін көкейге түйіп өсті. Өзбек ұлтының шаңырағына бауырлас қазақ бутафорлары, әртістер, суретші-сәулетшілер жиі келетін. Олардың ішінде, әсіресе, белгілі суретші Абдулла Наурызбаев әкесіндей қамқор болып, ұлттық өнердің қыр-сырына баулыды. Бүгінде ол кісіні өзіне ұстаз тұтатын Икрамжан шебер темірден түйін түйген зергер.
Ол жасайтын жүзік, сырға, білезік, белдік, алқа, әрқайсысының мағынасы құнды. Олар тек әшекей бұйым ғана емес, тұтас композициялық өнер, ұлттың болмысы, тарихы мен бүгіні. Қазақтың зергерлік өнерін атасынан мирас етіп жалғастырып келе жатқан өзбек азаматы әсіресе, сақ дәуіріндегі және 18-19 ғасырда жасалған әшекей бұйымдарды бүгінгі заманға сай үндестіріп, көпшілікке дәріптеп жүр. Зергер бұйымдардағы әрбір ою-өрнектің сәнді де нақышты көрінуімен бірге оған мағына беруге де барын салады. Ондағы детальдарды тарихи кезең, ұлттық құндылық және салт-дәстүрмен сабақтастырады. Мұндайда қолданыстан шығып қалған кейбір ұлттық бұйымдардың өзі бүгінгі күнге сай сәнді де, жарасымды дүние боп шыға келеді.
—Әр бұйымды жасау үшін тарихты білу керек, әрбір оюдың өз мағынасы бар. Осы өнер арқылы қазақ тарихын біліп, сақтауға үлес қосып келе жатырмын. Өнерде шекара болмағанмен, әр өңірдің тұрмыс-тіршілігіне, мәдениетіне қарай айырмашылық болады. Мәселен, оңтүстіктің стилі басқа, солтүстіктікі бөлек, ал шығыс өнері Алтай, Қытай мәдениетіне, Батыстың қолөнері әзірбайжан, түрікпендерге ұқсайды. Яғни, өнер мен мәдениеттің географиялық ерекшелігі болады. Қазір көне сақ дәуіріндегі таңбалар бейнеленген бұйымдар трендте болғандықтан, көбіне әшекейлерді осы стильде жасаймын, – дейді шебер.
Қолөнерге қолдау мен сұраныс аз болса да, шын жанашырлық оны ұстаханадан алыстатпады. Керісінше, шығармашылық орта қалыптастырып, әкесі сара жол салған қазақ драма театрында бірнеше қойылымдарға өз өнерін ұсынды. Мысалы, «Қаракөз», «Абылай хан» қойылымдарында, «Қыз Жібек» спектаклінде Бекежанның заттары, Төлегеннің бас киімі, асатаяғы, батырлардың қылышы, бәрі Икрамжан шебердің қолынан шыққан. Ал, қолөнершілер одағы құрылған соң ол байқаулар мен көрмелерге қатысып, бағы жанды. Непалда, Түркияда көрермен назарына ұсынған бұйымдарын әлем халқы тамашалады. Ал, екі жыл бұрын Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлованың ұсынуымен Нью-Иоркте өткен халықаралық байқауда «Өңіржиек» композициясы бас жүлдені жеңіп алып, дүниежүзілік деңгейдегі қолөнерші мәртебесі берілді. Алдымен іріктеуге ұсынылған бұл жұмыстың технологисяы мен шығу тарихын таныстыру үшін ағылшын тілінде аударма жасауға арнайы мамандар көмектесіп, топ жарды. Кейін, финалға жолдама алған өнер туындысы осылайша қазақ өнерінің мерейін асқақтатты. Үндістан, Бельгия, Қытай, Малайзия сияқты елдерден керамика, тағы басқа өнер түрлері мен таланттарын тасаға ығыстырды.
Міне, осындай орта оған үнемі құлшыныс пен шығармашылық шабыт сыйлайды. Сондықтан, сұраныс пен қолдаудың жоқтығына қарамай, 35 жылдан бері темір илеп келеді. «Қазір Қытайдан келетін қаптаған бижутерия дүкен сөрелерінде самсап тұрған қолөнерді шын бағалаушылар аз, әрине. Сәйкесінше, қара жұмысынан қашып, әрі табысы жоқ болғандықтан, зергер болғысы келетін жастар да жоқтың қасы. Шәкірт табу қиын, қаншама уақыт көз майыңды тауысып , тәжірибе жинау керек. Ал, жастар таза кабинетте отырып, ақшаны мол әкелетін жұмыс істегісі келеді. Бұл үшін оларды кінәлай алмаймын әрине. Тек шынайы өнерді қолдау керек. Мәселен, дүниежүзілік байқаудан орын алып келген зергерді ешкім білмейді де, ал, спорт жарыстарында халықаралық додада топ жарған чемпиондарға қошемет зор болып жатады» – дейді ұста. Икрамжан зергер қолөнердің шын бағасы елу-жүз жылдан кейін беріледі деп ойлайды және жасаған туындылары орталық музейлерден орын алғанын қалайды.
Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.