Редакция таңдауы

ФРАНЦУЗ КӘСІПКЕРЛЕРІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА ӘЗІР

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге бастаған француз кәсіпкерлерімен кездесті. Іс-шара одан әрі Шымкент қаласы және Франция кәсіпкерлері арасында бизнес-форум, B2b форматындағы кездесуге ұласты.

Екі елдің бизнес өкілдері қатысқан форумда екіжақты ынтымақтастық, өзара сауда-экономикалық байланыс, әлеуетті инвестициялық жобалар талқыланып, меморандумға қол қойылды. Қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов Шымкент қаласының мүмкіндіктерімен таныстырып, шаһарда инвестициялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын атап өтті. Одан әрі екі тарап өзара ынтымақтастықты дамыту, әріптестікті нығайту жөнінде бірлескен меморандумдарға қол қойды.

EDF, Veolia, AZ Syndicat, C3Medical, Dualest, СП ALMGT, Richel Group сынды жетекші француз компаниялары мен Франция-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының (CCIFK) өкілдері Шымкентте бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Бірлескен бизнес-форум аясында өткен B2B кездесулерде жасалған келісімдер екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін бермек.

Кездесу барысында 2025–2028 жылдарға арналған ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Жол картасына қол қойылды. Бұл құжат мәдениет және білім беру саласында тәжірибе алмасуға, қала құрылысы, ауыл шаруашылығы және қалалық инфрақұрылым салаларына озық француз технологияларын енгізуге және денсаулық сақтау, ғылым және білім беру салаларындағы әріптестікті нығайтуға негізделген.

Бұдан бөлек, келісім туризмді дамытуға ықпал етеді. Оның ішінде Шымкентте Франция мәдениеті күндерін және Францияда Шымкент күндерін өткізу, сондай-ақ, инвестициялық ахуалды жақсарту мен іскерлік байланыстарды кеңейту шаралары бар. Жол картасын іске асыру қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Шымкенттің тұрақты дамуында маңызды қадам болмақ.

Бұдан бөлек, іс-шара аясында гастрономиялық кешкі ас ұйымдастырылды. Онда әйгілі француз шеф-аспазы Карлос Марсал мен қазақстандық шеф-аспаз Артём Канцев қонақтарға қазақ және француз тағамдарын заманауи үлгіде ұсынды.

Ә.АЙТӨРЕ

Соңғы жаңалықтар