ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында бірқатар нысандарға барды. Энергиямен қамтамасыз ететін стратегиялық нысандар – жылу және электр жүйелерінің жаңартылуы, төтенше жағдайлар департаментінің көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын бақылап, бірқатар тапсырмалар берді.
Қ.Бозымбаев алдымен Нұрсәт шағынауданындағы «АДЦ-160 Гкал» қазандығын жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Аталған шаралар жылумен қамтамасыз етуді жақсартып қана қоймай, пайдалану шығындарын азайтады және жылу көзінің тұтынушыларға жақын орналасуын пайдалана отырып, жылыту режимін жылдам реттеуге мүмкіндік береді. «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің директоры Асқар Бөлешовтің айтуынша, аталған қазандық 144 үйді және 11 әлеуметтік нысанды, яғни, қаланың 10 %-ын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. Қазандықты қаланың солтүстік бөлігіне қосу жобасының бүгінгі таңда екінші кезең жұмыстары аяқталды. Қала әкімдігі 2027 жылға дейін қолданыстағы 5 қазандыққа қоса жалпы қуаты 120 Гкал болатын 4 қазандық орнатуды жоспарлап отыр.
Өткен жылы қалада 29 шақырым жылу желісі және 330 шақырым электр желісі қайта жаңғырды. Қазандықтар жөнделіп, трансформаторлар ауыстырылды. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында шаһарда 429 шақырым электр энергиясы, 17 шақырым жылу, 454 шақырым су және 161 шақырым кәріз жүйелері жаңартылатын болады.
Сонымен қатар, ҚР Премьер-министрінің орынбасары жұмыс сапары аясында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысын және «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының өткізілу барысын пысықтады. Іс-шара барысында ТЖД-ның дайындық деңгейі мен материалдық-техникалық базасын тексеру, су тасқынының алдын алу шаралары, сондай-ақ, оқу-жаттығудың мақсаттары мен ұйымдастырылуы мәселелерін талқылады. Премьер-министрдің орынбасары су тасқыны кезеңіне дайындықты күшейту және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Шаһарда 110/10 кВ кабельдік желімен жабдықталған, 36 МВт қуаты бар «Дендропарк» жаңа электр қосалқы станциясы іске қосылған болатын. Қосалқы станция Абай және Әл-Фараби ауданында қарқынды дамып жатқан жаңа тұрғын аймақ пен коммерциялық нысандарды тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Жоба 2024 жылы «Тарифті инвестицияға айырбастау» инвестициялық бағдарламасы аясында бюджеттік қаражатсыз іске асырылды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары қосалқы станцияның жұмысын аралап көрді.
Шымкентте 400 шақырымнан астам ескірген электр желілерін ауыстыру және қуаты 125 МВт болатын жаңа «Қызылсу» электр подстанциясының құрылысы қарастырылып жатыр.
Тағабай ҚАСЫМОВ