Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков апта сайын шаһарды аралап, түрлі салаларда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап отыратыны белгілі. Осы жолғы аралау барысында шаһар басшысы Әл-Фараби ауданының аумағында орналасқан «Шымкент-1» газ тарату станциясының жұмысымен танысып шықты. Бұл қала тұрғындарын көгілдір отынмен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын энергетикалық нысандардың бірі болып есептеледі. Бұл станция сағатына 80 000 мың текше метр газ жеткізу қуатына ие.
Станцияның жұмысымен танысу барысында магистральды газ құбырларын басқару филиалының басшылығы Ғабит
Әбдімәжитұлына нысанды пайдалану және техникалық қызмет көрсету кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы жан-жақты әрі толық ақпарат берді.
Мұнан кейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданында Назарбаев және Бәйдібек би даңғылының қиылысында салынып жатқан көлік өткелінің жобасымен танысты. Бүгінде Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамытып, көлік қозғалысын жетілдіруге және көлік кептелісін азайтуға бағытталған жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Аталған көшелердегі көлік қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік беретін бұл жоба қаладағы жүйелі жұмыстың тағы бір көрінісі деуге болады.
Айта кетейік, биыл Шымкентте жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көшелердің үлесін
79 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін жолдағы құрылыс-жөндеу жұмыстары мен көшелерді күтіп ұстауға бюджеттен 57,5 млрд. тг бөлінді. Осы қаржының есебінен жалпы ұзындығы
222 шақырымдық 271 көшеде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін 197 шақырымдық 263 көшені пайдалануға беру жоспарланған.
Бұдан әрі қарай қала әкімі еліміздегі ең ірі жылыжай кешені – «Alsera KZ» ЖШС-і құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Абай ауданының аумағында орналасқан бұл жылыжай кешені құрылыс қаңқасының монтаждау жұмыстары қазіргі таңда 80 пайызға аяқталған. Инвестор жобаның алғашқы кезеңін (15 га) биыл мамыр айында аяқтауды жоспарлап отыр. Ғ.Сыздықбеков жауапты басқармаларға жылыжайды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
С.ЖАМАЛДИНОВА