Редакция таңдауы

Тұран ауданының тұрғындарымен кездесу өтті

Шымкент қаласы мәслихатының құрылыс және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Шыңғыс Қозбахов Тұран ауданының тұрғындарымен кездесіп, есеп берді. Сондай-ақ, кездесуге келген аудан әкімі Берік Әшірбеков жиналған жұрттың базынасын тыңдап, атқарылған шараларға қатысты кемшіліктерді қайта қарастыруды назарға алатынын жеткізді.


Кездесуге ауданнан сайланған мәслихат депутаттары, әкімдік өкілдері, жауапты сала мамандары, қоғам белсенділері мен аудан тұрғындары қатысты. Халықпен кездесудің басты мақсаты — жергілікті басқару органдары мен халық арасында ашық диалог орнату, сондай-ақ, аудан халқының өзекті мәселелерін талқылауға арналды. Осы арқылы тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, оларды шешудің жолдары қарастырылды.
Сонымен бірге, жиында Шымкент қаласының мәслихаты тарапынан былтыр атқарылған істер мен Тұран ауданы аумағында іске асырылған және жоспарланған жұмыстардың барысы баяндалды. Соның ішінде аудан жұртшылығы жауаптылармен бірге қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол жөндеу, қоғамдық қауіпсіздік, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты өзекті мәселелерді бірге көтерді.
Кездесуге келген аудан тұрғындарының арыз-шағымы мен талап-тілегі де көп болды. Әсіресе, халықтың арқасына батып отырғаны сапасыз жол құрылысы, коммуналдық қызметтің күрт қымбаттауы, балаларға арналған ойын алаңқайы мен стадион салу, көшелерді жарықпен қамтамасыз ету, жол белгілерін орнату мен қаңғыбас иттердің мәселесі екен. Сондай-ақ, тұрғындар қоғамдық көлікпен қамтамасыз етуді сұрады. Себебі, оқушылардың үй мен мектепке қатынауы мұңға айналған. Шалшық су мен батпақты жерді былай қойғанда, салынған жолдардың сапасыздығымен бірге жеңіл көлік кіріп-шығуы қиын, автобус бұрыла алмайтын жолдар да жұрттың жүйкесін жұқартып-ақ келеді. Кездесуде бұл мәселені тұрғындардың дені жеке-жеке көтерді. Сонымен қатар, аудан халқы заңды алынған жерлерін заңдастырудың қиындығын да тілге тиек етті.
Шыңғыс Қозбаховтың сөзінше, аудан көшелерін жарықтандыру биыл толық шешімін тапса, жақсы жағдайдағы жолдарды жүз пайызға жеткізуді әкімдік уәде етіп отыр. Қаңғыбас иттердің мәселесін де шешу жолы қарастырылып, бригада санын арттыру қарастырылмақ.
Жалпы өтініштердің орындалу барысы тұрақты бақылауға алынып, күрделі мәселелерді шешу үшін депутаттар тарапынан құзырлы органдарға сауалдар жолданатын болады. Халықпен кездесулер алдағы уақытта да қаланың өзге аудандарында жалғасып, азаматтардың ұсыныстары мен талап-тілектері назарға алынбақ.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар