Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай «Достық» үйінде Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер мен блогерлер клубының отырысы өтті. Алқақотан отырыста клубтың жоспары бекітілді. Ассамблеяның 30 жылдығын ұйымдастыру және өткізудің іс-шара жоспары мен қайырымдылық бағыттағы іс-шараларға ақпараттық қолдау көрсету мәселелері талқыланды.
«Amanat» партиясы Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы, клуб төрағасы Әбдез Рахманның кіріспе сөзінен кейін жоғарыдағы мәселелерге байланысты ойлар айтылды.
Құдайға шүкір деп айтайық, бүгінде қазақ өз елі, өз жерінде мемлекет құраушы ұлтқа айналып келеді. Республика халқының 70 пайызға жуығын құрап отыр. Алайда, «азшылықта жеген құйқаның дәмі кетпес» деген бар. Өткенді ұмытпау керек. Бізге сөз тигенде осы жағын баса айттық.
Киіз туылдырықты көшпенді халқымыздың көрмегені жоқ. Шапқыншылықтан көз ашпады. Бай мен кедейді теңестіреді, ең әділ үкімет деген Кеңес одағының өзінде де қынадай қырылып қалды. Қолдан аштыққа ұрындырды. Заман түзелді деген сонау тың игеру жылдарында осы қазақ өз елі, өз жерінде 29 пайызға зорға жетті.
КСРО империясы тарап, одақтағы бар мемлекет Тәуелсіздігін жариялап жатқанда Қазақстанға кезек ең соңынан тиді. Оның да құнын қатты білмедік. Өз аяғымен келгендей көретіндер әлі бар.
Қазақстан халқы Ассамблеясы текке құрылмапты. Тәуелсіздіктен үмітіміз болып қол созған кезімізде қазақтың саны 40 пайызға да жетпеген.
Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірінші Президенттің Қазақстанды қалыптастырудағы орны үлкен» десе, нақ осы жерден көрінеді. «Көп ұлттылық – Қазақстанның мақтанышы» идеясының жеміс берген тұсы осы. Қазақстан халқы Ассамблеясының өмірге келуінің мәнісі сол, мемлекетіміздегі жүздеген этностар бір-біріне мылтық кеземей-ақ келісімге келді. Егемендікті жақтады. Шекара шегенделді. Кеше ғана бауыр болып отырған туысқан ұлттар бір-біріне жау болып, пышақ ала жүргенде біздің мемлекетіміздің түтіні түзу шығып жатты. Аллаға шүкір.
Сондықтан, Қазақстандағы барша ұлттар мен ұлыстар біздің ортақ бауырымыз. Алайда, кең қолтық қазақтың ақкөңілдігін, меймандостығын басқаға жоруға болмайды. Тату тұр. Бірге бол. Бір мақсат, бір мүддеге қызмет қыл. Қазақстанды әлемдегі қуатты елдердің қатарына қосу үшін тізе қосып еңбек ет. Ғылымның игілігін пайдалан. Ал, Ассамблея жанындағы журналистер мен блогерлер клубының мақсаты — ынтымақтастықты, татулықты нақты істермен дәріптеу. Дұрысырақ айтқанда, достықтың алтын көпірі болу.
Жер атты дөңгелек дүниенің алапат айқастардан теңселіп тұрғанын айтудай айттық. Шырпы тастаса қау ете қалатын, ие бермес өртке айналатын мәселе өз елімізде де жетеді. Бірақ, ел ішін алатайдай бүлдіретіндерге керегі, осылай намысқа тиіп, елді көшеге аттандатып шығару, мемлекеттің тұтастығына сына қағу. Осылай болса екен деп соларды қаржыландырып отырған топтар бар екендігі де байқалып қалады. Ал, Қазақстанға ешқандай екінші қаңтар оқиғасы керек емес.
Жиында осы мәселелер көбірек айтылды. Айтылатын жөні де бар. Адамдарға бейбіт өмір керек. Бақтың барар жері — ынтымақ. Бір мақсат, бір мүддеге ыңғайласқан мемлекеттің көші ешқашан жолынан жаңылмайды.
Бақтияр ТАЙЖАН