Редакция таңдауы

ДІН МЕН ДӘСТҮР – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ

Жыл басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2025 жыл – «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. «Жарасымды отбасындағы өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды қанға сіңген қасиеттерді жаңғырту үшін 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялау туралы шешім қабылдадық. Алла қаласа, осы жыл аясында бірнеше іс-шараларды жүзеге асырамыз» деген болатын. Осыған орай өткен аптада Шымкент қаласына Наурызбай қажы Тағанұлы өзі келіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ даласында: Ислам және отбасы құндылығы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясында баяндама жасады.

– Отбасы – өзектілігін ешқашан жоғалтпайтын, замана тұрғанша өміршеңдігін жоймайтын маңызды ұғым. Алдымен отбасының Алла берген баға жетпес нығмет екенін естен шығармаған жөн. «Сендер үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік салғаны – Оның белгілерінің бірі» деп қасиетті Құран Кәрімде баяндалғандай, ер мен әйелдің неке одағын отбасы деп атаймыз. Аталмыш аят отбасының мейірімділік пен сүйіспеншілікке негізделгенін көрсетеді. Бұдан кейін отбасы – тәрбие ошағы, ұрпақ тәрбиесінің негізгі мекені. Ата-ана өз балаларына дұрыс тәрбие беріп, оларды имандылыққа, әдептілікке, еңбекқорлыққа үйретуі тиіс. Пайғамбарымыз бір өсиетінде «Әкенің баласына бере алатын ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие» дейді. Демек, отбасындағы тәрбиенің негізгі жауапкершілігі ер адамның мойнында, ал, берекелі болуы ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы мен тәрбиесіне байланысты. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген секілді ауыз әдебиетіміздегі мақал, қанатты сөздер ата-ана тәрбиесінің аса маңызды екенін білдіреді, – деді баяндамасында.
Конференция уақыты қасиетті жұмаға сәйкес келіп, «Сейітжан қари Есжанұлы» мешітіне жиналған көпшілік бас мүфтидің жұма уағызын тыңдап, Наурызбай қажы ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады. Осыдан кейін бас мүфти Ө.Жәнібеков атындағы университет қабырғасында зиялы қауым өкілдері, ардагерлер және студент жастармен кездесіп, дәстүр мен дін сабақтастығы жайлы ой қозғады.
Кездесу барысында дәстүр мен дін сабақтастығының маңыздылығы, ұлттық құндылықтар мен ислам дінінің өзара байланысы сөз болды. Бас мүфти қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерінің ислам дінімен үндесетін тұстарына ерекше тоқталып, ата-баба жолын ұстанудың, рухани құндылықтарды сақтау мен насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. Ислам құндылықтары мен қазақ салт-дәстүрі арасында әдемі сабақтастық пен үндестік бар. Екеуінің де алатын орны қазіргі уақытта үлкен маңызға ие. Себебі, ата-баба салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыпының қайнар көзі – Ислам дінінен бастау алған.
– Халқымызда «Уықты басқұр сақтайды, халықты дәстүр сақтайды» деген сөз бар. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы халқымыздың дәстүріне ерекше көңіл бөледі, соның дәлелі ретінде біраз жыл бұрын муфтиятта дін мен дәстүр бөлімі ашылды. Мақсатымыз — ұлттың салтын сақтап, дәстүрін дінімізбен бірге сабақтастыра отырып дәріптеу. «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген қанатты қағиданы білесіздер. Дәстүр еліміздің жылдар бойғы қалыптасқан салты. «Дінді ұстан, дәстүр жолымен әмір ет» деген де сөз бар. Орта Азия халықтары діни басқармалары арасында былтыр «Ислам діні жергілікті халықтың дәстүрін қолдайды» деген арнайы құжат қабылданды. Өздеріңіз білесіздер, ислам дінін жамылып, сәлем салу, домбыра тартуды ширк деушілер қоғамды адастыра бастады, – деді бас мүфти.
Кездесу барысында ардагерлер Бас мүфтиге көкейіндегі сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар, дегендей, қазіргі қазақ қоғамындағы кейбір ысырапшылдыққа әкелетін шараларды қысқарту керектігін айтып, пікір алмасты.
Шынында, халқымызды біріктіретін, жұртты жұмылдыратын құндылықтың бірі – дін. Өкінішке қарай, кейбір жат ағым өкілдері дінді елді біріктіретін емес, іргесін сөгетін құралға айналдыруға ұмтылып жатыр. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани тұтастығын бұзғысы келетін жат ағымдар біздің салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрыптарымызға қарсы шығуда. Олар ата-анаға құрмет көрсетуді, әруақтарды еске алуды, ас беру мен құран бағыштауды қате деп санайды. Бұл қазақтың болмысына тікелей қауіп төндіреді. Осындайлардың салдарынан қоғамда дінге секеммен қарайтын көзқарас пайда болды. Осы құбылысқа қоғам қайраткерлері де алаңдаушылық білдірді.
«Ваххабизм бе, шолақ шалбар киген, сақал қойған кейбір жат ағымдар кесірінен көптеген қазақ отбасылары зардап шегуде. Дәстүрлі исламнан ауытқыған кейбір жастар ата-аналарымен қарым-қатынасты үзіп, ұлттық дәстүрден алшақтау сияқты келеңсіз жағдайлар жиі орын алуда. Мұндай тенденциялар ұлттық бірегейлігімізге зор қауіп төндіреді. Жастарға дұрыс діни білім беру – басты міндет. Бізге қазақи исламды дәріптеп, мешіттерде дәстүрлі бағыттағы ғалымдардың еңбектерін насихаттау керек. Сол кезде ғана біз сыртқы ықпалға қарсы тұра аламыз» деген пікірлерін білдірді.
Расымен, қазақтың рухани, ұлттық ағартушылық тарихында ислам тәрбиесінің рөлі зор екені белгілі. Алғашқы ұстаз, Ыбырай Алтынсарин «Бір Аллаға сиынып, Кел балалар оқылық» деп тегін айтпаған. Осы тұрғыда бас мүфти елімізде 9 колледж-медресе жұмыс істейтінін айтты.
– Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, байырғы діни-тәрбиелік бағыт ұстанған оқу орындары қайтадан жанданды. Бірақ, алғашқы жылдары бұл іс жүйелі жүргізілмеді. Көп жағдайда ұлттық көзқарасымыз бен қазақы наным-сенімге қайшы тұстары бар шетелдік діни ұйымдар келіп, сабақ жүргізді. Оның зардабын да тарттық. «Көш жүре түзеледі» демекші, қазіргі таңда отандық діни білім берудің стандарты, жүйесі қалыптасты. Яғни, мемлекет діни-ағартушылық бағытты жүйелеу бағыты бойынша діни білім алғысы келген жастар қазір тек өз елімізде оқытылады. Оған барлық жағдай жасалған және толыққанды стандартқа сай білім беретін оқу орындары жұмыс істеп тұр. Өзіміздің білікті діни мамандардың қатысуымен халқымыздың менталитетіне, мәдениетіне, ұғым түсінігіне, салт-дәстүріне негізделген және шариғи шарттарды толық қанағаттандыратын әрі құран-сүннетке сай діни классикалық әдістемелерді негізге алып жазылған сабақтар ғана үйретіледі, зайырлы білім береді, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар, жиында «Дәстүр мен дін» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл еңбектің қазақ халқының мәдениеті мен діни құндылықтарын ұштастыра отырып, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған құнды дүние болары анық. Бұл кітап жоғарыда айтқан жат ағымдардан жастарымызды сақтандыру үшін атқарып жатқан жұмыстың бір ғана көрінісі. Жиын соңында Наурызбай қажы Тағанұлы жастарды қазақ халқының рухани өрлеуіне үлес қосуға шақырып, университет шәкірттеріне тұшымды лекция оқыды.
«Ғасырлар сынынан өткен ұлттық, діни құндылықтардың уызына жарыған, санасы мен жүрегіне дәстүрлі имандылықты ұялатқан жас буын кез келген жат ағымға төтеп бере алады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымызды біріктіретін жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеп, жүзеге асыру жұмыстарын аянбай жүргізе береді.
Мемлекет басшысы айтқан: «Еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар» деген елдік ұстаным – біз үшін де темірқазық» деген бас мүфтидің сөзі көп жасқа ой салар деп ойлаймыз.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар