Редакция таңдауы

ҰЛТАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – НЕГІЗГІ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ

Бірлігі жарасқан еліміз өзінің тағы да бір асқаралы кезеңі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына үлкен табыстармен келіп отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз», — деп атап көрсеткен болатын.

Осынау айтулы мерейтойдың аясында республикамызда сан алуан танымдық, ғылыми басқосулар, конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, ғылыми талдамалар жасалып жатыр. Әртүрлі платформалар мен пікіралмасу алаңдарында Ассамблеяның ел дамуындағы орны мен атқарған қызметі таразыланып келеді. Сондай айтулы іс-шараның бірі жуырда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде өтті. «Ұлтаралық татулық пен ынтымақтастық – негізгі құндылығымыз» атты іс-шараның мақсаты ұлтаралық татулықты нығайту жолдарының ғылыми-теориялық негіздерін көпшіліктік сипатта дәлелдеу, сондай-ақ, Қазақстан қоғамында этностар арасындағы бейбітшілік пен өзара құрметті насихаттаудың теориялары мен әдістемелерін жасау және әртүрлі этнос өкілдері арасындағы келісімді сақтау және дамыту жолдарын талқылау болатын. Бұл іс-шара барысында қатысушылар этнопсихология ғылымдарының жаңалықтарымен бөлісіп, этнос өкілдері арасындағы байланысты дамытудағы мемлекеттік тілдің маңызы мен рөлін ашып көрсетті, сондай-ақ, ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсету үшін Қазақстанның көпұлтты қоғамында ынтымақтастықтың негізгі құндылық ретіндегі рөлін айқындауға атсалысып, бірлік пен тұрақтылықты сақтаудағы әр этностың үлесін атап өтті. Оған қоса, бұл Ассамблеядағы жастардың рөлін анықтау мақсатында азаматтар арасындағы толеранттылық, достық және өзара түсіністік құндылықтарын ілгерілетудің әдістемелік негізі мен жолдарын анықтау болашақ ұрпаққа этносаралық келісімнің маңызды екенін түсіндіру жолдары мен формаларын негіздеу сияқты келелі мақсаттарды алдына қойған дөңгелек үстел ретінде өтті.
Оның жұмысына 2 ғылым докторы, профессорлар, 10-ға жуық ғылым кандидаты, 6 магистр, Шымкент қалалық 2 этномәдени бірлестіктер төрағалары, «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы, ҚР Мәдениет қайраткері және 30-ға жуық студент жастар қатысты.
Ғылыми тұрғыда мәні жоғарғы конференцияда ҚХА кафедраларының республикалық «Шаңырақ» қауымдастығының төрайымы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдардың докторы Калашникова Наталья Павловна ZOOM жүйесі арқылы құттықтап, М.Әуезов атындағы ОҚУ қызметіне жоғары баға бере келе, қауымдастық атынан шынайы ризашылығын білдірді.
Иә, шындығына келер болсақ, оқу орнымыз Ассамблеяның идеялары мен бағдарламаларын қолдай отырып, білім алушылар арасында достық, толеранттылық және өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударып келеді. Қазіргі таңда университеттің профессор-оқытушыларының 400-і, ал, студенттердің шамамен 2 мыңға жуығы әртүрлі этностардың өкілдері. Осындай іргелі әрі көпэтносты білім ордасында ұйымдастырушылық қызметтің маңызы зор. Сол себепті, университетте «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы мен «Тұлғаны дамыту және ҚХА» атты орталық жұмыс істейді. Бұл орталық республикалық «Шаңырақ» қоғамдық қауымдастығына мүшелікке енген.
Ұстаздан шәкірт озады дегендей, оқу ордамыздың осынау тамаша дәстүрін бойына сіңірген этнос жастары дипломдарын қолдарына алғаннан кейін кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде өз орнын тауып, халыққа қалтқысыз қызмет жасап жүр. Солардың арасында бірегейлері ¬- Сенат депутаты, тарих мамандығының түлегі Сатвалдиев Әлішер Гапиржанович, 8-ші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты Рожин Максим Николаевичті айта кетуіміз қажет.
Қазақстан – бейбітшілік пен бірліктің нышанына айналған ел. Өйткені, басты байлығымыз – мультимәдениетті елдің ішкі татулығы мен бірлігі. Әртүрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында өзара түсіністік пен құрметке негізделген қарым-қатынас құруы – қоғамның басты құндылығы. Әрқайсымыздың мақсатымыз – осы құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізу, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау болса, өткізілген дөңгелек үстелдің барысында оған қатысушылар осы маңызды ойды өз санасына түйіп алғандығы сөзсіз.

Г.ЖАНЫСБЕКОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты,
М.Әуезов
атындағы ОҚУ
«Тұлғаны дамыту және ҚХА»
орталығының
басшысы

Соңғы жаңалықтар