Еліміздің бірқатар қалаларымен бірге өткен жылы Шымкентте енгізілген мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба өзінің тиімділігін көрсетті. Әділ, сапалы, ашық әрі тиімді деген жоба биыл еліміздегі барлық мектепке дейінгі ұйымдарда іске асатын болды. Жаңа механизм барлық балалар мен олардың отбасыларының мектепке дейінгі білім мен тәрбиеге тең дәрежеде қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әуелі «ваучерлік қаржыландыру дегеніміз не?» деген сұраққа жауап берсек. Ваучер – белгілі бір тауарға немесе көрсетілген қызметтерге ақы төленгенін куәландыратын растама құжат. Яғни, бұл жүйенің басты ерекшелігі бюджеттің ақшасы балабақшаға емес, нақты бір балаға арнап бөлінеді. Бала қай балабақшаға барса, қаржы сол жерге құйылып отырады. «Балаға берілетін ақша» ұғымы алғаш рет ел Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсысымыз үшін» атты сайлауалды бағдарламасында айтылған болатын. «Балаға берілетін ақша» қағидатын жүзеге асыра отырып, балабақшалардағы орындарды есепке алудың, реттілігі мен бөлудің бірыңғай базасын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйені енгізу ұсынылды.
Еліміздің оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім берумен байланысты барлық кезеңді – кезекке тұрудан бастап, қызмет ақысын төлеуге дейінгі кезеңді осы жүйенің аясында қарады. Енді бала басқа балабақшаға ауысса, оның білім алуын қаржыландыруға берілетін мемлекеттік ваучер соның артынан «ере кетеді». Бұл жүйе мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға ынталандырады. Жақсырақ қызмет көрсететін балабақшаларға көбірек балалар барып, осылайша олардың мүмкіндіктерін кеңейтсе, сұранысы аз мекемелер қызметтерін жақсартуға ұмтылады.
Жаңа жүйенің маңызды жетістіктерінің бірі – балабақшаға кезекке тұру мәселесін оңтайлы шешу. Енді ата-аналар берген өтінімдер әділ түрде қаралып, кезек тек алға жылжиды. Жүйе барлық қатысушыларға тең жағдайды қамтамасыз етіп, жоба уақытында ата-аналардан түскен 30,8 мың жаңа өтініммен расталған. Пилоттық жобаға қатысқан кейбір қалаларда кезекте тұрған 2 жастан асқан балалардың барлығы балабақшамен қамтылған болса, Шымкентте осындай кезекте тұрғандардың қатары едәуір азайғаны байқалған.
Сонымен қатар, ата-аналар өз таңдауларын еркін жасап, ваучер арқылы балабақшаларды ауыстыру мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде балабақшалар өз қызметтерінің сапасын арттыруға және ата-аналардың сенімін жаулап алуға ұмтылды.
Жоба барысында барлық бизнес-процестердің автоматтандырылуы қағазбастылықты азайтып, ата-аналар мен мемлекеттік органдардың жұмысына айтарлықтай жеңілдік әкелді. Әзірленген цифрлық модуль арқылы әр балаға арнайы «цифрлық портрет» жасалып, қаржылық ағындардың ашықтығы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, тәуекелдерді басқару жүйесі енгізіліп, кез келген ауытқуларды дер кезінде анықтауға, және оларды жою үшін қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік беріп, жүйеге деген сенімділікті одан әрі нығайтты.
Пилоттық жоба жүзеге асқан уақытта Шымкентте кейбір заңсыздықтар анықталған. Атап айтсақ, басқа өңірлерден келген тәрбиеленушілерді тіркеу, салық түсімдерінің болмауы, деректердің дұрыс енгізілмеуі мен негізсіз қаржыландыру мәселелері болды. Әсіресе, жоқ баланы тіркеу арқылы ақша алып отырған жағдайлар көп кездескен. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде бір балабақшаға қаржыландыру тоқтатылып, бала санын нақты есепке алу арқылы 1,5 миллиард теңге үнемделген. Басқа үш қалада да осыған ұқсас жағдайлар орын алған. Бұл сәйкессіздіктерді жою және кезекті қысқарту арқылы 147 млн теңге үнемдеуге қол жеткізілді. Бұл жүйенің ашықтығы мен тиімділігін тағы да дәлелдеді. Міне, осындай тиімділікті көрсеткен ваучерлік қаржыландыру жобасын еліміздің барлық қалаларында енгізу басталды. Шымкент қаласында мектепке дейінгі білім беру жүйесі толықтай ваучерлік қаржыландыруға өтті.
Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты 627 білім беру ұйымы жергілікті және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. 71 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым, 556 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде 553-і мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландырылса, 3-і өзін-өзі қаржыландырады. Қазіргі уақытқа дейін Шымкенттегі 617 мектепке дейінгі ұйым ваучерлік қаржыландыру жүйесіне қосылды. Бұл мекемелерде 73 045 бала тәрбие мен білім алуда. INDIGO-24kz ақпараттық жүйесі арқылы бүгінгі күнге дейін 18 247 балаға ваучер берілді.
Жаңа қаржыландыру жүйесі мектепке дейінгі білім саласында бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, ата-аналардың таңдау еркіндігі – енді ата-аналар өздерінің қалауы бойынша мектепке дейінгі ұйымды таңдай алады және қажет болған жағдайда басқа балабақшаға оңай ауыса алады. Қызмет сапасының артуы – бәсекелестік орта қалыптасып, балабақшалар ата-аналар мен балаларға сапалы қызмет көрсетуге мүдделі бола бастады. Қаржыландырудың ашықтығы – жүйенің толық автоматтандырылуы нәтижесінде қаржылық ағындардың ашықтығы қамтамасыз етілді, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетті.
«Өлі жандар» мәселесін жою – жаңа жүйе мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының нақты бала санын тіркеп, жалған есептілікті болдырмауға көмектесті. Еңбек шығындарын азайту – әкімшілік жүктеменің төмендеуі мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысының тиімділігін арттырды. Кедергісіз қаржыландыру – балабақшаларда қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қаржыландыру уақтылы жүргізіліп отырады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласында мектепке дейінгі білім сапасын арттыру мақсатында педагогтардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы
1044 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар, педагогтар әр 5 жыл сайын аттестациядан өтіп, кәсіби деңгейін растайды.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА