Редакция таңдауы

БИЫЛ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫНЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ БАСТАЛМАҚ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деген болатын.

Осы орайда, біздің кейіпкеріміз әңгімесін «Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы өз кәсібін жетік меңгерген мамандар үшін көптен күткен жаңалық болғаны сөзсіз» деп бастады.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Кеңесов Есенгелді – Шымкент қаласындағы №136 құрылысшы мамандар даярлайтын кәсіптік-техникалық училищенің түлегі. Ол осы оқу орнын «ағаш ұстасы» мамандығы бойынша үздік бітіріп, бүгінде Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті мәртебесіне ие болған Қарағанды политехникалық институтына түсіп кетті. Ол кезде, яғни, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының екінші жартысында бұл институт даярлайтын мамандық саны шектеулі болды. Анығырақ айтсақ, «Пайдалы қазбалар кен орындарын игеру» және «Тау-кен электромеханикасы» секілді мамандықтар еді. Есенгелді Кеңесов соның «механикасын» меңгерді.
–Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында кәсіптік білім беру саласына реформа жасау айрықша өзекті мәселе екенін айта отырып, бұл экономиканың өсімін қамтамасыз ету үшін де аса қажет қадам деп атап көрсетті. Бұл білім жүйесі маған өте таныс. Ашығын айтсам, менің болашағыма жол ашқан осы кәсіптік-техникалық оқу орны сияқты көрінеді де тұрады. Өйткені, мұнда мамандыққа даярлау өте тыңғылықты жүргізілді. Оған өзім жүріп өткен білім және еңбек жолым толық дәлел бола алады, – деп жалғастырды ол. – Біз белгілі бір кәсіпке шыңдалуды өте ерте бастадық. Сол 13-тен 14 жасқа аяқ басқан кезде Шымкент қаласынан кәсіптік білім беру жүйесінің өкілдері аудан-ауданды, ауыл-ауылды аралап, насихат жүргізді. Олардың айтуынша «жатақхана, үш мезгіл тамақ және жылына екі рет киім-кешек тегін беріледі». Шынында да солай болды.
Әр оқу жылында теория жүзінде алған білімімізді өндіріс орындарына барып, іс-тәжірибемен ұштастырып, негіздеп бекітіп отырдық. Бұл жерде жалындап тұрған жастығымыз – өз алдына. Өндіріс орындарындағы түрлі материал, станоктарға деген қызығушылығымыз да басым болды. «Мамандыққа даярлау» оқулығынан суретін ғана көріп, сипаттамаларын жаттап жүрген құрал-жабдықтар қолымызға тиген соң, құлшына кірістік. Жалақы берілмейтінін алдын ала ескертіп қойса да тура бір үлкен сый-сияпатқа ие болатындай бар ынтамызбен жұмыс істедік. Сол кезде байқағаным, теориялық білімнен гөрі іс-тәжірибе арқылы үйренудің пайдасы мол екен.
«Жұмысшы мамандығы» дегеннің өзі қандай жұмыс болса да, ауыр-жеңіліне қарамай, бір бастаған соң аяғына бір-ақ шығатын тәуекелшіл кәсіп иесі болу деген сөз. Бүгінде, міне, Қазақстан Президенті жұмысшы мамандықтары жайлы олардың өз кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам екенін, оның қашанда лайықты бағасын алатынынын айтып отыр. Әрине, мұндай аталы сөздің қоғам санасын жақсы жаққа бағыттап, жұмысшы мамандығына деген ықылас, мейірім егуі әбден мүмкін. «Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», – деді Президент.
Жалпы алғанда, еңбек адамынан гөрі жұмысшы маманның айырмасы көп. Еңбек адамы дегеніміз – сұранысқа ие болып отырған түрлі атаулы жұмыстарды атқара беретін, талғамнан гөрі қолы епсейлі, іс-әрекеті мол адамдар. Ал, жұмысшы маманы – белгілі кәсіби білім алған, өз мамандығын терең меңгерген, дағдысы жоғары азаматтар. Міне, біз кәмелетке енді толғанда ауыл көшесінен қалаға келіп, кәсіби білім алдық, Сондықтан да болса керек, сол білім бағдарламасы жүрегіме анағұрлым жақын.
Рас, қазіргі таңда кейбір салаларда жұмысшы мамандардың тапшылығы байқалып жатады. Оны күнде сан рет қайталанып жататын жарнамалардан-ақ байқауға болады. Өткенде, осы әңгіме болардың алдында ғана, кәсіби маман іздеушілердің жарнамасын қызықтай қалдым. Сонда байқағаным, есік-терезе орнату, сантехник, электрик, жиһаз жасаудан бастап, бояушы, тігіншіге дейін сұранысқа ие. Соған қарап қайсы бағыттың ақсап жатқанын, бізде қандай мамандыққа сұраныс көп дегенді зерделеуге болады екен.
Биыл Мемлекет басшысының осы мәселені қабырғасынан қойып отырғаны, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне ауқымды реформалар жасау керектігін алға тартып отырғаны да содан болар деп ойлаймын.
Біздің тұрғыластар қалаға ағылып келіп, кәсіптік-техникалық білім беретін мекемелерге құжат тапсырғанда олардың бәрі дерлік мемлекеттік оқу орны еді.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары кәсіптік-техникалық оқыту жүйесі көптеген реформаларды бастан кешті. Осы ауытқушылықтардың әсері жастардың жұмысшы мамандығы бойынша оқуға деген ынтасын төмендетіп жіберді. Жан-жағымызда тоқтаусыз жүріп жатқан құрылысқа аса қажетті дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, сылақшы, тас қалаушы сынды мамандықтарды игергісі келетін жастар кемшін тартты. Қанша себептермен осы оқуға келіп қалғандардың өзі білімге құлық қоймады. Оқуын бітірген түлектер сол мамандығын несіп көріп, сәйкес жұмыс орнына барғысы келмеді. Кеше ғана беделді ақпарат көзінен ел ордасы – Астанада мұнаралы кранда жұмыс жүргізетін машинист тапшы дегенді естіп қалдым. Ал, біздің қатарымызда осы машинист мамандығына түрлі ұлттан құралған қыздардың екі тобы оқыған еді.
Заман талабы дейміз бе, әлде, білімділіктің арқасы болар, еліміздегі маңдайалды білім ошағы саналатын Астана политехникалық колледжінде ІТ мамандығы бойынша құжат тапсырған жастардың қарасы мол. Әрине, жас буынның білімді болып жетілгені де қажет. Мысалы, Жапония қаншама дамыған елдің қатарында тұрса да, әр шаңырақтағы баланы еңбекке балабақшадан баулиды екен. Бұл дегеніміз, есейе келе білім алуға ұмтылған бала жоғары оқу ордасына түсуге жолы болмай қалған жағдайда арнайы, орта білім алу үшін отбасында немесе мектеп қабырғасында жүргенде-ақ келешекте қандай мамандықты таңдауға болатынын ішке түйіп, өз шешіміне сай бағытта азды-көпті жұмыспен айналысатынын білдіреді. Жұмысшы мамандығына деген құрмет сол кезден қалыптаса бастайды.
Менің Махамбет Момынов деген ағатайым бар. Өзі құрылыста бетон араластырғыш болып істеді. Бұл – таңдап алған мамандығы болса керек. Өйткені, ғимараттың іргетасының мықтылығына, шыдамдылығына, өмір сүру ұзақтығына қажетті бетонның қандай құрамда болу керектігін ол кісі алыстан таниды. Ал, Махаңның өзі қатардағы жұмысшы ретінде он саусағынан өнері тамған нағыз шебер. Жеке үй құрылысын іргетасынан бастап, шатырына дейін бітіруі – өз алдына, оның ішкі құрылысына байланысты еден төсеу, есік-терезе орнатудан бастап, сантехника, жиһаз, басқа да сәндік-әрлеу жүмыстарына дейін атқара береді. Қуат көздеріне желі жүргізу, жылы еден құрау жүмысынан тыс, жер телімін абаттандырудың хас шебері.
Әңгіменің ашығына келсек, бүгінгі еңбек нарығында жұмысшы мамандарының алатын орны ұлан-ғайыр. Болашақта да қанша жерден электронды, цифрлы, тіпті жасанды интелекті дамыған ел болып кетсек те жұмысшы мамандығына сұраныс арта түспесе, кемімесі – анық. Мейлі ол қандай сала болсын, ауыл шаруашылығы, сауда, көлік, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс саласы болса да сұраныс жоғарылай береді. Тағы бір ақпарат көзі елдегі тұрғынның әрбір төртіншісі жұмысшы екенін, соның өзінде барлық салада жұмысшыға деген сұраныстың төмендемей тұрғанын келтіріпті. Өйткені, жасанды интеллектті қолданысқа енгізген мықтылардың құрылыс-монтаждау маманының, өндіріс және автокөлік слесарінің, тас қалаушы мен сылақшының, әрлеуші мен сантехниктің, тракторшы мен ағаш ұстасының дағдысын, іс-әрекетін толық танып, білуі екіталай. Меніңше, мұндай жоғары білімді шеберлер біз секілді кәсіби білім жүйесінен білім алмақ тұрғай, жұмысына да араласа коймасы белгілі.
Осы тұрғыдан алғанда, онсыз да биік тұғырдан көрінетін мемлекеттік қызметкерлердің мәртебесі секілді жұмысшы мамандарының да мәртебесін арттыруға бағытталған Мемлекет басшысының ұстанымы өте орынды. Бұл жерде қарапайым қолмен жасап жүрген құндылықтарымыздың бағасын біліп, қоғамның жұмысшы мамандықтарына деген көзқарасының өзгеретініне сенім мол! Сөз соңында Есенгелді Кеңесов:
– Қарағанды политехникалық институты Шымкент Ұсталық-пресс зауытына жолдама берді. Оқуды кеше тәмамдаған маған ересек кісілер түсіністікпен қарады. Жұмыс жайын үйретті. Қиын, қауіпті жерлерге бірден жұмсамайтын. Осындай өзара құрметтің арқасында цех басшысына көтерілдім. Зауыт ұжымы жаңадан орналасқан мамандардың отбасы жағдайын, көңіл күйін сұрастырып, жоғын түгендеуге, нәтижелі жұмысқа ынталандыруға дайын тұратын. Еңбегі лайықты жұмысшының көлік мінгендері де болды. Зауыт ұжымы үшін қыркүйектің соңғы жексенбісі «Машина жасаушылар күні» деген мереке еді. Бүгінде зауыттың көлік жасау түгілі, атауы аялдамада ғана қалды.
Қазір көз алдыма металлургтер мен кеншілерге, тіпті, жеңіл және тамақ өнеркәсібіне арнап зауыт шығаратын құрал-жабдықтар келеді. Өткенді аңсап отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жұмысшы мамандығының жаңа дәуірі басталғанына қуанамын. Жұмысшылардың құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік қолдауды күшейту мемлекет пен қоғамның ортақ міндетіне айналуда. Жарқын келешекке сенім мол! – деп аяқтады әңгімесін.

Атанбек НАУРЫЗ

Соңғы жаңалықтар