Редакция таңдауы

ТҰРАҚТЫ ДАМУ – АШЫҚ ҚОҒАМ ҚҰРУҒА ҚАДАМ

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің заң факультеті «Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу» кафедрасы онлайн режимінде «Тұрақты дамудағы сот әділдігі және тиімді институттар» тақырыбы бойынша Халықаралық қысқы мектеп ұйымдастырды. Онда құқықтың әртүрлі салаларындағы ғалымдар мен практик-мамандар, еліміздің жетекші заң ғылыми мектептерінің өкілдері және Өзбекстан, Ресей, Түркия, Тәжікстан ғалымдары қатысты.

Халықаралық қысқы мектепті М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, з.ғ.к., доцент Құрманғалы Сарықұлов ашып, қатысушыларды құттықтады. Қ.Сарықұлов қысқы мектептің ғылыми-құқықтық зерттеулер саласына серпін беріп, пәнаралық білім мен дағдыларды дамытуды, ҚР мен ТМД-ның түрлі заң университеттері жас ғалымдарының ғылыми-білім беру ортасын кеңейту керектігін атап өтті.
Қысқы мектеп жаңа білім, тәжірибе жинау, ғылыми зерттеулер жүргізудің инновациялық технологиялары мен әдістемелерін игеру мақсатында ұйымдастырылады. Сондай-ақ, онлайн оқытудың қиындықтары мен артықшылықтары, білім берудің жаңа стандарттары, білікті кадр даярлау және жұмыс берушілердің сұранысына қатысты мәселелерге көңіл бөлінді.
Заң факультетінің деканы, з.ғ.к., доцент Мақсат Елікбай қысқы мектепке қатысу – болашақ жас зерттеушілердің функционалдық сауаттылығын және әлемнің неғұрлым тұтас ғылыми бейнесін қалыптастыруға ықпал ететінін алға тартты. Сонымен қатар, ойлаудың жаңа тәсілдерін әзірлеуге, күрделі құқықтық міндеттерді шешудің ұтымды жолдарын іздеуге, зерттеу және талдау, түсіндіру дағдыларын дамытуға, білімді кешенді пайдалануға негізделген процестер мен құбылыстардың заңдылықтары әсер ететініне назар аударды.
Жұмыс барысында отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлері ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Бүгінгі таңда ғалымдар, жұмыс берушілер және басқа жоғары оқу орындарының білім алушыларының арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі басталды. Бұл жиын осындай бірлескен ғылыми Халықаралық қысқы мектептерді өткізуге сеп болатынын, білім беру және ғылыми қызметті арттыруда қызықты кәсіби жаңалықтардың ашылуының трамплиніне айналатынын және дарынды жастар үшін сапалы заң білімінің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, Қазақстан мен басқа елдер арасындағы одан әрі ынтымақтастыққа елеулі үлес қосатынын көрсетті.
Жиын модераторы Гүлшат Рахметова қатысушыларға алғысын білдіре отырып, заң факультетінде негізгі білім алу курсын ғана оқымай, сонымен қатар тәжірибелік дағдыларды да алу керектігін атап өтті.
Жиын соңында Халықаралық қысқы мектеп қатысушылары осы іс-шарадан түйгендерін мақала етіп жазып, ғылыми журналдарға жариялау арқылы көппен бөлісетінін айтты.

Атақожа ИСМАИЛОВ, М.Әуезов атындағы ОҚУ
«Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу»
кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымының кандидаты

Соңғы жаңалықтар