Елдіктің тірегі, қарттықтың қазынасына айналып, ел ықыласына бөленген, өнегелі ғұмыры өзгелерге үлгі-өнеге болған азамат халық жадында мәңгілік сақталары хақ.
Жақсы адамның артынан айтылар жылы естелік көп. Олардың жүріп өткен жолы мен адамдық қасиеттерін ұрпақтарға жеткізіп тұрудың тәрбиелік мәні зор. Осындай азаматтар әрбір өңірде бар. Солардың ішінде осы естелікке арқау болып отырған Өмірбек Керімбекұлын өз басым ерекше құрмет тұтып, бақилыққа кетсе де замандастары мен ұрпақтарына, ағайын-туыстарына есімде қалған бейнесін айта кеткенді азаматтық парызым деп білемін.
Өмірбек аға Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуынан екі жыл бұрын Түлкібас ауданында дүниеге келген. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарында өтіп, мектеп бітірген соң Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтына оқуға түседі. Өзінің айтуынша, отбасылық жағдайына байланысты бірінші курстан соң Шымкенттегі институтқа ауысады. Осы оқу орнын тәмамдай сала оның өз туған жеріндегі еңбек жолы басталып кетеді. Кейіннен Шымкент облыстық комсомол комитетінде, облыстық кәсіподақтар кеңесі аппаратында мәдени-көпшілік жұмыстарын абыроймен атқарады. Ал, 1971 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағы комитетін басқарып, сол жерден құрметті демалысқа шықты.
Сол кезеңде мәдениет саласы мен кәсіподақ ұйымдарына ерекше назар аударылған. Партия басшылығымен кәсіподақтарға үлкен міндеттер жүктелді, мың сан құқығы да болды. Сол дәуірде, сол салада еңбек еткен жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайы және еңбек қатынастарын бақылап отыру осы кәсіподақ арқылы шешілетін. Жұмыскерлерге пәтер беру, демалыс орындарға жолдама тарату, қажетті үй-жиһаздарды үйлестіріп отыру, автокөліктермен еңбек озаттарын марапаттау кәсіподақтардың міндетіне кіретін.
1981 жылы Ленгір (қазіргі Төлеби) ауданында атқару комитеті төрағасы кезімде Өмірбек аға телефон шалып, сол кездегі республиканың мемлекеттік қызметкерлері кәсіподағы Орталық комитетінің төрағасы Шыңғыс Әлібиұлы Жангелдиннің келе жатқанын айтты. Ол аудандағы кәсіподақ ұйымдарының жұмысымен танысатынын жеткізіп, қонақтарды күтіп алуға жәрдем беруімді сұрады. Өмекеңді оның алдында біраз білетін едім.
Өтінішін аяқ асты етпей, салаға тиісті жауап беретін адамдарды шақыртып, келетін кісілердің жағдайын жасауларын сұрадым. Қонақтар келген соң кәсіподақтардың тірлігі мен аудан экономикасы туралы айтып бергенім әлі есімде. Мейманымыз белгілі Әліби Жангелдин деген революционердің ұлы екен. Кешке қарай дастарқандас болдық. Көп сөйлемейтін, орысша тәрбиеленген адам екені көрініп тұр. Шыңғыс Жангелдин сол күні көпшілікпен ашылып сөйлеп отырды. Не керек, қонақтардың бізге де риза болып кеткенін Өмірбек аға әрдайым еске түсіріп, алғысын айтып жүретін.
Тоқсаныншы жылдардың басында Кеңес Одағы құлдырап, егемендік алған республикамыз әлеуметтік-экономикалық жаңа формацияға көшті. Партия тарқап, бұрынғы мемлекеттік органдар жойылып, тәуелсіз мемлекет құрыла бастады. Саясат өзгерді, кәсіподақ ұйымдары тарқай бастаған кезде Өмірбек аға саладағы кәсіподақтарды сақтап қалу мақсатында қажырлы еңбек етті. Өзінің іскерлігі мен тәжірибесін көрсетті. Өз саласындағы кәсіподақты сақтап қалу ол кісіге оңайға соққан жоқ. Бірақ, өз сертінен тайған жоқ, абыройлы жұмыс істеді. Бұл уақытта басқа салалардағы кәсіподақтар осындай қиыншылықтарды жеңіп, тиімді жолдарды іздеудің орнына жетекшілері жұмысты ұйымдастыра алмай кәсіподақ мүшелерінің санын төмендетіп, кейбір жерлерде тарқап жатты.
2006 жылдың басында Өмірбек аға республика кәсіподақтар басшысы Сиязбек Мұқашевқа айтқызып мені облыстық кәсіподақтар Кеңесінің төраға қызметіне келуіме себепші әрі ұйытқы болғанын білемін. Шынымды айтсам, сол жерге барғым жоқ еді. Бірақ, Өмекеңнің сөзін жерге тастай алмадым. Оның үстіне, Сиязбек аға мен үшін сол кездегі облыс әкімі Болат Жылқышиевке бірнеше рет кіріп, мені сұратқанын білдім. Сиязбек аға да облысымыздағы кәсіподақ ұйымдарында болып жатқан келеңсіз жағдайларды жақсы білген. Осы қызметте жүрген басшының іс-әрекетіне наразы болып, оны ауыстыру үшін Өмекеңнің айтуымен менің сол жұмысқа келуімді қалады. Менің алдымдағы істеген кәсіподақ басшылары ағымдағы қиыншылықтарға төтеп бере алмаған. Саладағы ұйым басшыларымен тіл табыса алмауынан құлдырауға жол берілгенін көзіміз көрді. Елімізде жекешелендіру саясаты басымдық алды. Көптеген өнеркәсіп, транспорт, құрылыс кәсіпорындары мен ауыл шаруашылық кешендері тарқап, шағын және орта ұжымдар құрыла бастады. Мемлекеттік органдардың құрылымы да толық өзгерді.
1993 жылы «Кәсіподақтар туралы» заң қабылданды. Құжат қабылданған кезде мен Жоғарғы кеңестің депутаты едім. Бірқатар депутат осы заңның қажеттілігіне күмән келтірді. Себебі, осының алдында ғана «Қоғамдық бірлестіктер туралы» құжат қабылданған болатын. Сол заң кәсіподақтарға толық тиесілі деген ойлар болды. Бірақ, кәсіподақтардың қоғамдағы рөлі басқа ұйымдарға қарағанда маңызды екендігі туралы пікір басым болып, құжат қабылданды.
Осы заң шеңберінде жұмыс істеу мақсаттары алдымызда тұрды. Жұмысшылардың мүддесін қорғайтын активтің бедел-абыройы жоқ екенін ел көріп жүрді. Облыстық кәсіподақ ғимараты тозып кеткен еді. Әр саланың кәсіподақ жетекшілері ұйымдарының беделін көтерудің орнына өз-өзімен әуре болып, бір-бірімен айтысып кетті. Осы қиын уақытта Сиязбек ағамыз бен облыс әкімінің қолдауының арқасында осы кемшіліктер мен келеңсіз жағдайларды тоқтату үшін күш жұмсау қажет болды. Өмірбек аға да маған көп ақыл-кеңес айтып, жәрдемін аяған жоқ. Әрқашан туралықты ашық айтып, әділдікпен еңбек етуге, өзімен бірге істеген әріптестерді тәртіп пен ұятқа шақырып отыратын. Жастайынан қалыптасқан тәртіп пен әділдік, туралық пен тазалық Өмекеңнің бойында өмірінің соңына дейін бірге болды. Кейде бетің бар, жүзің бар демей, ойын ашық айтатын Өмекеңді білмейтіндер сыртынан «қатігез адам» деп баға беретін. Бірақ, оның тәртіпке келгенде тастай болғанымен жүрегі жұмсақ, қайырымды жан екенін қасында жүргендер жақсы білетін. Адамдармен мәдениетті сөйлесу, қадір-қасиетін терең ұғына білетін сұңғыла азамат еді. Республикадағы кәсіподақ басшылары, басқа облыстағы әріптестері де ағамызды ерекше құрметтеп, сөзіне құлақ асып жүретін. Облысымыздағы мекеме мен аудан басшылары Абдулла Ахметов, Төлебек Қосманбетов, Бағдат Шайманов, Әмирден Әлішев, Әуелхан Тұрғынбеков, Нұрлан Шарафиев, Керімхан Қадырбеков, Созақбай Әбдіқұлов, Нұрбол Тұрашбеков, Дархан Мыңбай, Қуаныш Айтаханов секілді көптеген азаматтармен жақын араласып, әрқашан сыйласып жүрді. Осы кісілер де Өмекеңді аға тұтты. Өмірбек аға әдебиет пен мәдениеттің жанын түсінетін. Көңілді отырған жерлерде өзі де ән шырқап кететін кездері болатын. Сондай-ақ, басқалар секілді құрметті демалысқа шыққан соң жан тыныштығын іздеп, қол қусырып үйде отырмады. Әр жылдары жарық көрген қайырымды ағалар мен аяулы достары туралы мақалаларын, сөйлеген сөздерін, ойларын жинақтап 2018 жылы «Ғибратты ғұмыр» кітабын шығарды.
Еліміздегі белгілі жазушы жерлесіміз Мархабат Байғұт Өмірбек ағаның жерлесі ғана емес, оның рухани досы болатын. Осы кісінің алғы сөзінде Мархабат ағаның Өмекең туралы былай жазғаны бар: «Адамға ылғи да мейірлене ойланып қарайтын көркем де келісті көкеміздің жүріс-тұрысында, сөйлеу мәнерінде кісілермен күлімсіреп сәлемдесіп, күліп қоштасар мінезіне де қатты қызығатынбыз». Осыдан 3-4 жыл бұрын ғұлама адамдардың сөздері мен ойлары, басқа тілдерде жазылған мақал-мәтелдерді қазақ тіліне аударып кітап шығарды. Өмірбек аға кәсіподаққа келмесе тамаша жазушы боларына күмән жоқ. Ол қашан көрсең де ұлы жазушылардың шығармалары мен кейінгі әдебиеттегі жаңалықтарды әрқашан бақылап жүретін. Өмекең облысымызды басқарған қазақтың біртуар азаматы, ірі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров, белгілі жазушылар Тұтқабай Иманбеков, Мархабат Байғұт, Нармахан Бегалиев, Социалистік еңбек ері, бригадир Мантай Жарымбетов, кәсіподақ ардагерлері Әштай Жолдасов, Парсұлтан Қалыбайұлы, Сиязбек Мұқашев, Иосиф Келесников, Всеволод Троян сияқты азаматтар туралы көлемді естеліктер жазды.
Былтыр жазда Өмірбек аға 85 жасқа толған мерейлі тойында жұбайыммен бірге үйіне бардым. Барсам, құттықтауға құда-жекжаттары, ұл-қыздары мен көршілері жиналып отыр екен. Төрде отырған Өмекең мен Несіпкүл жеңгені құттықтап шыққанда ағамыздың шаршағаны білінбейтін, әжімі көрінбейтін бейнесін көріп ерекше қуанып қалдым. Өмекеңнің сырты қандай таза болса, ішкі жан-дүниесі де сондай кіршіксіз таза еді. Оның отбасы, ұрпақтары да өзі секілді елге сыйлы екенін білемін. Несіпкүл жеңге екеуі өсірген ұл-қыздары елге танымал, қадірлі болғаны да сол кісілік пен адамдық қасиеттің жемісі болса керек. Ұлы Абайдың «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, өлсең де өлмегенмен боласың тең» деген сөзі бар. Сол айтқандай, Өмірбек ағаның артында парасатты сөздері мен жасаған істері қалды. Отаны мен халқына арнаған өнегелі, ұмытылмас істері қалды. Көзімізден кетсе де көңілімізден шықпайтын қасиетті бейнесі ұзақ жылдар бойы сақталарына күмән жоқ. Бірде дана қариядан «Кісіден жақсы көретін адамды қалай танимын?» деп сұраған екен. «Ондай адам уайымды көтеріседі, сен жайлы сұрап жүреді, сенен еш жалықпайды, қателігіңді кешіреді, адамдығыңды еске алып тұрады» деген екен қария. Өмірбек аға өмірін осылай өткізді. Адам болып келіп, адам болып кеткеніне барлығымыз куәміз. Сондықтан жақсы адамның жатқан жері жайлы, алды жарық болып, артында қалған ұрпақтары өзі секілді мағыналы ғұмыр кешіп, өзі биік көтерген адалдық туы төмендемесіне кәміл сенемін.
Досыбай ШЕРІМҚҰЛОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы мен
Шымкент қаласының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері