1989 жылдың 15 ақпаны – тарих қойнауына өшпес із қалдырған күн. Бұл күн – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні. Бұл күн тарихта Кеңес әскерінің соғыстан қайтып оралу күні ретінде белгіленді. Тоғыз жылға созылған ауыр соғыс өзімен бірге мыңдаған адамның тағдырын талқандап, талай жүрекке жара салды.
Ресми деректер бойынша, соғыс жылдарында 15 мыңнан астам кеңес жауынгері қаза тапты, ал, жүз мыңға жуық сарбаз жараланды. Олардың арасында Қазақстаннан аттанған 22 мыңға жуық жауынгер де болды. Өкінішке қарай, 924 қазақ елінің жауынгері туған жеріне оралмады. Олардың рухы әрдайым ел есінде сақталады.
Иә, шыны керек, Ауған соғысы көптеген жауынгерлердің тағдырын өзгерткен қасіретті кезеңдердің бірі болды. Сол сұрапыл жылдары Отан алдындағы борышын өтеп, ерлік көрсеткен азаматтардың қатарында мен де болдым. Жастық шағымда әскери міндетімді өтеу үшін Ауғанстан жеріне аттанған едім, сол жылдардағы қиындықтарды әлі күнге дейін еске аламын. Ол майданда батылдық пен төзімділіктің үлгісін көрдім, ерлікпен соғысқан қызметтестерімді көрдім. Ауғанстандағы әр күніміз – өмір мен өлімнің арасындағы күрес болды. Біз Отанға аман оралу үшін ғана емес, қасымыздағы қарулас достарымызды да қорғау үшін күрестік. Әрбір атылған оқ, әрбір қаза тапқан сарбаз жүрегімізде мәңгілік із қалдырды. Соғыстың не екенін көрген адам бейбіт өмірдің бағасын жақсы түсінеді. Біз бейбітшілікті сақтап қалу үшін сол зұлмат жылдардың сабағын ұмытпауымыз керек.
Соғыс аяқталғаннан кейін қызметімді жалғастырып әртүрлі әскери лауазымдарда қызмет еттім. Қызмет барысында Ауғанстан соғысында алған өзімнің тәжірибем мен білімімді жастарға тәрбие беруде пайдаланып жүрмін. Шымкент қаласында тұрамын. Қазіргі таңда Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің әскери кафедрасында қызмет ете отырып, студенттерге әскери дайындықтың қыр-сырын үйретіп, болашақ ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге атсалысып келемін. Солардың ішінде Кәрімбердиев Абылай, Тілеуов Арлен, Абдеш Мұхамедәлі, Есенгелді Баутан есімді студенттерімді мақтан тұтамын. Олар – нағыз патриот, тәртіпті, жауапкершілігі жоғары жігіттер. Әскери дайындықта үздік нәтиже көрсетіп, ерік-жігерімен көзге түсіп жүр. Осындай жастар барда, еліміздің қорғаны мықты боларына сенімдімін.
Жақында сабақ барысында Есенгелді
Баутанмен әңгімелесіп қалдым. «Ауған соғысының ардагерлері студентеріміз үшін үлкен үлгі. Студенттерге ардагерлеріміз тек әскери дайындықты ғана емес, нағыз ер азамат қандай болу керектігін үйретеді. Соғыс көрген адамның әрбір сөзі – өмірлік сабақ. Ардагерлердің айтқан әңгімелері мен кеңестері студентерді шыңдап, рухтарын көтереді. Осындай ұстаздардан тәлім алғаныма қуанамын», – деді Есенгелді Баутан.
Бүгінде жастарға рух беретін, әскери өмірдің қатаң тәртібін түсіндіріп, патриоттық сана қалыптастыруға үлес қосып жүрген ардагерлеріміз көп. Олардың ерлігі мен еңбегі – елге үлгі, ал жүріп өткен жолы – тарихымыздың бір парағы.
Қыдырәлі РАИМБЕРДИЕВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ әскери
кафедрасының аға оқытушысы,
Ауған соғысының ардагері,
запастағы подполковник