Биыл 2025 жылы өшпес ерлік пен қаһармандық мерекесі Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Жеңіс күні – сұрапыл жылдары майданда кеудесін оққа тосып, Отан үшін отқа түскен ата-бабаларымызға құрмет көрсетіп, еске алу күні. Майдан даласында қасық қаны қалғанша шайқасып, азаттық жолында жан қиды. Ұлы Отан соғысына Шымкенттен 23 мыңнан астам адам майданға аттанған. Ерлеріміздің ерлігін мәңгі жадымызда сақтау – азаматтық парызымыз.
Тарихта Ұлы Отан соғысы деген атпен қалған алапат майдан 1941 жылдың 22 маусымында басталып, ақырғы нүктесі 1945 жылдың 9 мамырында қойылды. Яғни, 9 мамыр – Жеңіс күні! Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі.
Ресми деректерге сүйенсек, сұрапыл соғысқа Қазақстаннан 1 млн. 200 мың жауынгер майданға аттанған екен. Қазақстан азаматтары сұрапыл соғысқа қатысып қана қойған жоқ, алғы шепте ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Аттанғандардан 600 мың қазақстандық соғыстан қайтып оралмады. Қазақстаннан аттанған 500-ге жуық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды.
Жалпы, жеңісті жақындатуға Шымкент қаласының да қосқан үлесі зор. Қала майданға танкінің қосалқы бөлшектерін, снарядтар, металл оптикалық жабдықтар, дәрі-дәрмек, бинт жіберіп отырды. Әсіресе, Қорғасын зауытының жеңіске қосқан үлесі ерекше. Соғыс жылдары жауға қарсы атылған оқтың 70 пайызы Шымкент қорғасынынан жасалғаны да қала кәсіпорындарының бар қуатын салып, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» ұстанымымен жұмыс істегенін көрсетеді. Одан бөлек, тыл еңбеккерлерінің де еңбегі ерен. Ер азаматттардың көпшілігі майданға, Отан қорғауға аттанған қиын кезеңде олардың ауыр еңбегін әйелдер істеуге мәжбүр болды. Сол жылдардағы деректерге қарағанда, соғыста неміс басқыншыларына қарсы атылған он оқтың тоғызы – Қазақстанда, соның ішінде жетеуі – Шымкент қорғасын зауытында жасалды.
Жерлестеріміздің Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлесін шағын мақалада тізбелеп айтып шығу мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, жыл өткен сайын Жеңіс күнінің орнауына зор үлес қосқан, жас ұрпаққа естелік айтар ардагерлеріміздің саны да мүлдем азайып барады.
1945 жылдан бері бірнеше ұрпақ ауысты. Сол бір қасіретті жылдарды жас ұрпақтың жадында қалдыру үшін, соғыс жайлы естеліктерді жыл сайын қайталап отырғанның артықтығы жоқ. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың рухына бас иіп, олардың ерлігін қастерлеу – кейінгі буынның парызы.
Ұлы Отан соғысы туралы тарихи мағлұматтарды сақтауда музейлердің рөлі ерекше. Себебі, музей – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды және тағы да басқа маңызда мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.
Шымкент қаласының «Ерлік» музейі ерлік пен елдікті насихаттауға өз үлесін қосып, түрлі тағылымы мол шаралар өткізіп тұрады. Мұнда Ұлы Отан соғысына қатысқан солдаттардың тұтынған заттары, киімдері, елге жазылған хаттары, орден-медальдары, басқа да ерлікті дәріптейтін ескеркіштер жинақталған. Музейдің «Ерлік» бөліміндегі жәдігерлер – елдің тарихын, ерлік дәстүрін қастерлеген, қаһарман әкелер ерлігі мен рухына деген құрметтің көрінісі.
Қ.ТҰРСЫНБАЕВ,
Шымкент қалалық музейлер бірлестігі
«Ерлік музейі» бөлімінің тарихшысы