Редакция таңдауы

Ковентри, құшағыңды аш, біз келеміз…

Бүгінде мемлекет білім алып, ғылым жолын қуғысы келген адамның қолына қармақ беріп, өмір айдынындағы қажетті ескегін дұрыс есуге де мол мүмкіндік беріп отыр. Бұрын ата-ана мен мектеп бітіргелі тұрған жас түлектердің таңдауы мұғалім, дәрігер, экономист, заңгер секілді санаулы ғана мамандыққа ғана түсетін.

Бұл ұғым қазір де бар. Үлкендер баланың қабілет-қарымын қаперге алмастан алдағы болашағын жүрегі қаламайтын мамандыққа бұрып жібереді. Олардың парасат пайымынша, кәсіптік баспалдақтың шыңынан көрініп, шенеунік атану үшін құдды әлгі төрт мамандықтан асқан табысы жоғары жұмыс жоқ. Бірақ қазіргі жағдайда көбісінің мамандықты алғанын куәландыратын дипломы сандық астында жатады. Өйткені олардың дені өмір жолындағы алғашқы баспалдаққа таңдау жасай алмады.

Шындығында дұрыс таңдалған кәсіп өз иесіне өмір бойына азық табуға көмектеседі. Мамандығын сүйетін адам ел мақтанышына айналар адал азамат болары анық. Ал мұндай маманға сұраныс әрқашан бар. Сондықтан абзалы – мамандық таңдауға саналы ғұмырымыздың айнасы ретінде қараған жөн.

Қазір қолында бір емес, бірнеше дипломы бар адамдардың да екі қолға бір күрек таппай жүргені рас. Табысы жоғары деп таңдап алған мамандығына сәйкес жұмыс іздеп сандалып, тамыр-таныс жағалап жүретін көрініс те біздің қоғамнан алыстай қойған жоқ. Университетті әупірімдеп жүріп бітіргеннен кейін өз саласында қызмет қылуға қабілет-қарымы жетпей жүргендер де жетерлік. Таңдауынан адасқан енді бір топ әртүрлі курстың соңынан қуып, өмірлік жолын әлі күнге дейін таппай жүр.

Мүмкіндікті мүлт жібермеу керек

Осы күні мемлекет жастардың тегін білім алуына ғана емес, өмір жолын дұрыс таңдау үшін ақыл-кеңесін де беріп отыр. Бұған қоса бүгінгі жастар мектептен кейін отандық және шетелдікті білімді алып, бірден екі университеттің студенті атануға мүмкіншілік мол. Тіпті халықаралық білімді шекара сыртына шықпай-ақ алып, шетелдің белді оқу орындарының түлегі атану да қиын емес. Қазір мектеп түлектері, колледж бен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған әртүрлі көрме ұйымдастырып жатыр.

Мәселен, өткен аптада Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде де ел аумағында ашылған шетелдік оқу орындары филиалдарының көрмесі екі күнге жалғасты. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанмен қос дипломдық білім беру туралы уағдаластық аясында қол жеткізген әлемнің жиырма озық университетінің өкілдері келді. Соның ішінде соңғы бірер жылдың ішінде өңірлерде Ұлыбританиядағы, Ресейдің төрт, ҚХР-ның бес және Германияның екі университеті, Франция, Италия, Польша, АҚШ, Оңтүстік Корея, Өзбекстанның жоғары оқу орындарының филиалдары ашылған. Атап айтсақ, әлемге әйгілі Ковентри, Хериот-Уотт, Куинс, Де Монтфорт, Лотарингия, Тяньцзинь кәсіптік институты, Быдгощ экономика университеті, Анхальт, Марке, Аризона, Сеултех, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технология, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік және И.М. Губкин атындағы Ресей мұнай және газ, Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты секілді тағы бірнеше жоғары оқу орындары бар.

Шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының өкілдері көрмеге келгендерге қос дипломды білімнің артықшылығы мен осы университеттерге түсудің жолдары, мамандық таңдауда қажетті ақыл-кеңестерін берді. Мәселен, халықаралық деңгейде мойындалған осы 20 жоғары оқу орнының филиалдары біздің түлектер үшін әртүрлі жеңілдіктерден бөлек, шетелде тегін білім алуды ұсынып отыр. Бұдан бөлек, қос дипломдық бағдарлама аясында университеттен кейін бірден алпауыт компанияларда жұмысқа кіріп, кәсіптік мансапта өсуге мүмкіндік беріледі. Шымкент қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Ұлжалғас Сауырбаеваның сөзінше, іс-шараның негізгі мақсаты да сол, оқушыларға кәсіптік бағыт-бағдар беру маңызды. Себебі жарқын болашаққа жол ашуға септігін тигізетін мұндай шара жастардың жүрек қалауына сәйкес келетін әрі еңбек нарығын ескере отырып қадам жасауына мүмкіндік береді. Бұл үшін өз аяғымен іздеп өңірлерге келген университеттердің арасынан қабілетке қарап қажетін алып, қалауына орай шешім шығарған жөн.

Өңірдің ерекшелігі есепке алынады

Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының көрмесінде түлектер кәсіби мамандық туралы ақыл-кеңес алғанын айтады. «2022-2024 жылдары елімізде шетелдік оқу орындарымен 23 стратегиялық серіктестік орнатылды. Соның негізінде қос дипломдық бағдарламалар іске қосылды. Бұл біздің жастарға ел аумағында жүріп-ақ халықаралық деңгейдегі білімге қол жеткізіп қана қоймай, екі дипломға ие болуға таптырмас қадам. Әрі бұл мүмкіндікке мемлекеттік грант негізінде қол жеткізе аласыздар», дейді министрлік өкілі. Ал М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Беспаев жастардың мемлекет ұсынып отырған осындай мүмкіншілікті мүлт жібермеуге шақырды. Себебі, бұрын ел мен жер көріп, мықты маман атанғысы келгендерге шекара асу аспандағы айға қол созумен тең еді. Қазір шетелдік білімді ел аумағында алып, әлемнің алпауыт елдерінде біліктілігін арттыруға болады. Стратегиялық серіктестіктің жемісі де сол, түлектер ел ішінде екі дипломға ие болып қана қоймай, оқуды аяқтаған соң қалаған мамандыққа сәйкес кәсіби өсудің баспалдағына аяқ басады.

Айталық, былтыр Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университет жанынан Оңтүстік Корея мен Польшадағы жетекші оқу орындарының филиалы ашылған. Университет өкілі Мадина Жақсылыққызының айтуынша, Польшадағы Быдгощ оқу орнына түсу үшін мемлекет былтыр 30 грант бөлген. Бұл гранттар толығымен игерілген. Бағдарламаға сәйкес, студенттер екі елде де білім алып, университетті тәмамдаған соң бірден жұмыс таба алады. Өйткені қазір спорт және рекреация менеджері мамандығы сұранысқа ие. Ал Оңтүстік Кореялық университет ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші мамандарды даярлауда көш бастап тұр. Мұнда да студенттер екі жыл өз елінде, екі жыл Кореяда білім алады.

Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-нің жанында былтыр Францияның Лотарингия университеті ашылған. Оқу орнына түсу үшін түлектерге француз тілін білу міндеттелмейді. Тек олар орта білімнен кейін ҰБТ-да алған алған балмен тегін грант ала алады. Бірақ француз тілін университетте аптасына бес рет оқиды. Егер француз тілінің В1 деңгейіне жетсе, отандық оқу орнында екі жыл білім алып, қалған екі жылды Францияның өзінде жалғастырады. Ең маңыздысы, біздің елдің шәкірттері мемлекеттен алған гранттың арқасында Еуропада тегін оқып, ай сайын шәкіртақысын алуға мүмкіндік беріледі.

«Оқу көрмесі Шымкентке дейін Қарағанды, Алматы, Астана, Тараз қаласында да өтті. Шымкенттен кейін Түркістан мен Қызылордада жалғасын табады. Өңірдегі жастармен жүргізіп жатқан іс-шарамыздың мақсаты – талапкерлерді өз қалауындағы мамандыққа бағыттау. Яғни біздің жастардың дені білімді Астана мен Алматыда ғана алуға болады деп ойлайды. Бірақ қазір кейбір мамандықтарды түлектер өз қаласында немесе өңірлерде ашылған шетелдік оқу орнынан таба алады. Президент тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан шетелдік университеттердің басым бөлігі өңірлерде ашылып жатыр. Себебі бір кездері университеттің дені Алматыда еді. Бұл Алматының инфраструктурасына қатты әсер етіп жатыр. Екіншіден, бұл университтер өңірдің экономикалық- әлеуметтік жағдайын ескере отырып ашылады. Мысалы, Петропавл қаласында американдық Аризона университетінде ауыл шаруашылығы, инженер, инклюзия мамандарын дайындайтын арнайы бағыт бар. Солтүстік аграрлық өңір болғаннан кейін оқу орнын бітірген болашақ мамандарға жұмыс табуға мүмкіндік береді. Ал Ақтөбеде ашылған шетелдік университеттің негізгі бағыты – мұнай-газ инженерлерін дайындау. Бұл жерде де өңірдің спецификасы ескерілді. Сонымен бірге Президентіміз жиі айтып жүрген ақпараттық технология мамандарын даярлау мақсатында Қызылордадағы Қорқыт ата университетінің базасында Оңтүстік Кореяның IT мамандарын даярлайтын, соның ішінде жасанды интеллект мамандарына дайындауға ерекше көңіл бөлетін өзіндік орны бар СеулТэх университеті өзінің базасын ашты.

Былтыр Шымкент қаласындағы Ө.Жәнібеков атындағы педагогикалық университеті де Түркияның Гази университетімен меморандумға отырды. Соның аясында енді бұл өңірде де шетелдік филиал ашылады», дейді Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев.

Мамандықтан бұрын қала таңдайтындар көп

Шетелдік оқу орындарында оқу құны өте қымбат. Мысалы, Астанадағы Кабентри университетінің ақылы бөлімінде оқу құны жылына 15 мың доллар. Бірақ биыл мемлекет тарапынан осы университетке арнайы мемлекеттік тапсырыс негізінде грант бөлініп отыр. Бұдан бөлек, биыл Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қосымша 11 стратегиялық серіктестік орнату жоспарланып отыр.

Педагог-профориентолог Айдос Жұманазардың сөзінше, мамандықты дұрыс таңдамаған адам көп нәрседен ұтылады. «Үлкендердің бағыттауымен, болмаса диплом қажет болған соң ғана мамандықты таңдағандар бірнеше жылдан кейін бармағын тістейді. Уақытты ұттырады, өмірден ұтылады. Көп адамдарда екінші рет мамандық таңдауға мүмкіндік болмайды. Әсіресе оңтүстікте қыздар ерте тұрмысқа шығады. Бала-шағамен жүріп қайтадан өзінің сүйікті ісін табуға мүмкіндігі болмайды. Сол үшін мамандықты жоғары сыныпта оқып жүргенде жеті рет өлшеп алу керек. Мамандық таңдау дүкеннен бір затты сатып алып, егер ұнамаса екіншісін сатып ала салатындай дүние емес. Өкініштісі, Жамбыл, Түркістан облысы, Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстары мен Шымкент, Тараз қаласында көп жағдайда грант үшін мамандық таңдайды. Аман-есен ҰБТ-дан өтіп, бір жерге грантқа ілініп кетуді ғана ойлайды. «Ары қарай таныс-тамырмен тағы көре жатармыз» дейді үлкендер. Бірақ бұл қате шешім. Бұл мамандықты үлкендер емес, баланың өзі таңдауға тиіс. Өйткені бұл мамандықпен өмір сүретін адамның кәсібіне деген жүрек қалауы болғаны дұрыс», дейді маман. Ал бұл үшін бұрынғыдай емес, қазіргі түлектердің қолы ұзын. Ақпарат қолжетімді. Кез келген университетке хабарласып, мамандықтардың тізімін білуге болады. Егер таныс емес мамандық болса, бұл туралы жасанды интеллект де жәрдемші бола алады. Яғни таңдау жасап тұрған мамандықты интернеттен іздесең, бүкіл нәрсені түсіндіріп береді.

«Қазір интернет таңдаған мамандыққа қарай қызығушылық пен типіңізге дейін айтып береді. Интровертсіз бе, экстравертсіз бе? Біздің елде қазір гранттың да түрі көп. Сол гранттардың арқасында шетелдік оқу орнына түсіп, қалаған мамандықты алуға болады. Бірақ біздің түлектердің бәрі Алматы мен Астанаға жүгіреді. Биылдан бастап екі қаладағы жоғары оқу орындары студенттерді қабылдау қиын. Сондықтан олардың барлығы шекті балды көтеріп жатыр. Бұрынғыдай шекті балды жинап ақылы оқу да арман болуы мүмкін. Сол үшін қала таңдамай, мамандықты дұрыс таңдауға көңіл бөлу қажет», дейді педагог-профориентолог.

Сөзінің жаны бар. Мегаполистерде білім алу түгілі өмір сүрудің өзі қымбатқа түседі. Мысалы, Астанадағы тұңғыш британдық кампус Ұлыбритания Coventry University-де білім алғысы келетіндер көп. Алайда ақылы бөлімде оқығысы келетіндер үшін жылына 15 мың доллар төлеу керек. Алайда бұл оқу орнына түскендер қос диплом иесі емес, британдық білім алғанын куәландырып береді. Сол үшін мұндағы студенттерге Ұлыбритания мен Еуропадан келген лекторлар сабақ береді. Дәл осы оқу орнына биылдан бастап мемлекет тегін грант қарастырып отыр. Бұған сәйкес, ақпанның соңында конкурс басталады. Университеттің ережесінде талапкерден ҰБТ бағасы талап етілмейді. Алайда IELTS бестен жоғары тапсырып, мектептегі джипиэй бағасын көрсетіп, қосымша мотивациялық эссе өткізсе жетіп жатыр. Осы көрсеткіштен ойдағыдай өткен талапкер британдық білімді төрт жылға тегін оқи алады.

Алматыдағы Нархоз университетінің қос дипломдық бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алуға болады. Мұнда да серіктестік негізінде грант иегерлері екі жыл елімізде, екі жыл Еуропада білімін шыңдайды.Сөйтіп төрт жылда қос диплом иегері атанып,Ұлыбританияға екі жыл тегін виза алады. Бұл жоғары оқу орнына мемлекеттік грант ұтып алу үшін ҰБТ бағасы ғана емес, IELTS, джипиэй бағасы қосымша ескеріледі. Ал дәл осындай еуропалық білімді орталықта ғана емес, өңірлерде де алуға толық мүмкіндік бар. Мәселен, Петропавл қаласындағы Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті қасынан Аризон университетінің филиалы ашылған. Мұнда оқушылар мен колледж бітіруші түлектерге қос дипломдық бағдарламалар бар. Бірақ мұнда оқығысы келетіндер ҰБТ-ді жетпіс балдан асырса жеткілікті болғанымен, мектеп қабырғасынан бастап ағылшын тілін белгілі бір деңгейге дейін меңгеруге тиіс. Өйткені студенттерге алғашқы курстан бастап Аризон университетінің профессорлары ағылшын тілінде сабақ береді. Соңғы курста мұхиттың арғы бетіндегі Аризон университетінің кампусына барып толық төрт ай білімін жалғастырады. Білім алушының шетелдегі жүріп-тұруы мен білім алуы, медициналық сақтандыруына дейін грант аясында өтеледі. Бір сөзбен айтсақ, бүгінгінің білімді жастары ел ішіндегі екі қаладан өзге кәрі құрлыққа көз салатын уақыт жетті. Демек химия, биология мамандығын таңдағандар бүгінгідей тек дәрігер мен медбикенің мамандығының дипломын жеті жыл сарғайып күтпейді. Төрт жылдың ішінде әлемдік сұранысқа сай түрлі кәсіптің иесі атанып, шетелдік білімге қол жеткізеді.

Ақтөбе өңірінде ашылған университетінде екі жыл бұрын ашылған Хериота Уат университеті электроэнергетика, энергия менеджменті, компьютерлік инжиниринг деген үш мамандыққа даярлайды. Университеттің Мансап және кәсіптік бағдарлау департаментінің директоры Әміре Жұмағазиевтің айтуынша, британдық білімді мемлекеттік грант негізінде алу үшін ҰБТ-ді 65 балдан асырып, IELTS тапсырады. Әр айдың соңғы сенбісінде университет талапкерлерден тегін тест алады. Ал егер Шымкент немесе басқа да қаладан тест тапсыруға тіркелушілер көп болса, оқу орны өңірге келіп емтихан алуға дайын. Есесіне мұндағы қос дипломдық бағдарламаға қатысушылар келешекте Эдинбург, Дубай және Малайзияда орналасқан кампуста да білім алуға құқысы бар. Сондай-ақ Тараз қаласындағы Дулати университетінің жанынан ашылған Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетіне түскендер Мәскеуде тегін білімін жалғастырады. Оқуды тәмамдаған соң бірден ҚазФосфатқа жұмысқа тұрады.

Қорыта айтқанда, жастар білім көкжиегіндегі жаңа мүмкіндіктерді мүлт жібермеген дұрыс-ақ. Өйткені шетелдік білім трендтен бұрын кәсіптің көзін тауып, өз білімін әлемдік сахнада көрсетуге де септігін тигізетінін көріп жүрміз. Олай болса ауыл баласы үшін қолжетімсіз көрінген сол білім біздің балаларды өз аяғымен іздеп келіп тұр. Біз тек болар баланың бетін қақпай белін бусақ, елге қызмет істейтін өз ісінің маман қатары да молая түсері анық.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар