Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады. Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргеніне тәнтімін. Әсіресе жастарға ризашылығымды білдіргім келеді.
Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді. Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады» деп атап өткен болатын.
Иә, күн шуағы жер бетіне таралып, табиғат қайта түлеп, тіршілік атаулы жанданар көктем мезгілінің келуіне де енді санаулы күндер қап тұр. Көктем – жаңару мен жасарудың, сұлулық пен тазалықтың уақыты. Осы орайда елімізде, соның ішінде Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы қайта жанданып, жалғасын тауып жатыр.
Осы аптада Шымкент қаласында бағдарлама аясында жаппай тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен коммуналдық мекеме қызметкерлері бірігіп, шаһар көшелерін, арық-атыздарды тазалады. Әсіресе, Әл-Фараби ауданы бойынша Түркістан көшесінің бойындағы тазалық жұмыстары ерекше қарқынмен жүргізілді. Қыстан кейінгі табиғаттың жаңаруы мен қала көшелерінің көркеюі тұрғындардың көңілін көтеріп, бір серпілтіп тастады.
Бұл игі бастамаға қала тұрғындары, жастар және ардагерлер де белсенді түрде қатысты. Олар тазалықтың тек қоршаған ортаны күтіп ұстау ғана емес, сонымен қатар, келер ұрпаққа экологиялық мәдениет қалыптастырудың маңызды құралы екенін атап өтті. Шараға 10 техника жұмылдырылып, жиналған қоқыстар арнайы қаптарға салынып, коммуналдық қызметкерлердің көмегімен арнайы орындарға шығарылды. Қоғамдық орындардағы орындықтар, гүлзарлар ретке келтірілді.
Тазалық шарасы барысында қала тұрғыны, Әл-Фараби ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай өз ойымен бөлісті:
– Тазалық адамның көңілін ашады. Біздің кезімізде сенбілік өткізу дәстүрі бар еді. «Таза Қазақстан» сол дәстүрдің жалғасы іспетті. Жастарды осындай шараларға жиі қатысуға шақырамын. Қала – өзіміздің ортақ үйіміз, оны таза ұстау – әр азаматтың борышы, – деді ол.
Сонымен қатар Асар елді мекенінде де сенбілік өтті. Ауыл билері, көше ақсақалдары, «Ел аманаты» қоғамдық бірлестігінің және аудандық ардагерлер ұйымының мүшелері «Асар» орталық саябағына жиналып, тазалық жұмыстарына үлес қосты. Жергілікті тұрғындарды ретсіз қоқыс тастамауға, табиғатқа қамқорлық көрсетуге шақырды.
Асар елді мекені ардагерлер ұйымының төрағасы Қалдыбек Рсалиев: «Бүгінгі сенбіліктің мақсаты – тұрғындардың экологиялық белсенділігін арттыру, табиғатты қорғауға қатысты жауапкершілігін күшейту және қоғамды тазалыққа шақыру. Осы аумақты қоқыстан тазартып, табиғатқа, туған жерге құрметпен қарау идеологиясын сіңіру», — деген ойымен бөлісті.
Ауыл биі Әбдікәрім Рәджәп асарлықтардың кешегі күнге дейін 8 жыл бойы «Таза қала» номинациясын бермей келгенін айтады. «Елдімекеннің жер көлемі – 350 гектар, 25 мыңнан аса тұрғыны бар. Жергілікті тұрғындар ауызбіршіліктің арқасында тазалыққа жауапкершілікпен қарайды. Қоқыстар дер кезінде шығарылады», — деді ол.
Абай коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысының орынбасары Дінмұхаммед Шаншарханның айтуынша, жұмыстарды сапалы әрі тиімді жүзеге асыру мақсатында 12 бірлік арнайы техника мен 3 бригада, 30-ға жуық жұмысшы, жалпы 72 адам тартылды. Барлық жұмысшылар ұйымдасқан түрде өздеріне тапсырылған аумақтарды тазалап, қалдықтар мен қоқыстарды жинады. Олар әрбір учаскеде мұқият жұмыс істеп, тазалықты сақтау үшін барлық қажетті жұмыстарды жүргізді.
Экологиялық жағдайды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау мақсатында атқарылған игі шара тазалықты сақтап, экологиялық тәртіпті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Иә, көктеммен бірге қала ажары да айшықталады. Сол үшін жұрт жылда көк қылтия бастағаннан тазалық жұмысына білек сыбана кіріскенді дәстүрге айналдырып келеді. Бұл жолы да Шымкент қаласындағы «Таза Қазақстан» акциясы аясында шаһардағы жаппай тазалық жұмысы барлық шағын аудандарда басталды. Коммуналдық мекеме қызметкерлері қала көшелерін қоқыстан тазартып, асфальттың үстіне дейін жуып-шайды.
Қаратау ауданы Тұран-2 шағын ауданы №11 көше бойы мен №144 орта мектебінің айналасын тазалау жұмыстарына 120 адам және 10 техника жұмылдырылды. Олардың арасында он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Әбдірахман Оңайбаев та бар. «Тұран-2 мөлтек ауданында тазалықшымын. Біздің жұмыс таңғы сегізден басталып кешкі беске дейін болады. Күнделікті қала келбетін таза ұстау үшін еңбек етеміз. Күн сайын көше сыпырып, шашылған қоқыстарды жинаймыз. Сынған ағаш-бұталардың қалдығын тазалаймыз. Біздің міндетімізге Тұран ауданының тазалығы кіреді. Арасында осындай түрлі акцияларға белсенді түрде қатысамыз. Өйткені қаланың ажары таза болса тұрғындардың да көңіл-күйі көтеріңкі болып жүреді. Өкініштісі бес саусақ бірдей емес, тұрғындар арасында тазалық жұмысына атүсті қарайтындар бар. Әсіресе балалар мен жастар қоқысын әр жерге тастап кетеді. Бірақ бұрынғыдай емес, қазір тазалықшылардың еңбегін бағалап жатқандар да, осындай игілікті істе жұмыла кірісіп кететіндердің де қатары артты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көптің атқарған ісі көрініп тұрады», дейді ол.
Аудан тазалықшылары қар астынла қалған қоқысты қаптарға салып, қала сыртындағы арнайы орындарға жөнелтті. Қаратау ауданы әкімі аппаратының коммуналдық бөлім басшысы Бауыржан Қалдыбаевтың айтуынша, Тұран – қаладағы үлкен шағын ауданның бірі болып есептеледі. Соңғы жылдары аудан аумағында көпқабатты үйлердің де қатары артып келеді. Бұған сәйкес жаңадан ашылып жатқан көше саны да өскен. Мәселен «Таза Қазақстан» акциясы бүгін осындай жаңадан ашылған көшелерден басталды.
«Бұл көше шағын аудандағы жаңадан пайдалануға берілі жатыр. Осы жерге біз коммуналдық мекемелермен бірлесіп, сенбілік жұмыстарын ұйымдастырып жатырмыз. Өйткені жанымызда жайлы мектеп тұр. Балалардың жүруіне, тұруына қолайлы болу мақсатында көшені тазалап, айналасының барлығын жуып-шайып жатырмыз. Жалпы ауданда орталық 75 көше, 638 ішкі орамдық көшеміз, 3 саябағымыз бар. Сонымен қатар, 15-ке жуық гүлзарымыз бар. Міне, осы гүлзарлар мен ішкі орамдық көшеміз, 210 ауламызға тұрақты түрде тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар осы акция аясында былтыр 42 рет тазалық іс-шарасын атқардық. Биыл да осы жұмыстарды жалғастырып келе жатырмыз. Жер беті қардан көріне бастаған сәтті пайдаланып барлығын, оның ішінде аудан тұрғындарын акцияға белсенді қатысуға шақырар едім. Жалпы осы акция басталғалы бері коммуналдық мекемелермен қоса кәсіпкерлік нысандар, қала мен аудан тұрғындары тазалық жұмыстарына белсене атсалысып келеді», дейді Бауыржан Қалдыбаев.
Күннен-күнге көркейіп, көпқабатты үйлер пайдалануға берілген сайын шаһарда көше мен гүлзарлардағы шашылған қоқыстар көңілді құлазытатын сәттер де болып тұрады екен. Сол үшін аппарат өкілі қала тұрғындарын тазалыққа шақырды. «Өйткені қоқыстарды тастайтын да, осы қаланың ауасын жұтатын да өзіміз. Сондықтан қазір біз бейберекет қоқыстар тастайтын орындарды азайтып жатырмыз. Өкініштісі кейбір адамдар бос жерлерге қоқыс қалдықтарын тастап кетеді», дейді ол.
Сонымен қатар Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицейінде барлық сыныптарда «Тазалықты өзіңнен баста!» тақырыбында жалпыұлттық тәрбие сағаттар өткізілді. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Оқушылар презентация жасап, экологиялық проблемаларды шешуге өз пікірлерін білдірді және экожобаларды ұсынды. Лицей директоры Г.Абилдаева оқушылармен тазалықты өзінен бастау туралы ашық әңгіме қозғады. Лицей Президенті Әбдіманап Бидәулет жастарды экологиялық белсенділікке шақырды. Сондай-ақ, №35 орта мектеп, №72 орта мектеп оқушылары экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған түрлі іс-шараларға қатысты. Ал, М.Әуезов атындағы ОҚУ-да «Сана тазармай – қала тазармайды» атты жастарға арналған арнайы экологиялық акция өтті.
Жалпы, қаладағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарының әкімдіктері тұрғындарды экологиялық бастамаларға тартумақсатында арнайы іс-шаралар ұйымдастырып, қаланың көшелері, аулалары және қоғамдық орындары тазартылып, жасыл аймақтар күтіп-баптады.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА,
Жадыра МҮСІЛІМ,
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ,
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ