Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Бұл датаның Қазақстан халқы үшін де айрықша тарихи мәні бар. Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығын кең көлемде атап өтіп, батыр ата-бабаларымыздың өшпес ерлігін ұрпақтың жадында жаңғырту керектігін айтқан болатын.
Осыған орай Қазақстанның барлық өңірлерінде біршама маңызды іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Өңір басшыларының бастамаларымен қатар айтулы датаны атап өтуге жоғары оқу орындары мен белсенді жастар да тыңғылықты дайындық жүргізіп жатыр. Мәселен Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «80 күн – 80 игі іс» атты жобаны қолға алған.
Мұндай жоба университетте алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жоба аясында оқу ордасында 9 мамырға дейін әр күні әртүрлі іс-шаралар, атап айтқанда, ардагерлермен кездесулер, тәлімгерлік сабақтар, дөңгелек үстелдер, поэзия кештері, фото көрмелер мен спорттық сайыстар ұйымдастырылады. Айтулы жобаның басталуына орай өткен жиынға университет ректоры, оқытушы-профессорлық құрам мен студенттер қатысты. Университеттің басқарма төрағасы – ректор Дархан Ахмед-Заки сөз сөйлеп, тарихи кезеңге тоқталды.
– М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің іргетасы сонау сұрапыл соғыстың нағыз қайнап тұрған кезінде, яғни, 1943 жылы қаланды. Оқу ордасы тарихындағы тағы бір дерек, университеттің алғашқы түлектерінің бірі, №1-ші диплом иегері – ардақты әрі ұлағатты ұстаз Анатолий Александрович Балакирев отты жылдарда Отан үшін от кешіп, елін қорғады. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «Батылдығы үшін» және «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған. Анатолий Александрович осы оқу ордамызда білім алып, қарапайым оқытушы қызметінен проректорлық қызметке дейін көтерілген. Сонымен қатар университетте бірнеше Ұлы Отан соғысы ардагерлері ұстаздық қызмет етті, – деді Дархан Жұмақанұлы.
Игі іске атсалысамын деген студенттердің қатары көп. Олардың басты мақсаты жеңісті күннің және бүгінгі бейбіт өмірдің оңай келмегенін көпшілікке ұғындыру екен.
— Іс-шараның мақсаты – ардагерлердің майдандағы және тылдағы ерлігін есімізде мәңгі сақтап, мақтан тұту, құрметтеу, жастарды Отансүйгіштікке баулу. Тек университет көлемінде шектеліп қалмаймыз. Қала жастары, яғни, басқа оқу орындары, колледж, мектеп оқушылары да қамтылады, – дейді университеттің студенттік парламентінің төрағасы Сабина Сағынтай.
Жиында «Мәдениет және өнер» факультетінің ұстаздары мен студенттері «Солдат хаты» атты театрландырылған қойылым қойды.
Айта кету керек, осы аптада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай кіші футболдан спартакиада және «Ұлы жеңістің – мол жемісі» тақырыбында ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтеді. Сондай-ақ, студенттердің қатысуымен «Соғыс ардагерлеріне мың алғыс!» тақырыбында дебат ұйымдастырылмақ.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ