AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшылығы мен мәслихат депутаттары «Сәуле» шағынауданында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді. Кезекті іс-шараға партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, мәслихат депутаттары Бақытжан Позилов, Бөкейхан Әбішев қатысып, жергілікті халықтың арыз-шағымын тыңдады.
Қабылдауға келген тұрғындар негізінен, инфрақұрылым, әлеуметтік сала бойынша мәселелерін айтты. Қала көшелеріне асфальт төсеу, қоғамдық көліктердің бағытын өзгерту, автобус санын арттыру, жерді заңдастыру сияқты маңызды тақырыптар қозғалды. Сонымен қатар, кейбір азаматтар көшелерге атау беру өтінішін жеткізді. Іс-шарада тұрғындардың бәріне тиісті жауаптар берілді. Мәслихат депутаты Б.Позилов көтерілген мәселелер бойынша депутаттық сауалдар әзірленіп, тиісті мекемелерге ресми хаттар жолданатынын атап өтті.
Халықпен тікелей кездесіп, олардың проблемаларын тыңдап, оң шешім табуына ықпал ету – партияның негізгі мақсаттарының бірі. AMANAT партиясы бұл жобаны тиімді жүзеге асырып, тұрғындардың көкейкесті мәселелеріне назар аударып келеді.
Қабылдауға қатысқан партия өкілдері алдағы уақытта барлық көтерілген мәселелердің бақылауда болатынын және олардың шешімін табу үшін қажетті шаралардың қабылданатынын жеткізді.
Т.ҚАСЫМОВ