Редакция таңдауы

Робот сот орындаушы 50 миллион үнемдеді

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Әділет министрлігі тұрақты негізде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова айтты.

Оның айтуынша, былтыр «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні», «Тегін заң көмегі күндері» акциялары іске қосылды. Сондай-ақ республиканың барлық өңірлерінде жалпы саны 100 мыңнан астам адамды қамтитын 1310 консультативтік-түсіндіру іс-шарасы өткізілген.

Әділет департаментіндегі жаңашылдықтар және Қазақстан құқықтық сауаттылық пен заң көмегінің қолжетімділігін қалай арттырып жатқаны жайлы баяндаған ол: «Ауылдық елді мекендер тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында екі мыңға жуық «Құқық кабинеттері» ашылды. Олар аудандық, ауылдық клубтар, демалыс орталықтары секілді тағы басқа ғимараттарда «Egov» бұрыштарының базасында жұмыс істейді. Кабинеттерде қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілермен танысу үшін «Әділет» АҚЖ, «Заң» ДБ, e-otinish, «Ашық НҚА» порталы сияқты ақпараттық жүйелерге қолжетімділік толық қамтылған. Шымкент қаласында бұл кабинеттер аудан әкімдіктерінің ғимараттарында орналасқан және кестеге сай адвокаттар халыққа тегін көмек көрсетеді», деп отыр.

Сонымен қатар Еup.kz. сайты арқылы онлайн режимінде заң қызметтерін ұсынуға және алуға арналған E-ZanKomegi бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылған. Бұдан бөлек, азаматтардың өздерін қызықтыратын құқықтық сұрақтарға бейнеқоңырау арқылы жауап алуға болатын Zan Komegi мобильді қосымшасы да қолжетімді болды. Zan Komegi жүйесінде екі мыңнан астам адвокат пен заң кеңесшілері арқылы 472 мыңнан аса азамат білікті заң көмегін алған. Мәселен, Шымкент қаласында былтыр мемлекет кепілдік берген заң көмегімен 15548 адамға көмек берілген. Соның ішінде 7578 құқықтық кеңес, ал қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер шеңберіндегі өкілдік 7970 құрайды. Бұдан басқа, бейнеқоңырау арқылы онлайн режимде мүлікті басқаруға қатысты сенімхаттарды қоспағанда сенімхаттар мен ерлі-зайыптылардың келісімдерінің барлық түрлерін беруге мүмкіндік беретін «Е-нотариат» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Бұл қызметті 176 мың азамат пайдаланса, Шымкентте былтыр бұл қызмет түрін 1404 адам алған.

Бұдан бөлек, қазір заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында клиенттерді биометриялық сәйкестендіру қолданылады. Өтініштерге қол қою кезінде QR-қол қою сервисі қолданылып, қызмет нәтижелері 24/7 режимінде EgovMobile «Цифрлық құжаттар» сервисінде қолжетімді. Бұл қызмет арқылы тұрғындар нотариусқа бармай-ақ 168 мыңға жуық сенімхат пен ерлі-зайыптылардың 67,5 мың. келісімін заңды түрде ресімдеуге мүмкіндік алған.

«Тағы бір маңызды жетістік – «Сот орындаушысы роботын» енгізу болды. Мәселен, 20 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұлдар уақытылы төленбеген жағдайда уәкілетті орган мәліметтерді жеке сот орындаушының қатысуынсыз іс жүргізуді қозғайтын Робот сот орындаушысына береді. Іс қозғалғаннан кейін азаматтар іс туралы егжей-тегжейлі ақпараты бар EGov Mobile-да 1414-тен SMS хабарлама және push-хабарлама алады. Өйткені бұл арқылы азаматтар айыппұл сомасының 25% қосымша төлеуден және сот орындаушысына барудан босатылады. Яғни барлық әрекеттер онлайн режимде жүргізіледі. Цифрлық сот орындаушысы іске қосылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін 2,2 млрд.теңгеге 109 мыңнан астам атқарушылық іс қозғалды. Демек азаматтардың пайдасына үнемделген қаржы көлемі 550 млн теңге болды», дейді департамент басшысы.

Оның сөзінше, робот сот орындаушылар Шымкент қаласында да жақсы жұмыс істеп тұр. Айталық, бүгінгі күнге дейін осындай қызметтің көмегімен 880 млн теңге құрайтын 45 516 атқарушылық іс қозғалды. Сонда тұрғындардың пайдасына үнемделген қаржы 50 миллион 710 мың теңгені құрайды. Ал биыл адамдардың өмірін цифрлық дәуірде жеңілдету және ыңғайлы ету, сондай-ақ уақыт пен ақшаны үнемдеу үшін әділет органдарының жұмысын жақсарту жоспарланып отыр.

«Биыл 300 мыңнан астам азаматты құқықтық сауаттылығын оқыту қолға алынады. «Әйтеке» көмекшісі- қарапайым заңгерлік кеңестер беруге және құжаттарды жинауға көмектесуге арналған чат-бот сәтті жүзеге асты. Әлгінде айтқандай, робот-сот орындаушысының құзыреті кеңейіп, ол айналысатын берешек мөлшерінің шегі 20-дан 40 АЕК-ке дейін артады. Бұл азаматтардың пайдасына жылына 12,2 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Осы құралдар тәуліктің кез келген уақытында пайдалануға мүмкіндік бере отырып, қарапайымдылығымен, жеделдігімен және қолжетімділігімен ерекшеленеді», дейді Айнұр Ақжігітқызы.

Қабылданған шаралар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, өз құқықтары мен міндеттерін барынша білуге ықпал етеді. Қызмет көрсетуді жеңілдету жұмысының нәтижесінде азаматтардың уақыты мен қаражаты үнемделсе, бұл қызметтерді алудың қолжетімділігі мен ыңғайлылығы артып, сондай-ақ әкімшілік кедергілер жойылады. Ал бұл өз кезегінде процесті неғұрлым ашық және тиімді етеді. «Халықтың құқықтық сауатын дәйекті түрде арттырып, қоғам санасына адами құндылықтарды сіңірген жөн. Демек әрбір азамат өз сөзі мен әрекетіне заң тұрғысынан есеп беруі тиіс» деген Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау тиімділігін көрсетіп жатқанын айғақтайды.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар