Редакция таңдауы

Технопарктегі көшпелі дәріс

Мемлекеттік саясатты жүргізуде цифрландыру саласының маңыздылығы арта түсті. Сондықтан мамандарды қайта даярлау үдерісінде жаңа технологияларды меңгеріп, ашықтық пен қолжетімділікті арттыру үшін заман ағымына сай сандық қызметтің қатарын арттыру маңызды бола түсті. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласындағы филиалының қайта даярлау курсының тыңдаушылары үшін осы тақырыпта көшпелі дәріс өтті.

Сабақты Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов жүргізді. Оқыту Shymkent HUB технологиялық паркінде ұйымдастырылды. Бұл инновацияларды қолдауға, стартаптарды дамытуға және цифрлық кәсіпкерлікті жетілдіруге арналған заманауи алаң. Көшпелі дәріс тыңдаушылардың цифрлық құзіреттілігін арттыруға, мемлекеттік басқарудағы технологиялық шешімдерді тиімді пайдалануға бағытталып отыр. Бұл мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға және заманауи басқару әдістерін енгізуге мүмкіндік береді. Жалпы академия мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына, жаңа басқару әдістерін игеруіне және инновацияларды енгізуге ерекше мән беріп келеді. Сол үшін қазір мемлекеттік саясатты жүзеге асыру саласындағы енгізіліп жатқан цифрландыру қызметінің маңызы жоғары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау шеңберінде «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркінің үлгісімен еліміздің барлық өңірлерінде ІТ Hub ашу тапсырылған. Бүгінде дәл осындай үлгімен салынған Shymkent IT HUB орталығы білім беру бағдарламалары кеңесінің қызметіне айналып отыр. Себебі HUB технологиялық кәсіпкерлікті танымал ету және технологиялық стартап құру үшін арналған. Орталықтың негізгі мақсатының бірі – келушілерге тегін жоғары интернет жылдамдығы бар жұмыс орнымен қамту және стартап жобалар туралы кеңес беру. Қазір орталықта аптасына 1 рет ақпараттық технологиялар және байланыс саласында қарқынды дамып келе жатқан үздік мамандардың қатысуымен мастер-класстар өтіп тұрады. Сондай-ақ IT-қауымдастықты дамытуға және аймақтағы стартап жобаларды қолдауға бағытталған 55-ке жуық іс-шара өткізіліп, 1559-ға жуық келуші тіркелген екен.

«Мемлекеттік қызметке жаңадан тағайындалған тыңдаушылар үшін біздің ғимаратта көшпелі дәріс өтіп жатыр. Сабақ барысында біз оларға өңірдегі цифрлық саясат туралы, оның ішінде жасанды интеллектінің маңызы туралы айтамыз. Мемлекет басшысы қазір нақты экономика секторынан бастап тұрмыстық өміріміздегі, мемлекет басқарудағы цифрландыру тетіктерін кеңінен ендіруге тапсырма берген. Одан бөлек, осы жасанды интеллектіні дәріптеуге көңіл бөлу туралы тапсырмасы бар», дейді Мұхит Абуталипұлы.

Оның айтуынша, дәрістің соңынан міндетті тыңдаушылармен бірге кері байланыс орнатып, пікірталас ұйымдастырылады. Осы уақытқа дейін Shymkent HUB технологиялық паркінде жетпістен астам іс-шаралар өтсе, соның ішінде оны жасанды интеллектіні оқыту шараларына арналған. Мысалы, Шымкент әкімдігінде қызмет етіп жатқан мемлекеттік қызметкерлерге оқытуды сатылай жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, қырықтан астам мектеп директорлары мен пән мұғалімдері осы жасанды интеллект тақырыбында дәріс алып отыр.

«Біздің паркте жасанды интеллектіні үйретуге арналған арнайы платформа бар. Сол жерге оқытуға жазылып, бірінші күні оффлайн, кейіннен онлайн оқыту жүргізіп, кейіннен ақысыз сертификат ала алады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жерде үйренушілердің де жас айырмашылығы мен қызығушылығына байланысты сегменттері бар. Ал бүгінгі дәріске 25 тыңдаушы келді», дейді басқарма басшысы.

Ж.ТҰРСЫНӘЛІҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар