Қалада Бәйдібек би даңғылының бойымен жиі жүреміз. Соңғы екі жыл көлемінде «Наурыз» алаңынан Төлеметов көшесінің қиылысына дейінгі аумақта көлік кептелесі болатын. Қазіргі уақытта көлік ағыны реттеліп, зоосаябақ алдындағы көлік кептелісі айтарлықтай азайғанын байқадық. Оған жаңадан енгізілген интеллектуалды көлік жүйесінің оң әсері болғаны анық. Бүгінде қалада көлік ағынын реттеу, көлік кептелісін болдырмау – басты назарда тұрған мәселенің бірі.
Соңғы уақыттары Бәйдібек би даңғылында өзіміз байқаған бір жағдай: Бұрын 60-65 секунд жанатын бағдаршамның жасыл түсі қазір 90 секундтан асады. Кейде көліктерді одан аз уақытта өткізіп жібереді. Бәйдібек би даңғылы мен Көшеров көшесі қиылысында осындай өзгерістерді көріп жүрміз. Соған сай осы маңда көлік кептелісі де азайған.
Өткен жылдың соңында шаһарда бағдаршамдарға интеллектуалды көлік жүйесі (ITS) енгізілген еді. Қала аумағында көліктердің саны жылдан жылға едәуір өсуіне байланысты, көлік кептелістің алдын алу мақсатында 246 бағдаршам нысанына интеллектуалды көлік жүйесі орнатылып, іске қосылды. Ондағы басты мақсат – көлік кептелісін азайту. Жаңа жүйе қалалық цифрландыру басқармасымен бірлесе, Полиция департаментінің қолдауымен іске асырылып отыр.
Жүйе арқылы жолдар мен қиылыстарға орнатылған сенсор арқылы көлік ағыны туралы ақпарат жиналады. Яғни, арнайы жүйе көлік ағынына байланысты бағдаршамдағы қызыл мен жасыл түстердің уақытын автоматты түрде өзгертіп отырады. Микротолқынды құрылғылар – жолдағы кептеліс пен көлік ағымын нақты уақытта анықтайды; инфрақызыл жылу сенсорлары – баннерлер мен ағаштарға қарамастан, көлік қозғалысын есептеп, бақылау жүргізеді.
Жаңа жүйеге сәйкес, қаладағы 246 бағдаршам нысанында көлік қозғалысын автоматты түрде, 24/7 режимінде бақылауға мүмкіндік туды. Жүйе ыңғайлы және қауіпсіз көлік қозғалысын ұйымдастырып, кептеліс пен апаттар санын азайтуға, қала тұрғындары үшін заманауи, жайлы инфрақұрылым желісін қалыптастыруға септігін тигізеді.Қазіргі уақытта жаңа жүйе қаланың барлық бағдаршамы орналасқан қиылыстардың 71 пайызын қамтып отыр.
Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының Автомобиль жолдарын пайдалану және жобаларды әзірлеу бөлімінің басшысы Дархан Усмановтың айтуынша, жаңа жобаны орнатқан жеке инвестор – «СМЕУ Астана» ЖШС-і.
Интеллектуалды көлік жүйесінің жұмыс істеу алгоритмі мынадай: Бағдаршамдарға және оған жақын аумақта сенсорлы құрылғы орнатылады. Ондағы мәліметтер интернет арқылы көлікті басқару орталығына жіберіледі. Диспетчерлік орталықта мәліметтер өңделіп, бағдаршамдардың жұмысы автоматты жүйеде реттеледі. Д.Усманов қазіргі уақытта Тәуке хан, Бәйдібек би даңғылдарында, тағы басқа бірқатар магистралды көшелерде көлік кептелісі азайғанын айтады.
Басқарманың мәліметінше, қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағындағы көшелерде қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында 361 бағдаршам нысаны орнатылған. Қала көшелеріндегі бағдаршам нысандарына интеллектуалды көлік жүйесі орнатылғаннан бері, бағдаршамдардың жұмыс жасау уақыттары (цикл) автоматты түрде өзгертіліп, қала көшелерінде көлік қозғалыстары оңтайландырылды.
Сонымен қатар, интеллектуалды көлік жүйесі арқылы бағдаршамдарды қашықтықтан басқару және бағдаршам нысандарының өшуі бойынша толық ақпаратты қашықтықтан алу мүмкіншілігі пайда болды. Бұл өз кезегінде Шымкент қаласы аумағында көлік қозғалысына оң септігін тигізуде. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 2027 жылға дейін тағы 75 бағдаршамға ITS орнату жоспарлануда.
«Ақылды қала» тұжырымдамасы бойынша көрсеткіштер шаһарда 2022 жылдың қорытындысына сәйкес 55 пайызға, ал 2023 жылы 61 пайызға өскен болатын. Ал 2024 жылы көрсеткішті 70 пайызға жеткізу жоспарға енгізілді. Мінекей, тұжырымдама аясында жүзеге асқан жаңа жобаның бірі – «ақылды» көлік жүйесі.
Бәрі де тұрғындардың игілігі үшін. «Ақылды қалалар» эталондық стандартына сәйкес жаңа жоба қала тұрғындарының өмірінде елеулі өзгерістер әкелді. Азаматтар осылай дейді. Дегенмен, жаңа жүйе одан әрі де жетілдіріле түсуі тиіс. Бұл ретте де тұрғындардың өз ұсыныстары бар.
Сіз не дейсіз?
Рүстем ӘШЕТАЕВ, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі:
– Бұл жоба алғаш рет осыдан 3-4 жыл бұрын ұсынылған. Сол кездері белгісіз себептермен жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау таппаған еді. Бәлкім, қаланың бас жоспарын қайта жаңарту мәселесі күн тәртібінде тұрған кезде кептелісті жоюдың альтернативті басқа да жобалары зерделеніп жатқандығынан болса керек.
Кейіннен 2023 жылдары қаламыздың бас жоспары әзірленіп, қала тұрғындарының назарына ұсынылған кезде, қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында жеке инвестор кептелісті азайтудың бір жолы ретінде осы жобаның әлеуетін таныстырды. Біздің тарапымыздан қойылған сұрақтарға толық, қанағаттанарлық жауап бергендіктен, кеңес мүшелері толық қолдаған. Осы орайда айта кететін бір мәселе: Қаладағы кептелістерді азайту үшін кейбір көшелерді үлкен шығындармен кеңейтуге болады. Немесе сол көшелердегі көліктердің легін қай бағыттан көбірек келіп жатқандығын есептей отырып, автоматты түрде бағдаршамның өткізу уақытын азайтып-көбейту арқылы реттеуге болады.
Қарбалас уақытта көптеген көшелердің бір жағы кептеліс, бір жағы бос тұрады. Мұндай мәселені классикалық тәсілмен – жолды кеңейтумен ғана шешудің маңыздылығы шамалы. Сондықтан қазіргі қолданысқа енгізіліп жатқан кептелістерді автоматты реттеу жүйесін өз басым қолдаймын. Ал енді ұсынысымды айта кетсем. Ендігі кезекте бағдаршамның цифрлы белгісінің де қатар жұмыс істеуін қамтамасыз етсе екен. Өйткені автоматты жүйе бағдарламасында цифрлы белгі беру жүйесі болмайды. Әрине, бұл қолданыстағы заңға қарсы емес. Сол себептен кемінде 10 секундтық алдын ала белгі беру жүйесін енгізуге болады деп ойлаймын.
Айдос НҰРМАНОВ, қала тұрғыны:
– Жаңадан қолға алынған «ақылды» басқару жүйесі күнделікті тіршілігімізге оң әсерін тигізеді. Қала тұрғындарына және қонақтарына, жүргізушілерге ыңғайлы әрі баратын жеріне тез жетуіне септігі зор. Қазіргі таңда Астана, Алматы, Шымкент және тағы басқа көптеген қалаларда көлік кептелісі үлкен мәселе болып отыр. Шымкентте енгізілген бұл жаңа жүйенің оңтайлы жақтарын өзім байқап жүрмін. Әсіресе, таңертең және кешкі уақыттарда кептелістің азайғаны байқалады. Тұрғындардың жұмысына, мектепке, балабақшаға ертерек жетуіне зор септігін тигізіп жатыр.
Жүргізуші ретінде қала басшылығына өз алғысымды айтамын. Енді осы жүйені толықтырып, бағдаршамдарға көбірек енгізсе деген ұсынысым бар.
Тағабай ҚАСЫМОВ