Шымкент қаласында жол инфрақұрылымы мен көлік саласын дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан өткен жылы және биыл жыл басынан бері жүзеге асқан жұмыстар аз емес. Статистикаға сәйкес, Шымкент – автокөліктің көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол саласы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Шымкент қаласы бойынша жолдардың жалпы ұзындығы 3 899 шақырым (6714 көше). Асфальт-бетонды жабындысы – 2 847,6 шақырым, шағал тас – 564,4 шақырым, топырақ жолдар – 487 шақырым.
2025 жылы жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 79 пайызға жеткізу жоспарланған. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 2025 жылы да ауқымды жұмыстар жүргізілмек. Басқарманың мәліметінше, 2025 жылы жалпы ұзындығы 40,8 шақырымды құрайтын 15 нысанда жол құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар қаланың көлік қатынасының тиімділігін арттырып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, заманауи құрылыс технологияларын қолдану арқылы инфрақұрылым сапасын арттыруға және оның ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
Биыл іске асатын ірі жобалардың қатарында мынадай нысандар бар: Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу (2, 5 және 6-кезеңдер) А-2 айналма жолын қайта құру (5, 6 және 7-кезеңдер), Ы.Алтынсарин көшесінің жалғасын салу, Жандосов көшесінің жалғасын салу, Асар-Шымсити шағын аудандарын қосатын жолдың құрылысы, Момынов көшесіндегі жол өткелінің құрылысы, Шұбаркөл көшесінің құрылысы, Тіленшин көшесі бойындағы теміржол өткелінің құрылысы. Сондай-ақ, Қойкелді батыр – Ақназар хан көшесіндегі теміржол өткелін күрделі жөндеу, Қазиев көшесін ұзарту (1,7 шақырым), Е.Исрайлов көшесін қайта құру (4,7 шақырым) сынды жаңа нысандар құрылысы атқарылады.
Биыл бірқатар көшелер күрделі және орташа жөндеуден өтеді. 2024 жылы басталған 9,8 шақырымдық Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа Қоныс және Ізенді көшелерінде бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жұмыстарды аяқтау 2025 жылы жоспарланған. Жөндеу жұмыстарының аясында жол төсемін толық жаңарту, жаяу жүргіншілер жолын салу және жөндеу, суағар жүйелерін орнату, жол белгілері мен жарықтандыру жүйесін жаңарту қарастырылған. Бұл шаралар жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған 2025 жылы ұзындығы 88 шақырымды қамтитын 55 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстар жол инфрақұрылымын жақсартуға, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Ә.АЙТӨРЕ