Шымкенттегі «Tulip Hall» көп салалы кешенінде «Шымкент концерт» концерттік ұйымының штаттағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің, эстрада, дәстүрлі және классикалық ән орындаушылар ұжымының әртістерін аттестациялаудың екінші кезеңі өтті.
«Шымкент концерт» концерттік ұйымы» әртістерінің санатын нақтылауға арналған аттестацияда қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің әртістері өз қалауы бойынша және күрделі формада екі шығарма орындап, нотаны қағаздан оқып және әртістік шеберлігін көрсетті. Музыка теориясынан сұрақтарға жауап берді. Ал эстрада және дәстүрлі ән орындаушылар оранжировканың және домбыра, фортепианоның сүйемелдеуімен екі түрлі жанрда ән орындап, сұрақтарға жауап берді, әртістік шеберлігін көрсетті.
Аттестация жұмыстарын жүргізген комиссия төрағасы – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев, комиссия мүшелерінің құрамында Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыка өнері» кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов болды.
Филармония әртістерінің кәсіптік-шеберлік деңгейінің категориясын нақтылау мақсатында өткізілген аттестаттау қорытындысында комиссия мүшелері біршама ұсыныстары мен сын ескертпелерін айтты.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ