Шымкентте кардиохирургия және интервенциялық кардиология бойынша халықаралық конференция өтті. Бұл маңызды жиынға қаламыздың білікті мамандарынан бөлек, Беларусь Республикасы, Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстаннан келген мамандар, ғылыми және республикалық орталықтардың өкілдері, сондай-ақ тәжірибелі дәрігерлер қатысты.
Конференцияның өтуіне басты себеп – қалалық балалар клиникалық ауруханасының базасында жаңа кардиохирургиялық орталықтың ашылуы болды. Жаңа бөлімше қажетті кадрлық, жатын орындар мен заманауи медициналық жабдықтар, медициналық мақсаттағы бұйымдарды қамтамасыз еткеннен кейін өз жұмысын бастады. Бұл орталықта кардиореанимация бөлімі және заманауи операциялық блок қарастырылған, бұл өз кезегінде жоғары технологиялық кардиохирургиялық оталарды тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
– Алғашқы балалар кардиохирургиясы бөлімшесінің ашылуы – балалар денсаулығын сақтау саласында оң өзгерістер әкелетін маңызды оқиға. Бұл бастама балалардың денсаулығын сақтау мен өмір сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Соңғы бес жылда қаладағы балалар саны 27 пайызға өсіп, шамамен қала халқының 40 пайызын құрап отыр. Бүгінгі шараның маңызы зор, себебі бөлімшенің ашылуы оңтүстік өңірдегі балаларға көрсетілетін көмекке жаңа серпін береді. Кардиохирургия қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінің маңызды саласы. Жаңа бөлімшенің біздің қала мен еліміздің медициналық инфрақұрылымының жетілуіне қосатын үлесі зор. Конференция барысында бұл бағыттағы маңызды жетістіктер мен жаңа бастамалар жайында пікір алмасып, болашақтағы жоспарларды бірге талқылаймыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жаңа бөлімшенің ашылуына үлес қосқан барша жандарға алғыс білдіремін, – деді конференцияға қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов.
Сонымен қатар, Қуаныш Жұмабекұлы осы орталықта тәжірибелік шеберлік сағаттарын өткізуге мүмкіндік берген BI-Жұлдызай корпоративтік қайырымдылық қорының өкілдеріне қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың алғыс хатын табыстады.
Жаңа кардиоорталықтың ашылуы – Қазақстандағы медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы маңызды қадам. Бұл орталықта тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істеп, сонымен қатар болашақта халықаралық мамандармен бірлескен шеберлік сабақтары мен ғылыми зерттеулер ұйымдастыру жоспарланып отыр.
– Бұл заманауи технологиялар мен жоғары білікті мамандарды пайдалана отырып, балалардың жүрек ауруларын емдеуге мүмкіндік береді. Жаңа бөлімше ерте диагностика мен хирургиялық араласуды жеңілдетеді, бұл әсіресе балалардағы туа біткен немесе жүре пайда болған жүрек ақаулары бар жағдайларда маңызды. Бұл толық сауығу мүмкіндігін арттырады және балалар мен олардың отбасыларының өмір сүру сапасын жақсартады, – деді конференцияда сөз алған Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.
Конференция барысында кардиохирургиялық және кардиологиялық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі, заманауи әдістер мен тәжірибелер талқыланып, мамандар балалардағы жүрекке ашық ота жасау саласындағы әлемдік үрдістер, осы саладағы тәжірибелер және жүрек-қан тамырлары патологиясы бар балалардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша баяндамалар жасады.
Жалпы осы уақытқа дейін туа біткен жүрек ақауы бар балалар көбіне Алматы, Астана, не болмаса шет ел асып емделетін. Енді бөлімшенің ашылуы осы сандалысты азайтады.
– Күні кеше Белорусь елінен келген әріптесімізбен бірге 2 жасар нәрестеге 3-ші дәрежелі ота жасалды. Тағы бірнеше ота жасау жоспарда бар. Жалпы жыл соңына дейін кезекте тұрған 70 балаға ота жасау жоспарда бар, – дейді қалалық балалар клиникалық ауруханасының кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Асан Жұманов.
Айта кетейік, балалар ауруханасында ашылған кардиохирургия және интервенционды кардиология бөлімшесі жалпы 20 төсек-орынға арналған. Бөлімшеде арнайы кардиореанимация және операциялық блог жұмыс істейді. Материалдық-техникалық база, яғни қажетті медициналық жабдықтар бар, білікті кардиохирург мамандар да жеткілікті. Мұнда енді жоспарға сай, 18-жасқа дейінгі балалардың жүрегіне ашық ота түрлері жасалатын болады.