Редакция таңдауы

Білікті дәрігер де, мықты техникалық база да бар

2024 жылы Шымкент қаласының медицина саласында жүйелі жұмыстар атқарылып, халық саулығын жақсартуда оң нәтижелерге қол жеткізілді. Денсаулық сақтау ұйымдарының техникалық базасы жаңартылып, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды.

Медицина мамандары әлемнің жетекші елдеріндегі соңғы инновациялық құрылғылар жабдықталған клиникаларда кәсібіи біліктілігін шыңдады. Жергілікті дәрігерлеріміз жоғары технологиялық күрделі оталарды меңгеріп, техникалық база жаңартылды. Соның ішінде Шымкент қаласында халықтың медициналық мекемелер ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі бойынша халыққа сапалы және уақытылы медициналық қызмет көрсету мақсатында медициналық ұйымдарды ұлттық аккредитациядан өткізу көрсеткіші артып, тұрғындарға сапалы және қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету мақсатында қала шетінде дәрігерлік амбулатория ашылды.

2024 жылы медициналық ұйымдардың 56 пайызы Ұлттық аккредитациядан өтіп, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда екі есе артты. Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру мақсатында бес пилоттық жоба іске қосылды. Бұл бастама тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді жеделдетіп, емдеу процесін тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Қаладағы емханалар мен ауруханаларда қағазбастылықты азайту үшін электронды медициналық карталар енгізілуде. Бұл жүйе дәрігерлерге науқастың толық медициналық тарихына жылдам қол жеткізуге және диагноз қою процесін оңтайландыруға көмектеседі.

Қашықтықтан медициналық кеңес беру жүйесі енгізіліп, пациенттерге бейнеқоңырау арқылы дәрігерлермен байланысу мүмкіндігі жасалды. Бұл әсіресе, ауылдық елді мекендердегі азаматтар үшін үлкен көмек болмақ.

Бұл жоба аясында емханаларда электронды кезек және автоматтандырылған қабылдау жүйесі іске қосылды. Енді пациенттер мобильді қосымша арқылы дәрігерге жазылып, қажет медициналық қызметтерді алдын ала жоспарлай алады. Науқастарды қажетті дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз ету үшін фармацевтикалық тізбекті бақылау жүйесі енгізілді. Бұл дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттырып, тапшылықтың алдын алуға бағытталған.

Жаңа технологияларды пайдалана отырып, кейбір медициналық тексерулер мен зерттеулерді жасанды интеллект көмегімен талдау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл әдіс рентген, УДЗ және басқа да зерттеу нәтижелерін талдауды жеделдетіп, дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді.

Цифрландыру арқылы науқастардың медициналық көмекке жүгіну процесі жеңілдейді, ал дәрігерлер өз жұмыстарын тиімдірек атқара алады. Сонымен қатар, бұл жобалар денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығын арттырып, медициналық мекемелердегі әкімшілік жүктемені азайтуға ықпал етеді.

Қалада медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін бірнеше жаңа бөлімше іске қосылды. Олар №2 қалалық аурухана базасында гепатологиялық орталық, диабеттік табан және нейрохирургия бөлімшелері, қалалық клиникалық балалар ауруханасында балалар ауруларын ерте анықтау бойынша оқу-әдістемелік орталық, гипербариялық оксигенация орталығында 15 төсек орындық пульмонология бөлімшесі іске қосылды. Сондай-ақ, Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығында эндокринологиялық бөлімше кеңейтіліп, төсек орны 15-тен 50-ге дейін көбейтілді. Қалалық перинаталдық орталықта неонаталды хирургия және «Бір күндік клиника» ашылды.

Дәрігерлердің біліктілігі мен шеберлігі – науқастардың сауығуындағы басты факторлардың бірі. Жоғары кәсібилік пен үздіксіз білімін жетілдіру арқылы дәрігерлер дәл диагноз қойып, тиімді емдеу әдістерін қолдана алады. Осы мәселеге көңіл бөлген басқарма, жергілікті бюджет есебінен 237,8 млн теңге бөлініп, Ресей және Түркия елдерінде 46 дәрігер біліктілігін арттырды. Сонымен қатар, Мәскеуден шақырылған мамандардың қатысуымен алты халықаралық мастер-класс ұйымдастырылып, 120 маман білімін жетілдірді.

Шымкент қаласының медицина саласы жылдан жылға қарқынды дамып, заманауи емдеу әдістерін кеңінен қолдана бастады. 2024 жылы қаланың жетекші медициналық орталықтары мен ауруханаларында жоғары технологиялық көмек көрсету аясында 1502 күрделі оталар жасалды. Бұл оталар тек жергілікті емес, сонымен қатар басқа өңірлерден келген науқастарға да медициналық көмектің қолжетімділігін арттырды.
Жүрек-қан тамырлары ауруларына байланысты бірнеше жаңа буын операциялары сәтті өтті. Атап айтқанда, коронарлық шунттау, жүрек қақпақшаларын ауыстыру, аритмияны емдеуге арналған радиожиілікті абляция сияқты жоғары дәлдікті хирургиялық әдістер қолданылды. Бұл оталар инфаркт пен инсульттің алдын алуға және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Қаланың жетекші клиникаларында ми ісіктерін алу, омыртқа жарақаттарын емдеу және инсульттан кейінгі қалпына келтіру оталары жоғары технологиялардың көмегімен жүзеге асырылды. Микрохирургиялық және эндоскопиялық әдістер қолданылып, операциядан кейінгі асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік берді.

Қатерлі ісікпен күресте лапароскопиялық және роботтық хирургия әдістері кеңінен енгізілді. 2024 жылы асқазан, өкпе, бауыр және басқа да ішкі ағзалардағы ісіктерді алып тастау бойынша жоғары технологиялық оталар сәтті өтті. Минималды инвазиялық тәсілдер науқастардың тезірек қалпына келуіне мүмкіндік берді.

– Бауыр мен бүйрек трансплантациясы бойынша бірқатар күрделі оталар жасалып, донорлық органдарды сәтті ауыстыру нәтижесінде ондаған адамның өмірі сақталды. Бұл бағытта Шымкент қаласының медициналық мекемелері Қазақстандағы жетекші орталықтардың қатарына кіруде. Қуатты экзопротездер мен бионикалық технологиялар арқылы жамбас және тізе буындарын ауыстыру, күрделі сынықтарды емдеу, спорттық жарақаттарды қалпына келтіру бойынша заманауи операциялар жасалды. 2024 жылы Шымкент қаласының медицинасы жаңа технологиялармен жабдықталып, көптеген оталар роботтандырылған жүйелер, 3D-навигация, эндоскопиялық және лапароскопиялық әдістер арқылы жасалды. Цифрландыру, жасанды интеллект және медициналық big data хирургтарға нақты әрі дәл диагностика жасауға және оталарды тиімді жүргізуге көмектесті. Алдағы жылдары Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен жетекші медициналық мекемелер жоғары технологиялық медициналық көмекті одан әрі дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Роботталған хирургияны кеңінен енгізу, жаңа трансплантациялық бағдарламаларды дамыту және онкологиялық ауруларды емдеудің инновациялық әдістерін қолдану басты басымдықтардың бірі болып табылады, – дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Шымкент қаласындағы медицина саласының дамуы – тек өңірдің ғана емес, жалпы еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Жоғары технологиялық оталар науқастардың өмірін сақтап қана қоймай, олардың тез қалпына келуіне және өмір сапасының жақсаруына зор мүмкіндік береді.

2024 жылы жергілікті бюджет есебінен 3,1 млрд теңге бөлініп, 154 науқас дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы 3,5 млрд теңгеге дәрілік заттар таратылды. Сондай-ақ, қуық асты безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылған науқастарды емдеуге 56,3 млн теңге бөлінді.

Қала шетінде жаңа медициналық мекемелер ашылып, халыққа жақындатылған медициналық көмек көрсетілуде. Жыланбұзған елді мекенінде дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Сонымен қатар, 23 жедел жәрдем көлігі сатып алынып, медициналық көмек көрсету уақыты қысқартылып, қызмет көрсету сапасы жақсарған. Осы жылы тағы 25 автокөлік алу жоспарда бар екен.

Денсаулық саласында 2025 жыл да қауырт басталған. Қаңтар айында медицина саласында бірнеше ірі бастамалар жүзеге асты. Атап айтқанда, қалалық балалар кардиохирургия орталығы ашылып, «Тәуелсіздікке 20 жыл» елді мекенінде дәрігерлік амбулатория іске қосылды.

Көпбейінді 257 төсек-орындық аурухана пайдалануға берілді. Жақында ғана қалалық клиникалық балалар ауруханасында «Нәзік жүрек» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

1130 жедел жәрдем қызметкері аттестаттаудан өткен, тіпті дәстүрлі Қытай медицинасы негізінде қалпына келтіру және оңалту бойынша халықаралық шеберлік сабағы да ұйымдастырылды.

Қорыта айтқанда, Шымкент қаласының денсаулық сақтау жүйесі қарқынды дамып, халыққа медициналық қызмет көрсетудің жаңа деңгейіне көтерілуде. Жаңа орталықтардың ашылуы, жоғары технологиялық медициналық көмектің кеңеюі және дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша жүргізілген жұмыстар халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар болды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы одан әрі жақсара түсетіні сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар