Редакция таңдауы

Дәстүрлі әндер дәріптелді

Қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде тағылымды іс-шара өтті. «Тарихпен үндес» тақырыбында ескі әндерді жаңғырту бағытындағы кездесу өнерлі жастарға керемет әсер сыйлады.

Шаһарда жастардың уақытын тиімді өткізу, дәстүрлі әндерді дәріптеу мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен «Тарихпен үндес» жобасы алғаш рет өткізілді. «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебі, саз колледжінің өнерпаздары, белсенді жастар дәстүрлі, ескі әндерді орындап, көпшілік бірге ән шырқады. Алдымен ескі әндердің тарихынан сыр шертті. Еске түсіру арқылы қазақтың ұлттық құндылықтарынан, өнерінен өнеге, мол мағлұмат алды. Атап айтқанда, көпшілік «Балқадиша», «Келші айым», тағы басқа әндерді қосыла шырқап, қайта жаңғыртты.

Қалалық Жастар ресурстық орталығы мекемесі басшысының орынбасары Аружан Әлжанның айтуынша, барлық оқу орындарының белсенді, әнге қызығушылығы бар жастар шақырылған. Алғашқы кездесуге жалпы 40 жас қатысты. Тағылымы зор жоба одан әрі жалғасын таппақ.

Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар