Оқушылар сарайында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Өлең сөздің патшасы…» атты көркемсөз оқу шеберлері байқауы өтті. Байқауды Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Бұл әдеби шара Абай шығармашылығын насихаттауға арналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау кемеңгердің әдеби мұрасын кеңінен насихаттау арқылы жастардың қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру, көркем сөздің құдіретін сезіндіру, ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеу мақсатында өткізіліп отыр.
Сайысқа Шымкент қаласындағы 16-29 жас аралығындағы талантты жастар қатысты. Қатысушылар үш кезең бойынша, Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқу, «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем оқып, образды жеткізу, Абайдың әндерін жанды дауыста орындау шарт болды.
Байқаудың ашылу салтанатында М.Әуезов университетінің жанынан құрылған «Думан» жастар театры «Абайдың асыл мұрасы» атты қойылымын сахналады. Бұл көрініс көрермендерді бірден рухани әлемге жетелеп, Абайдың даналық жолына терең бойлатты.
Қазылар алқасы құрамында танымал өнер майталмандары, ақын-жазушылар мен көркемсөз оқу шеберлері байқауының жеңімпаздары болды. Қатысушылардың өнері бірнеше критерий бойынша бағаланды. Шығарманы оқу шеберлігі, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтау, көрерменмен байланыс, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеті, ән орындау қабілеті сынға түсті.
Байқаудың қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, жеңімпаздар арнайы диплом және бағалы сыйлықтарға ие болды.
Бас жүлде – Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенті Ұлжалғас Маратқызының қанжығасына байланды. Жүлделі І орынды Ұлттық ұланның жауынгері Ромашов Жұлдызбек иеленіп, бағалы сыйлық алды. ІІ орынды саз колледжінің 1-курс студерті Асқар Бекзат Айдосұлы және Жуматбай Абдулла иеленді. Абдулла ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің жауынгері. Қалған қатысушылар да белсенділігі үшін дипломдармен марапатталды.
«Өлең сөздің патшасы…» байқауы Абай мұрасын дәріптеу арқылы жастардың рухани санасын жаңғыртуға, олардың қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттыруға үлкен үлес қосты. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқу, шығармашылығын терең ұғыну арқылы жастар ұлттық рухани құндылықтарды бойларына сіңірді.
Мұндай байқаулар жас буынның әдебиетке, өнерге деген сүйіспеншілігін оятып қана қоймай, болашақта олардың қара өлеңнің қасиетін сезінуге септігін тигізетіні сөзсіз.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА