Редакция таңдауы

Қиялына қанат байлаған Ұлжалғас

Бала қиялсыз өскен адам, сірә, аз болар. Әркімді өз қиялы тербегені ақиқат. Армандау бар да, арманды өмірде іске асыру тағы бар. Екеуі көбіне қиыспай кетіп жатады. Себебі, қиыстыруға, жүзеге асыруға адам бойындағы жігер мен қажыр керек. Табылса жақсы. Табылмаса, өмірінің соңына дейін қиялында қалықтап тұратыны тағы бар. «Өмірдің өзі – театр, адамның бәрі – артистер» деп, Шекспир айтпақшы, өмір мен өнердің аражігін аша отырып, сахнада қабыстыра білу, асқан шеберлікті қажет етеді.

Бүгінгі кейіпкеріміз бала күнгі қиялын өмірінің мәніне айналдыра білген. ҚР Мәдениет саласының үздігі Ұлжалғас Сафаралиева – алуан түрлі кейіпкерлердің бір-біріне ұқсамайтын тағдырын сахнада тірілте білген артист.

Көрермен, сахнадан толыққанды дүниені көреді. Сахнаға дейінгі төгілген тер мен ұйқысыз түндерді, режиссерден естіген ескертуді білмейді. Солай болуы да керек. Көрерменнің ықыласпен соққан шапалағын естігенге дейінгі тер мен сордың дәмін тек артист қана біледі. Сондығымен де артист мамандығы «қызығынан шыжығы мол» мамадық болып қала бермек.

Ұ.Сафаралиеваның атап өтетін ерекшелігі – ойнаған рөлдерінің бір-біріне ұқсамай, әрқайсы өз алдына дара мінезді болып сомдалуы. Бірде қытай әйелі болса, енді бірде парасатты Ана рөлімен көрерменіне ой салады. Енді бірде сахнада «Жеңгетай» болып желеді. Актрисаның өнермен өрілген өмір жолын өз аузынан естіп, оқырманға жеткізгенді жөн көрдік.

Ұлжалғас Сафаралиева – актриса, ҚР мәдениет саласының үздігі:
– Өзбекстанға қарап кеткен Бостандық ауылында өмірге келіп, балалық шағым ауылда өтті. Бала күнімде үйімізде пластинка ойнайтын радиомыз болды. Анам Алматыға барғанда қазақша пластинкалар алып келетін. Ауылымызға Шымкенттен Шанин театры мен Жетісай театры гастрольдік сапарға келетін. Клубтың жанында ойнап, артистерді күтіп жүретінмін. Апам екеуіміз әртістерге айран апарып беріп, спектакльге тегін кіретінбіз. Спектакльден әсерленіп, «Актриса боламын!..» дейтінмін. Оған қоса әкемнің қарындасы Дариға Тұранқұлова әпкем Алматыдағы Т.Жүргенов академиясында сабақ беретін. Соған еліктедім бе екен?!..

Анам зейнетке шығуы үшін жылы жетпей 5 сыныптан бастап колхоздың пияз егіміне шығатынмын. Сәуірде капуста егеміз. Күзде жиын-терім. Көзімді еңбекпен аштым. Жазда ауыл іргесіндегі Шыршық өзеніне шомыламыз. Қалай дегенменде бақытты балалық шақты уайымсыз кештік.

Кіл, алда болғанды сүйдім. Мектеп бітірген кезде актерлікке оқуға түсетініме сенімді болдым. Апам он үш сомға үлкен қоңыр шамадан әперді. Киім-кешегімді піспелеп, апаммен берге Алматыға келдік. Вокзалға түсе сала айналама қараймын. Қаптаған адамды көріп, айныдым. Апама «Ауылға қайтамын?!» деп жыладым. Апам ойбайлады да қалды. Не керек, Алматы театр және көркемөнер институтына (бүгінгі Т.Жүргенов академиясы) оқуға түстім. Емтиханда жан-жануарларды көрсетуім керек болды. Түлкіні көрсеттім. Гүлжахан Абуовна деген ректорымыз көріп, ішек-сілесі қата күліп, риза болды.

Р.Қанабаеваның курсына түстім. Сахна тілінен өзімнің Дариға Тұранқұлова әпкем сабақ берді. Бағдаршамды ең алғаш Алматыда көрдім. Студенттік өмірмен актерлік мамандығымның қызығы мен шыжығы басталды. Дипломдық жұмысымда Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесу» пьесасында Айша апайдың рөлін ойнадым. «Студенттің өзіндік жұмысы» деген болатын. С.Мұратбековтің «Жабайы алма» әңгімесіндегі әйелдің рөлін ойнап, «Үздік студенттік ойын» жүлдесін жеңіп алдым. Орыстілді режиссерлық курстың жігіттері спектакльдерге шақыра бастады. Орысшам осал болғандықтан бармадым.

Мен оқуды аяқтаған жылдары диплом алған соң жұмысқа бөлетін. Ауылға күйеуге шықтым. Ауылда театр жоқ болғандықтан, алысқа ұзап кете алмай Шыршықтағы мектепте 4 жыл бастауыш мектепте сабақ бердім. Анам «Дипломың бар. Шымкентке бар. Әртістік жұмысқа тұр. Балаларыңа жәрдемдесемін» деп ақыл айтты.

1990 жылы Шанин театрына актриса болып жұмысқа орналастым. Мен театрға жұмысқа кірген кезде көркемдік жетекші Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Жақып Омаров Астанаға ауысып, театр жарты жыл режиссерсіз қалды. Мені Ә.Тауасаровтың «Арманшыл қыз» пьесасындағы Самалдың ролін беріп, еш режиссерсіз сахнаға шығып кеткенмін. Қызылорданы екі ай аралап, гастрольдік сапарда жүріп қайттық.

Күзде Әскер Құлданов ағамыз көркемдік жетекші болып келді. Сол кезден шығармашылық жолым басталды. Шанин театрының сахнасындағы алғашқы режиссердің таңдауымен ойнаған рөлім режиссер Т.Өтебаев сахналаған Қ.Мәтмұратовтың «Сұлуға сұқтанба» деген драмасында бай әйелдің екінші қызы Гүлімді ойнадым. Сахнада Күләш Аққұлиева тәте көп жәрдем берді. Тастан ағай өте жайлы режиссер болатын. Актерге адамгершілікпен қарап, әдемі түсіндіретін. Қанша дегенмен үлкен сахнадағы алғашқы рөлім болған соң жүрексіндім. Кіл тәжірбиелі артистермен ойнап шықтым. Анау айтқандай қатырдым деп ойламаймын. Күләш тәте «Әп-әдемі ойнап шықтың. Жарасып тұр өзіңе. Өстіп-өстіп үйреніп кетесің» деп қолдау көрсетіп қойды.

Қалай десек те, актерде амплуа деген болады. Драмалық қойылымдарда ойнап жүрмін. Бірақ, жаныма комедия жанры жақын. Комедиялық рөлдерімді жаныммен ойнаймын. Көрермен комедия жанрын ойнау оңай деп ойлайды. Шындығында, драмадан – комедия ойнау өте қиын.

1991 жылы режиссер Ә.Құлданов ағамыз Б.Әбілдаевтың «Айша-Бибі» драмасын сахналағанда маған Мәни деген қытай патшасының қызының ролін берді. Ерке, қылықты қыз. Айша бибінің жігітін жақсы көріп, жігіт үшін күреседі. Әкесі «Қызым, ол жігіт сені қаламайды?!» десе, «Неге ол мені қаламайды?» деп ынты-шынтыммен жылайтынмын.

1993 жылы айтулы режиссер Р.Сейтметов ағамыз С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» мелодрамасын сахналағанда маған Мадинаның ролін берді. Бұл роль, менің жамбасыма түсті. Қазақ әйелдерінің басым көбінің тағдырымен тағдырлас рөлді сүйіп ойнадым. Комедиялық жанрдан 2012 жылы реж. И.Сапаров сахналаған Е.Төлеубайдың «Жеңгетай» комедиясында жеңгетай Күлімкөздің рөлін ойнадым. Жамбасыма түскен сүйікті роліме айналған Жеңгетайым оңайлықпен шықпады. 1 ай бойы төрт қыз, төрт жігіт, апалар мен марқұм Мәжит Ілиясқаров ағамыз болып жаздың ыстығында театрдан шықпай дайындалдық. Өзімнің шомылып ойнаған ролім болды.

Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Сократ. Миғұла терісі үстіндегі сот» драмасында (реж.Р.Сейтметов) қытай қызы Ду-даудың рөліне бекітілдім. Қытай қызының жүріс-тұрысын, қимыл-қаракеті мен сөйлеу мәнерін үйреніп, лайықты деңгейде алып шықтым. Көрермен ықыласынан жақсы шыққанын көрдім. Бір күні «Пьесаның авторлары келеді екен. Қойылымды авторларға көрсетеміз» деп, мен ойнайтын құрамды жариялады. Үйге қуанып қайттым. Таңертең киімдерімді дайындап, рөліме дайындалып отырсам бір актриса келіп «Ұлжалғас әпке, сіздің атыңыз тізімде жоқ. Жалғыз сізді өшіріп тастапты» дегенге жүгіріп барсам, менің орныма екінші құрамдағы актрисаны жазып қойыпты. Төбемнен мұздай су құйып жібергендей болдым. Грим бөлмеме келіп, солқылдап жылауға мұршам жетті. Бұндай жағдай барлық артистерде жиі кездесетін жайт. Артист мамандығының азабы да сонда, режиссер кез-келген сәтте саған ескертпестен рөліңді ауыстыра салады. Үйге жылап қайттым.

Б.Әлімжановтың «Ойран» драмасындағы қазіргі қоғамдағы қасіреттің белортасында жанталасып жүрген Шекер деген ананың рөлін сүйіп ойнадым. Өзім Өзбекстанның жерінде тұрғандықтан ба, өзбектің психологиясын жеткізу жаныма жақын Х.Хурсандовтың «Өлдік те, құрметті болдық» трагикомедиясындағы Айдана кемпірдің ролін рақаттанып ойнаймын. Әлбетте, Айдана кемпірдің ролінде драмалық бояуы басым. Бірақ, өзбектің менталитетін білетіндіктен шомылып ойнаймын. Әр сөзі жүрегімді жарып шығады. М.Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» драмасындағы А.Асқаровтың Анасының рөлі ұнайды. Кезекті қойылымын ылғи күтіп жүріп онаймын.

Сүбелі Ана рөлін ойнасам деп армандаймын. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясындағы Мақпалдың рөліне студент кезімнен ғашықпын. Армандадым. Бізде сахналанды. Өкінішке қарай, маған бұйырмады. Қарап отырсам рөлсіз кезім болмапты. Шүкір, қырықтан аса рөлдерде ойнадым».

Иә, өмірдің соқтықпалы-соқпақсыз жолын бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Биыл 60 жасқа толып отырған актриса, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ұлжалғас Сафаралиева жайлы бір үзік сырмен бөлістік.

Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық
академиялық қазақдрама театры
әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург

Соңғы жаңалықтар