Редакция таңдауы

«ŞAM» театры – еркін өнердің жаңа тынысы

Өнердің басты қасиеті – оның шекарасыздығы. Ол бір елдің, бір ұлттың ғана меншігі емес, адамзатқа ортақ ұлы кеңістік. Қазақ театр өнері де бұл ұстанымнан тыс қалған емес. Соңғы жылдары сахнада жаңа леп, жаңа серпін байқалады. Бұл – жастардың, тәуелсіз шығармашылық топтардың өнерді жаңаша пайымдауының нәтижесі. Соның ішінде «Şam» театры – қазақ сахнасындағы жаңа дәуірдің бастауы десек қателеспейміз.

Бұл театр дәстүрлі шеңберден шығып, тың идеялар мен заманауи режиссураны тоғыстырған шығармашылық алаң ретінде көрінді. Ол – бір адамның, бір труппаның ғана емес, түрлі театр актерлері мен режиссерлерінің басын қосатын ортақ кеңістік. «Шекара жоқ» – бұл театрдың басты ұстанымы. Өйткені, шын өнерге ешқашан шектеу болмауы керек.

Өнер – ұлттық шеңберден асып, бүкіл адамзаттық ойдың сахнасына ұмтылады. 2022 жылы құрылған «Şam» театры дәл осы қағиданы ұстанған тәуелсіз шығармашылық алаң ретінде театр сүйер қауымға жақындай түсті. Жаңа идеялар мен заманауи режиссураны біріктірген бұл ұжым аз уақыт ішінде еліміздің мәдени өмірінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Театр ұжымы қойған алғашқы қойылымы – «№37» спектаклі. Әзербайжан драматургі Исмаил Иманның шығармасы негізінде сахналанған бұл спектакль Фархад Молдағалидың режиссерлігімен қазақ сахнасына қойылды. Еркебұлан Дайыров, Асан Мажит, Зарина Кармен, Сағызбай Қарабалин сынды танымал актерлер ойнаған бұл қойылым көрермен ықыласына бөленіп, Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Тараз, Атырау, Қызылжар, Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Орал, Түркістан қалаларында аншлагпен өтті. 80 мыңнан астам көрермен тамашалаған бұл қойылым қазақ сахнасындағы үздік спектакльдердің біріне айналды.

«Şam» театрының тағы бір маңызды жұмысы – «Conference» спектаклі. Бұл қарапайым театрландырылған оқиға емес, ойшылдардың интеллектуалды пікірталасы, адамның өзін, әлемді тануға ұмтылысы. «Кінәлі кім?» деген сұраққа жауап іздеген бұл спектакль көрерменнің ішкі жан дүниесін қозғап, философиялық толғанысқа жетелейтін туынды.
Иван Вырыпаевтың пьесасына негізделген қойылымда Копенгагенде өткен интеллектуалды пікірталас көрермен алдына сахналық көркемдік формамен ұсынылады. Шығыстанушы, теолог, саясаттанушы, журналист, ақын және ғалымдар адамзаттың азап шегуінің негізгі себептерін талқылайды. Бірақ бұл жай ғана теориялық пікірталас емес, спектакль барысында кейіпкерлер өз ішкі жан дүниелерін ашып, жүректі тебірентер жеке оқиғаларымен бөліседі.

Қойылым көрерменді терең пайымға, өзіндік рөлін айқындауға, өмірдің мәнін іздеуге шақырады. Режиссер Фархад Молдағали, аудармашы Әлішер Рахат, композитор Фати Бесолти, медиа суретші Дмитрий Соболев, костюм суретшісі Алма Сырбаева болса, актерлік құрам – кілең үздіктер. Атап айтсақ, Азамат Сатыбалды, Ерлан Біләл, Самал Еслямова, Зарина Кармен, Нұрғиса Қуанышбайұлы, Еркебұлан Дайыров, Ақбота Рахат.
Қойылым 2023 жылы Халықаралық Театр Сыншылары бірлестігінің «Сыншылар жүлдесі – 2023» марапатына ие болып, «Жыл жобасы» деп танылды. Бұл – қазақ театры үшін үлкен жетістік.

Қазіргі уақытта театр көрерменге тек әдемі сахналық көріністерді ғана емес, шындықты, боямасыз өмірді ұсынуға ұмтылады. «Şam» театрының спектакльдері де осы ұстанымды алға қояды. Бұл театр – бір бағытқа тәуелді емес. Ол ізденісте, өзгерісте, дамуда. Оның әр қойылымы – жаңа толғаныс, тың көзқарас. Ал, ендеше қойылымды бірге тамашалайық.

27 ақпан күні Шымкент қаласында «Şam» театрының – «Conference» спектаклі Tulip hall залында өтеді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар