«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не «Veolia» ірі француз компаниясының өкілі келді. Бұл кәсіпорын – Еуропадағы сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау қызметтерінің ірі операторы. Энергетикамен және қалдықтарды кәдеге жаратумен айналысады, басқа да жоғары технологиялық бағыттарда жұмыс істейді.
Компания әлемнің 55 елімен тығыз байланыс орнатқан. Оның ішінде Өзбекстан да бар. Өзбекстанның астанасын жылумен қамтамасыз етуге жауапты. Жалпы алғанда, «Veolia» кәсіпорындары 200 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, оның қаржылық айналымы 70 миллиард доллардан асады.
Шахин Бутулиа – Орталық Азия елдерінде «Veolia» компаниясын дамыту жөніндегі директоры. Ол «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің өндірістік және қаржылық жетістіктеріне үлкен қызығушылық танытып, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне, өндірістік процестерді автоматтандыру мен цифрландыруға жауапты кәсіпорын мамандарымен тікелей әңгіме құрды. Ол бұған дейін де Шымкент кәсіпорнының жетістіктері туралы естіген екен.
«Соңғы 3-4 жылда мен Қазақстан Республикасына бірнеше рет келгенмін. Маған Шымкенттегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелері операторының қызметімен танысуды бірнеше рет ұсынған. Бұл мекеменің көрсеткіш индикаторлары бар болғандықтан біз келіп, бәрін өз көзімізбен көруге бел будық», — дейді ол.
Француз компаниясының өкілі Шымкенттің кәріз-тазарту құрылыстары кешеніндегі өндірістік процестермен таныстырылды. Енгізілген биотехнологиялар, озық жабдықтар мен биогазды орнату арқылы электр энергиясын үнемдеу туралы егжей-тегжейлі айтылды. Сапардан алған әсерін былай жеткізді:
«Мен керемет дүниеге куә болдым! Бұл Еуропадағы көрсеткіштерден кем емес. Бұл мекеменің болашақтағы мүмкіндігі жақсарғанын көріп отырмыз. Бұл жердің ұжымы өте жақсы және нәтижелері де тамаша».
Қазақстанда энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба басталды. Сондықтан, коммуналдық қызметтер саласындағы ірі әлемдік операторлардың біздің елімізге деген қызығушылығы түсінікті. Бутулия мырзаның Шымкентке сапарынан кейін «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і мен «Veolia» компаниясы арасындағы ынтымақтастыққа бастама берілуі мүмкін.