Бірқатар шет елдерде қауіпті жұқпалы ауруларды, атап айтқанда Денге безгегін жұқтыру қаупі бар екенін ескерген жөн. Кейінгі 10-15 жылда әртүрлі аймақтарда бұл инфекциямен сырқаттанғандар саны өскені байқалады.
Денге безгегі Оңтүстік-Шығыс Азияда (Тайланд, Индонезия, Қытай, Малайзия, Жапония, Вьетнам, Мьянма, Сингапур, Филиппин), Үндістанда, Африкада (Мозанбик, Судан, Египет), Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Американың тропикалық және субтропикалық белдеуінде (Мексика, Гондурас, Коста-Рика, Пуэрто-Рико, Панама, Бразилия және т.б.), Египетте, Суданда, Ливанда, Грецияда, Сауд Арабиясында, Испанияның оңтүстігінде, Кипрде жиі кездеседі.
Денге безгегі – жедел жұқпалы ауру. ДДСҰ мәліметтері бойынша әлемде жыл сайын 50 миллионнан астам адам Денге безгегімен ауырады, 20 мыңға жуық адам қайтыс болады.
Аурудың қоздырғышы – вирус. Ол жәндіктердің шағуы арқылы, яғни векторлық жолмен беріледі. Векторлар – масалар. Инфекция тасымалдаушы (масалар) болмаса, ауру адамнан адамға жұғпайды.
Денге безгегіне бейімділік жалпыға ортақ, эпидемиялық ошақтарда негізінен балалар мен саяхатшылар ауырады. Мәселен, Тайландта 5 жыл ішінде 10367 ересек адамның арасында 25 адам ауырған, ал қалғандары 14 жасқа дейінгі балалар.
Инфекциядан бастап аурудың клиникалық белгілері 3-14 күн аралығында пайда болады, көбінесе 5-7 күндері байқалады. Науқаста аурудың кенеттен басталуы, дене қызуы 40-41 С дейін көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттер мен буындардағы ауырсынуы басталып, температура 40-41 с дейін көтеріледі. Фотофобия, аяқ-қолдардың экстензорлы бетінде, әсіресе шынтақ пен тізе буындарында, кеуде терісінде, іште дақ-папулярлы немесе ұсақ нүктелі бөртпе шығады. Геморрагиялық формада (әдетте қайталама инфекциямен) іштің ауыруы, жүрек айнуы, қан аралас құсу, мұрыннан қан кетуі де мүмкін.
Алайда оның арнайы емі мен вакцинасы жоқ. Аурудың алдын алу мақсатында тропикалық климаты бар елдерге барған кезде:
— репелленттердің қоры болуы керек (жәндіктердің шағуынан қорғайтын құралдар-спрейлер, кремдер, масалардан қорғайтын гельдер);
— батпақты жерлерге экскурсиядан аулақ болыңыз;
— теріні мүмкіндігінше жабатын киім киіңіз;
-терезелер мен есіктерді арнайы тормен жабыңыз.
Сапардан оралған кезде аурудың белгілері пайда болса, дәрігерге уақтылы барып, барған елдер мен болу мерзімі туралы ақпарат беру қажет.
Ш. ОСПАНОВА, Г.АЛИЕВ,
Көліктегі санитариялық- эпидемиологиялық бақылау
департаментінің Астана қ. санитариялық-карантиндік
бақылау бөлімінің Шымкент қ. СКБ мамандары